Мақсаты: Балаларды дәстүрден тыс бейнелеу әдісі арқылы (саусақпен сурет салу) аққаланың суретін салуға және қыс мезгілінің ғажайып сәттерін байқай білуге үйрету. Саусақтың ұсақ бұлшық еттерінің қимыл қозғалыстарын жетілдіру, тілдерін дамыту, табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Әдіс тәсілдері: Әңгімелесу, түсіндіру, сұрақ жауап, ғажайып сәт, ойын, сергіту сәті.
Көрнекілігі: қыс мезгілінің ерекшеліктерінің суреттері, аққаланың бөлшектері, ойынға қажетті заттар.
Сөздік жұмыс: қыс, қар, аққала
Шаттық шеңбері: (әуен ойнап тұрады)
Мейірімділік жүрекпен,
Ақ пейілді тілекпен,
Амандасып алайық.
Бір жадырап қалайық,
Келіп қалған қонақтарды.
Сүйіп, сүйіп, алайық.
Тәрбиеші: Балалар мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп тұр.
Шанамен зырғып желетін.
Коньки, шаңғы тебетін,
Аққала жасап ойнайтын.
Қай мезгіл деп ойлайсыңдар балалар!!!
Балалар: Қыс мезгілі.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар, қыс мегілінің белгілерін білеміз бе?
Балалар: Қар жауады, аяз болып, боран соғады т,б.
Тәрбиеші: Олай болса, боран соққанын қимылмен көрсетейікші?
(Балалар қолдарын жоғары көтеріп, гулілдейді)
Тәрбиеші: Қатты аяз болып тоңғанда не істейміз?
(қолдарын қусырып, аяқтарын топырлатады)
Тәрбиеші: Ал, күн шыққанда не істейміз?
(алақай, деп қолдарын көтереді)
Тәрбиеші: Балалар кім қыс туралы тақпақ айтып береді.
Дариға:
Далада қар борайды.
Ақ мамыққа орайды,
Мұз болады қатады
Жып жылтыр боп жатады.
Б. Айзере:
Жапалақтап ала қар,
Жауды күнде қайталап.
Қырға шықты балалар,
Шаңғыларын арқалап.
Дидактикалық ойын: «Қыс мезгілінің ерекшеліктерін тап»
Ойын шарты: Үстел үстіне төрт жыл мезгілінің ерекшеліктерінің суреттері. Балалар қыс мезгілінің суретін тауып тақтаға ілу қажет.
Экраннан аққала туралы мультфилім үзіндісін көрсету.
Тәрбиеші:
-Аққала неше бөліктен түрады?
-Сендер аққаланы неден жасайсыңдар?
-Оның бөліктерінің пішіні қандай?
-Аққаланың түсі қандай?
Ғажайып сәт: (Сықырлап жүрген аяқ дыбысы естіледі) Аққала кіреді.
Балалар, тыңдайықшы бір дыбыс естілген сияқты . Сол кезде топқа аққала кіріп келеді.
Ой, аққала сен қайдан жүрсің?
Аққала: Сәлеметсіңдер ме балалар! Мен даладан келе жатырмын. Балалар мені қардан жасап шығарды. Сондықтан мен ойнағанды жақсы көремін, сонымен қатар менің балаларға әкелген тапсырмаларым бар?
Тәрбиеші: Жақсы аққала балаларға әкелген тапсырмаларыңды көрейік.
Жұмбақ жасыру.
Қыста ғана болады,
Ұстасаң қолың тоңады. (Қар)
Қыста айна,
Көктемде су. (Мұз)
Шелек қалпақ басында .
Сәбіз екен танауы,
Қыста қардан туатын
Тауып көрші, сен оны (Аққала)
Аққала: Жарайсыңдар балалар!
Дидактикалық ойын: «Аққала құрастыру»
Шарты: Үстел — үстінде аққаланың бөлшектерінен тез құрастыру.
Тәрбиеші: Балалар келіңдер, аққаламыз да, өзімізде шаршап қалған болармыз. Бойымызды бір сергітіп алайық.
Сергіту сәті (әуенмен)
Қандай суық қыс деген.
Қалтырайды құс деген,
Құлақшынды кимесең,
Құлағыңды тістеген.
Қыс дегенің ақ қарма,
Үлбіреген мақтама.
Тыным таппай күн ұзақ,
Тұрғызамыз аққала.
Тәрбиеші: Балалар келіңдер, аққаланы жалғыз өзін орманға жібермей, оған достар тауып бейнесін салып берейік, аққаланың көңілін көтерейік. Біздің қаншалықты шебер екенімізді көрсін.
Балалардың алдында дайын аққаланың бейнесі бар сурет таратылады. Саусақпен сурет салып, бейненің ішін толтырады.
Тәрбиеші: Аққала туралы тақпағымызы айтып берейік.
Дәрмен:
Балалар шықты далаға,
Ойнап, күліп жүр енді.
Шаналармен озады,
Аққаланы соғады.
Айзере:
Ауыл алды ақшақар,
Ақша қарда балалар.
Бір топ бала сырғанап,
Соғып жатыр аққала.
Аққала:
-Ой балалар жарайсыңдар, сендер менің бейнемді жасап шықтыңдар мен бір қуанып қалдым сендерге көп – көп рахмет.
Менің көңілімді көтергендерің үшін, сендерге өзімнің мұз кәмпиттерімді алып келдім. Мұз кәмпиттерімді апайларыңа беріп кетем. Олай болса балалар, сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыз!
Тәрбиеші: Балалар, міне осымен оқу қызметіміз аяқталды. Сендерге көп рахмет.
Молдахметова Фариза Нұрланқызы,
Алматы қаласы
МКҚК «№74 балабақша» тәрбиешісі