«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-да өтіп жатқан «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбындағы Республикалық курс аясында «Түрлі пәндерді тереңдеп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат» базасында «Рухани-адамгершілік тәрбие — білім негізі» тақырыбында көшпелі әдістемелік семинар өтті.
Семинарды мектеп директоры Ырысты Нұрбасинова мен тренеріміз Рысгүл Нұрова ашып, әдістемелік шараның мақсатымен таныстырды. Мектеп-интернаттың өзін-өзі тану пәні мұғалімі Шолпан Тоқсанова «Қазіргі әлемдегі рухани адамгершілік білім берудің басымдығы» тақырыбында семинар сабақ жүргізді. Бұл сабақта мұғалімдер үш топқа бөлініп, сабақ барысында барлық тапсырмаларды шығармашылықпен орындап, белсенділік танытты және дағдарыстардың түрлерін терең аша білді. Шолпан Кармысқызы өзін ізгілікті педагог стилінде ұстады.
Келесі сабақ өзін-өзі тану пәнін биология пәнімен интеграциялау сабағымен жалғасты. Мұнайлы ауданы №1 орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, жас маман Перизат Қалмұрат 6А сыныбына «Вирустар дүниесі» тақырыбында сабақ өтті. Перизат жас маман болғанына қарамастан өзін-өзі жақсы ұстады, оқушылармен тез тіл табысып кетті, ең бастысы вирустар тақырыбына интеграцияны оқушыға түсінікті тілде жеткізе білді.
Аталған семинар барысында барлық сабақтар жоспарға сәйкес жүргізілді. Мен 7А сыныбына «Адам және адамзат» тақырыбында десант сабақ өткіздім. Оқушылар сабаққа белсенді қатысты. Әсіресе шығармашылық тапсырмаларды орындағанда оқушылардың бойындағы таланты мен білімі ұштасып, жан-жақты қырлары көрініс тапты. Сабақтың соңғы сәтінде оқушылар ізгі тілектерін айтып, көтеріңкі көңіл-күйде тарады.
Семинарды ұйымдастырушы тренеріміз Рысгүл Жұмажанқызына және семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп-интернат ұжымына, бізді мектеппен таныстырып, сабағымыздың жақсы өтуіне жағдай жасаған мектеп-интернат мұғалімі Тоқсанова Шолпан апайға алғысым шексіз. Барша мұғалімдер семинардан өзіне керекті іс-тәжірбие жинақтап, жақсы әсерде тарады.
Ұлжан ДҮЙСЕНОВА,
№12 орта мектептің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі,
Мұнайлы ауданы