Соңғы уақыттары оқушылар арасында көркем шығарма оқуға деген қызығушылық төмендеп тұр. Ұзақ сонар романдар оқылудан қалды. Мектеп бағдарламасына кірген шығармалардың өзі мүмкін оқылатын шығар, бірақ жан-жақты талданады деп айту қиын. Кешеге дейін қазақ әдебиеті сабақтарында оқушылар өлеңдердің көпшілігін жатқа айтумен, прозалық шығармаларды мазмұндаумен ғана шектеліп келді. Өзі жатқа айтып тұрған өлеңнің астарында не барын, тіпті кейбір сөздердің мағынасын өзі түсінбейді. Романдар туралы да солай айтуға болады. Бұған көз жұмып қарауға болмайтыны белгілі. Жалпы көркемөнерге деген сүйіспеншіліктің грек цивилизациясынан ондаған ғасыр бұрын, Ніл, Хуанхэ, Ганг, Евфрат өзендері жағалауын мекендеген көне халықтардың рухани өмірінен пайда болғанын әдебиетшілер қауымы жақсы біледі. Сол уақыттан бері адамзат баласының әріп танығаны оқып, әріп танымағаны тыңдап, көркем шығармамен сусындап, тұщынып келеді. Одан қол үзсек тереңге тартқан тарихымыздан, ата-баба дәстүрінен парасат-пайым, таным-түсінік сияқты тереңдіктен ажырап қалуымыз мүмкін. Адамның мінезінің, талғамының, дүниеге көзқарасы мен ұстанымының қалыптасуында әдебиеттің рөлі зор. Академик Зейнолла Қабдолов: «Әдебиет адамдарға өмірді танытып қана қоймайды, олардың сол өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез құлқына ықпал етеді, күллі тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді», — дейді. Яғни өсіп келе жатқан ұрпақтың жан дүниесіне жоғарыда айтқан рухани байлықты мектеп партасында сіңіріп жібермесек, кешігіп қалатынымыз сөзсіз.
Бүгінгі таңда баланың шығарманы жатқа немесе мазмұнын айтуы – білу, түсіну деңгейі ғана… Бұл екеуі ойлау деңгейінің ең төменгі сатылары. Мұғалім баланы қолдану, талдау, жинақтау, бағалау деңгейіне жеткізуі тиіс. Осыған орай шығарма қалай талдану керек деген мәселеге аз-кем тоқталып өтсек… Айталық, 5 сынып бойынша қазақ әдебиеті пәнінен 11 шығарма қамтылған. Бірінші тақырып «Керқұла атты Кендебай» ертегісі. Мұғалімдер күнтізбелік-тақырыптық жоспарда 5 сағат берген. Бұл жерде түсіну жауап беру бойынша, Т/Ж1.Әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау, Т/Ж2. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау, Т/Ж3.Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу, Т/Ж4. Көркем шығармалардан шағын көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту; Анализ интерпретация бойынша А/И1.Әдеби шығармадағы екі нәрсені салыстыра суреттеулер мен қарама-қарсы суреттеулерді табу. А/И4. Көркем шығармадан алған әсерін сипаттап авторға хат, өлең жазу, бағалау салыстыру бойынша Б/С2. Кейіпкерлерді шынайы өмірмен салыстырып бағалау, Б/С1. Шығармадағы эпизодтар арқылы тарихи құндылығын бағалау деген оқу мақсаттары қамтылады. Демек, 5 сабақта оқушының осындай дағдыларын қалыптастыруымыз керек. Яғни, шығармамен танысқан бала оның жалпы мазмұнын түйіндеп айта алады. Осы дағды қалыптасатын болса, бала кез келген мәселеде ойын түйіндеп жеткізуге дағдыланады. Ары қарай оқиға желісін ажыратуға көңіл бөлеміз. «Балық қаңқасы» стратегиясын пайдаланып, үстіне оқиғаларды тізіп, астына дәйектерін жазып, шешімін шығаруға болады. «Оқиға тауы» арқылы шығарманы құрылысына талдатып, немесе «хикая