Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.
Н. Назарбаев
Елбасым, елімнің сен алдысың
Болашаққа бағдар алды бар құсың.
Рухани жаңғыру деп жандырған,
Елбасыма шексіз менің алғысым,- деп басталған жыр моншақтары
Алатаудың баурайынан аққан ерке, сылқым суындай, жыр тұнған жүрегімізден жарыла түскендей болды. Алматы – бұл кең даладағы жай ғана өңір емес, ерік-жігеріңнің нышаны, бал татыған мәдениет пен өнердің уызына тояттайтын мекен екені рас-ақ. Мен Алматы қаласын тіпті кітаптан оқысам да, алып денелі қарт Алатау, сұлу табиғат, берісі тау жоталарында қос етекті ару секілді көрінетін көк майсалы алқабы елестейді де тұрады. Қалаға кіре кетсең күнделікті күйбең тіршілік, анда-мында зымыраған көліктер, күннің көзі табиғатты аймалап қояр емес, баласын емірене еркелеткен ана, сезімін жүрегіне бағындырған жастар, немересін жетектеген қариялар, күміс күлкісі, балбыраған бал-тілді балалар, келіншек күймесіне айырбастайтындай зәулім-зәулім ғимараттар, қысқасы тыныштық әлем сені тамсандырмай, таңдай қақтырмай қоймайды. Соның бірі кешегі саяхат арқылы санамызды торлаған сан қилы сауалдарға жауап ала отырып, тарих тұңғиығына еніп кеткендей болып, өткенге тағылым, өркениетке өнеге болуының куәсіне айналғандаймыз.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан Республикасының алғашқы Президенті Н. Назарбаев атындағы қордың ұйымдастыруымен «Туған жер» бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылған туристік сапар жайлы бір үзік сырымды бөліскім келеді.
Әсіресе, жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады емес пе? Қазақтың даласы бойына бар жақұтты жинап, заманын толғатып, бар құбылысын жақсылыққа теліп, рухын бекем ұстанған өлке. Қалада бой көтерген Орталық Мемлекеттік мұражайына кіргеннен кейін ойымда сан қилы өрнек кестеленді. Осыған орай, ұлттық руханиятымыздың қалыптасып дамуына зор ықпалын тигізген, қазақ тарихын биік шыңға көтеріп, соңында өшпес із қалдырған құндылықтар тек музей құндылығы ғана емес, бүкіл қазақ халқының мәдениетінде, болашаққа бағдарында алатын орны ерекше екені мәлім.
Оның жинақтамаларында «Неплюев әскери училищесінің жанында “Орынбор өңірінің мұражайы” ұйымдастырылған Орынборда ХIХ ғасырдың 30-шы жылдарында пайда бола бастаған. Келесі жылдары Жетісу облысының казак әскері және Республикалық дінге қарсы әскері мұражайларының топтамалары мұражай қорына енгізілді. 1931 жылы мұражай Алматы қаласындағы бұрынғы Кафедралы соборында алғаш рет есігін ашты. Ол қаламыздың қазіргі сәулетінің ең жақсыларының бірі болып табылады» деп шимайлап жазылған белгіге көзім түсті. Оның үш қабатында көрме галлереялары мен 4 экспозициялық залы орналасқан. Оның қорында және экспозициялық топтамасында мыңға жуық экспонаттар сақталған екен. Әрқайсысы керемет жұмбақты бойына жиғандай көрінеді екен. Мұражай мамандарынан сұрай қалсаң қатпарланған тарихты айтып береді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің монументі Алматы қаласының орталық алаңында орналасып, сұлулықты одан да әрлендіріпті. Кенет 1986 жылғы қазақ қыздарының мұңлы зары мен жастардың ұранды дауыстары ойымды кернеп алды. «Тәуелсіздік!…. Атың неткен керемет еді!» Желтоқсан көшесіндегі Тәуелсіздік монументінің жанында терең ойға еніп кеттім. Сонау азаттықты аңсаған алашшыл азаматтарымыздың ерлік істері есіме түсіп, ескерткіштеріне қарап әрі қуаныштың әрі сан сұрақтың әсерінен еріксіз көзіме жас келді. Ол сұрақ: «Азаттық жолында мерт болған ерлеріміздің алып берген тәуелсіздігін бағалап жүрміз бе? Тәуелсіздікті сезініп, ту етіп жүрсек те, тәуелсіздікті алып берген ер жүрек бабаларымызды ұмытып бара жатқанымыз ащы шындық».
