Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне көшпелі көрме келді. Шаһарымыздағы Абайдың әдеби –мемориалдық қорық мұражайы қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған шара қазақтың бас ақынына арналған. Білім ордамыздың дәлізіне қойылған көрмеден Хәкім Абайдың өнегелі өмірімен жақынырақ танысуға болады.
— «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», — деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, адамзаттың Абайы атанған ғұламаның ғұмыры кейінгі буынға үлгі-өнеге. Оқушыларымыздың білім көжиегі мен дүниетанымын кеңейту мақсатын көздеген көшпелі көрменің өтуі мұражай қызметкерлерімен бірлесе жасалған жұмыстың нәтижесі. Көрмеде мектеп бағдарламасына енгізілмеген ақынға қатысты деректер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқушылар назарына ұсынылып отыр,-дейді мектеп кураторы Динара Фольмер.
Ел Тәуелсіздігі күніне орайластырылған шараға мектебіміздің 7-8 сынып оқушылары тартылды. Шәкірттерімізге ақынның шыққан, өскен ортасы, айналасындағы адамдар, білім алуы, ақындығы, сазгерлігі, аудармашылығы жайлы Еркежан Махметова, Назерке Асхатова есімді мұражайдың ғылыми қызметкерлері қажетті мағлұмат берді. Сонымен қатар, балалар көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап берді. Ғылыми қызметкерлер сөзіне қарағанда, көрмеге қорық мұражайдағы Абайға тікелей қатысты деген деректер іріктеліп әкелінген екен. Мұражайда ақынға арналған 16 залдың бар екенін ескерсек, бұл шағын көрменің өзі мол рухани азық сыйлайды.
Тәрбиелік мәні зор істі алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.