Home » Айтарым бар » КӨШБАСШЫЛАР ҚҰПИЯСЫ

КӨШБАСШЫЛАР ҚҰПИЯСЫ

%d1%96%d1%88%d1%96%d0%bd%d0%b5«Alibaba Group» деп аталатын интернет дүкенімен ірі табысқа жеткен, атақты миллиардер, кәсіпкер Джек Ма таңғы алтыда тіршілігін бастайды. Әлемге әйгілі «Apple» компаниясының бас директоры Тим Кук таңғы сағат 5-те спортзалдан табылады. Ойлаңызшы, ол нешеде тұрады. 20 жасында өзінің «Facebook» әлеуметтік желісінің негізін қалаған, бүгінде дүниежүзіне белгілі Марк Цукерберг таңертең сағат 6-да офиске қарай тартады екен.

Бұл мәліметті берудегі мақсатым мынау еді: біз – ересектер үнемі «Баланы тәрбиелеуіміз тиіс» деп жанталасып жүреміз, шын мәнінде өзімізді тәрбиелеудің анағұрлым нәтижелі болатынын мойындай бермейміз. Өйткені, бала айтқанды емес, істегенді істейді. Меніңше, біз болашағымыздың жарқын болғанын шынымен қалап қана қоймай, соған іс жүзінде кірісетін болсақ, маңайында балалар жүрген әрбіріміз солардың ертеңіне жауапты екенімізді сезінуіміз керек секілді.

Жоғарыда келтірген мәліметті тағы бір шолып шығыңызшы. Әлемдік көшбасшылардың басты құпиясы, негізгі назарда ұстайтыны, бүкіл ісінің бастауы – бар болғаны ерте тұруында екен. Иә, кейбіріміз түс көріп жататын таңғы 7-де олар талай тірлікті тындырып тастайды. Сонымен, алдыңыздағы қамқорлық танытып жүрген кішкентай іні-сіңілілеріңіздің, ата-ана болсаңыз, бауыр еті балаңыздың болашақта білікті болғанын, дүниежүзілік деңгейдегі дарабоз боп дараланғанын қалайсыз ғой. Онда бір нәрсені есіңізге салайын: егер бала түске дейін ұйықтаса, ендеше үйде бір ересек солай ұйықтайды деген сөз. Демек, істі өзімізден бастауымыз керек.

Сіз онсыз да күн шықпай оянасыз ба, онда керемет, сіз а йналаңыздағы балаларға үлгісіз. Ал, егер ерте тұру сіз үшін проблема ма, олай болса, канадалық жазушы, көшбасшы және жеке тұлғаның даму жөнінде кеңес беру жағынан жетік маман, психолог Робин Шарманың кеңесін ұсынамын. Осы кеңесін ағылшыннан аударған Айбек Өжікенге алғыс айтамыз.

Ерте тұрудың құпиялары

Сағат бесте тұру дегеніміз өз-өзімізге сый жасау деген сөз. Ерте тұрған адам өзінің танымын дамытуға уақыт табады. Миыңыз сергек болады. Өзіңіздің шынайы мақсатыңыздың не екенін түсінесіз.

Бастысы. Кешкі сағат сегізден кейін мүлде тамақ ішпеңіз. Көптеген адамдардың ұйқысы қанбай жүретін себебі тамақты тым көп және тым кеш ішеді. Ағзадағы энергияны ең көп қажет ететіні – асқазан. Ал асқорыту процесі күні бойы тоқтамайды. Бар күшіңіз соған кеткендіктен дұрыс ұйықтай алмайсыз. Тоқетері, ұйқының ұзақтығы маңызды емес, сапасы маңызды.

Шынығу. Жаттығу – ешбір дәрі-дәрмек алмастыра алмайтын табиғи ем.

Оятқышты алдау. Сағатты 45 минут алға жылжытыңыз. Оятқышты таңертең 5:15 қойыңыз, ал сіз шын мәнінде 4:30 оянасыз. Иә, бір ақымақтық секілді қабылдап отырған

да шығарсыз, мен сізді түсінемін. Бірақ дәл осы тәсіл сіздің психологияңызға сөзсіз әсер етеді. (Видеоның толық нұсқасын көргіңіз келсе, мына сілтемеде: https://www.youtube.com/watch?v=9jutReUvvuk.)

Осы үш кезеңмен, өзіңізді ерте тұруға үйретіп алдыңыз делік, келесі кезең – балада. Кей үйлерде баланы мектепке ояту, балабақшаға алып бару кәдімгідей «милодрамма араласқан боевик». Екінің бірі «Мына баланы ерте тұрғызу үшін не істеймін?» деп жүр, ерте тұруы үшін ерте жату керек, мұны бәрі біледі. Негізі, сұрақты «Мына баланы ерте ұйықтату үшін не істеймін?» деп қою қажет сияқты. Ал, сұраққа мамандардың кеңесінен сарапталған жауап:

1. Тәртіп. Күнде бір уақытта ұйықтауға үйрету. Әлемді мойындатқан адамдардың дерлігінде күн кестесі болған. Алыстан арбаламай-ақ, батыр Баукеңнің сөзін алайық, ол: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – демеп пе еді. Осыған дағдыланған бала психологиясы өз уақыты болғанда автоматты түрде ұйқыны қалайтын болады.

2. Күш-қуат. Энергиясы жұмсалмай, ішінде сақталған бала ұйықтауға асықпайды. Бәріміз де шаршап ұйықтасақ, тынығып тұрамыз емес пе? Сондықтан баланы энергиясын шығаратын спортқа берген жақсы. «Бәрі ақша, қалтам көтермейді немесе ауылда ондай қосымша атымен жоқ» дейтін уәжіңіз болса, бір шешім: жұмсаңыз баланы, аямай жұмсаңыз. Әрине, 5 жастан асқан баланы. Ал мектеп жасына жетпеген баланы жай ғана ойнауға жібергеніңіз жақсы.

3. Су. Баланы кешке жуындыру ұйқысын келтіреді екен. Сондықтан мамандар баланы мейлінше қанжылым суға шомылдырып барып, жылы төсекке жатқызуға кеңес береді.

4. Тыныштық. Ертегі оқыңыз, айтып беріңіз. «Соған кейде мүмкіндігім бола бермейді» десеңіз, қазір аудиоертегілер жетіп артылады, қойып қойыңыз. Классикалық әуен де әдемі әсер етеді, тыныштық сыйлайды.

5. Жылылық. Қайырлы күн тілеңіз. Ол «Ертең ерте тұруың керек!» деген нұқау емес, «Бүгін көп нәрсе істедің, дұрыстап демал! Жақсылап ұйықта!» деген сөз болуы керек. Сөздің өзі – психология. Бала ертеңгі күнін уайымдап емес, бүгінгі күніне риза болып ұйықтауы қажет. Бұл баланы ұйықтауға әжептәуір дайындайды.

Ал егер де қанша ұйықтағанымен, баланың ұйқысы әрдайым қанбай жүрсе, онда ойланатын жағдай. Себебі дені сау, дұрыс тамақтанатын, салауатты өмір салтын ұстанатын, шыныққан адамның тәні көп ұйқыны қажет етпейді. Бұл – психотерапевт мамандардың сөзі.

Көшбасшы тәрбиелегіңіз келе ме, алдымен өзіңіз ертең тұрыңыз және өз еркімен ерте тұруға әдеттенген баланың ата-анасы, қамқоршысы(үйдегі өзге ересектер) болыңыз. Ол сіздің әр ісіңізден өзін көреді. Себебі, отбасындағы әр ересек, ең бастысы ата-ана – баланың айнасы.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.