Тәуелсіздіктің осы сәулет-мүсіндік композициясы Бәйтерекпен қатар (Астана) қазіргі Қазақстанның символы болып табылады. Бірақ бұл монументте тоз-тоз болған тағдыр мен көңілдегі зар көрініп тұрады екен. Баянды болсын! – дедім жай ғана сыбырлап. Тәуелсіздік монументі 1996 жылы 16 желтоқсанда ашылғаны тақтайшадан жарқырап көрініп тұр.
Осы күйді бастан кешіп, Панфиловшылардың саябағындағы жеңістің лаулаған мәңгілік оты жүректегі ұшқынды одан әрі үрлеп жандыра түсті. 28 гвардиялық-Панфиловшылар атындағы саябақ қаланың қақ жүрегінде орналасқан. Саябақ Даңқ мемориалымен, Жадтар саябағымен және Мәңгі алауымен танымал. Ұлы ерлiк және даңқтың мемориалы, кеңес халқы жеңiсiне 30 жыл толу мерейі қарсаңына, 1975 жылдың 8 мамырында, ҰОС-да Отанымыздың тәуелсіздігін, бостандығын, абыройын қорғағандарға арнап құрылған. Мемориал бiр-бiрін толықтыратын үш композициялардан тұрады. Бірінші бөлігі – ант горельефі – Қазақстанда Кеңес өкiметiн орнатуға күшін салған балғын күрескерлерге арналған. Триптихтың орталық бөлігі – «Ерлік» — 1941 жылдың қараша айында Мәскеу маңында Кеңес халқының батырлық ерлігінің интернационалды мінезін сипаттайтын орыс, қазақ, украин панфиловшылар-қаһармандарының мүсінін көрсетеді. Үшінші бөлігі – мемориалға оптимистік келбет беретін «Даңқтың дауылпаздар» композициясы, ол салтанатты өмірдің мүсінін бейнелейді. Жад саябауын бойлай 1941 жылдың қысында, Мәскеу қаласы үшін неміс танкттерімен теңсіз күрескен 316 атқыш девизиясы 1075 полкінің 28 жауынгерлердің аттары кескінделген ескерткіштер орнатылғанын тарихшы мамандар керемет деректермен келтірді.
Елбасының еліне барғандағы елеулі оқиғалар есімнен ешқашан алыстай алмастай. Ондағы бұрын соңды көрмеген тың деректер санаға орнығуға лайық ақиқат айнасындай. Маған Үшқоңыр өңіріндегі алақандай Шамалған ауылы бейне бір әлем секілді көрінді. Үшқоңыр ауылы шағын болса да, талай-талай тарихи оқиғаларды басынан кешкені жайлы Қарасай батыр мектебіндегі мұғалімдер айтып берді. Елбасы туып өскен жердің топырағында ойнап өскен мақтаныш емес пе?! «Бұл өңірдің әр тасы тиіп кетсең тарих» — дейді Қарасай батыр атындағы орта мектепте 61 жылдық еңбек өтілі бар апамыз Байғонысова Рымкеш Шайкенқызы. Көп мағлұматты айтып берді, елбасымен мақтанатынын, мадақталатынын жасырмады данагөй апамыз. Жарқын даусымен, жүйелі пікірімен, түйінді ойымен, білімімен, батагөй даналығымен елбасы туралы мәліметті айтып отырды. Тұңғыш елбасы мұражайы да жаңа технологиямен жабдықталып, заманауи әрленіпті. Тікелей онлайн жүйеде Елбасымыз Н. Назарбаевпен тілдесетін де құрылғылар орнатыпты. Керемет екен!
«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» — деген Елбасының сөзімен ойымды қорытындылағым келеді.
Елдік пен ерлік егіз іспеттес, ажыратуға болмайды. Елдігімізді таныту руханияттың еншісіне берілсе, ерлігімізді көрсету ата-баба жолымен өлшенеді. Одан түйетініміз мәдениет пен өнерімізді, тарихымызды таразылап, болашаққа бағдарлап, рухани дамып, жаңғыру керек екенін жастарға сезіндіру керек.
Қалымбетова Ғазиза Исабековна,
ҚБББ-нің әдіскері,
Кентау қаласы