картасына» сюжеттер желісінің суретін ретімен салдыруға, қолдауды көбірек қажет ететін оқушыларға шығарма желісіне салынған дайын суреттерді ретімен орналастыруға тапсырма берсек, оқушының іс-әрекеті жүйелі ұйымдастырылады. «Уақыт тізбегін» де осылай пайдалансақ артық емес. Азырақ қолдауды қажет ететін балалар шығарманың ұзын ырғасын «уақыт тізбегіне» түсірсе, орташа, көбірек қолдауды қажет ететін балалар мұғалім жазып келген оқиғаларды бірінен кейін екіншісін ретімен орналастырады. Бұл стратегиялардың барлығы жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған курстарда түсіндіріледі. Осы немесе одан да басқа стратегиялар арқылы баланың ертегіні оқығанын-оқымағанын тексеру қиын емес. Оқушы алғашқы сабақтардан-ақ, мәтінді оқымаса ары қарай жұмыс істей алмайтынын түсіну керек. Бала мәтінмен толық танысқан соң көркем шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтауға күш саламыз. Бұл 5 сынып оқушысына қиындық туғызуы мүмкін. Бірақ баланы соған дағдыландыру қажет. Академик Зейнолла Қабдолов «тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы, идея жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы», — деген анықтама береді. Мұғалім ұйымдастырған тапсырмадан бала жазушы айтып отырған мәселені анықтай алуы тиіс. «Керқұла атты Кендебайға» келетін болсақ, Кендебайдың өмірге келуі, тек ата-анасы ғана емес ел-жұртын асырауы, ауыл-аймағын жаудан қорғауы, жетім-жесірге қамқорлығы, жау қолында кеткен адамдарды құтқаруы, туындаған қиындықтың бәрін қара күшпен ғана емес, ақыл-ой таразысына салып шешуі сияқты т.б. мәселелер бар. Осының бәрін бала өзі тапса, «білекті бірді, білімді мыңды жығады, ер елі үшін туады, ұлық болсаң кішік бол» деген сияқты шешімге келеді. Сөйтіп автордың не айтқысы келгенін табады. Көркем шығармадағы кейіпкердің образын оның іс-әрекеті арқылы ашу да оңай шаруа емес. Баланы соған жетелеуіміз керек. «Кендебайдың адамгершілігі туралы айтылатын тұсын тап», «Қойшы бала мен Кендебайдың әңгімесінен не түсіндің», «Кендебайдың құлын күзетіндегі әрекеті» дегендей тапсырмалар арқылы кейіпкердің образын ашуға болады. Ары қарай шығармадан эпитет, теңеу, салыстыру, қарама-қарсы суреттеулерді тапқызып, баланың әдеби тілде сөйлеуін, жазуын қамтамасыз етуіміз керек. Осындай жұмыстардың бәрі біткеннен кейін сыныптағы балаларды алты-алтыдан бірнеше топқа бөліп, Бононың «Алты қалпағы» арқылы балаларға өз ойын айтқызса дұрыс болатын сияқты. Бұл кезде балалардың шығарманың мазмұны емес, шығарма туралы өз ойын айтуы ескерілсе… Шығарманы жан-жақты талдап болған балаға алған әсерін сипаттап авторға хат немесе өлең жаздыруға, немесе кейіпкерлерді шынайы өмірдегі адамдармен салыстырып, шығарманың тарихи құндылығына баға беретіндей жазба жұмыстарын ұйымдастырып, эссе жаздыруға болады. Бала бір тақырып көлемінде жоғарыда айтылған оқу мақсаттарын толық меңгерсе, келесі тақырыптармен жұмыс істеуде қиналмайды. Көркем шығармада қандай мәселе көтерілгенін, оны автордың неге көтергенін түсінетін болады. Өзіне керегін алып, кейіпкер бойындағы жағымсыз қылықтардан жиренеді. Алдағы уақытта қазақ әдебиеті сабақтарында осы мәселелерге назар аударуымыз керек. Егер бағдарламадағы оқу мақсаттарымен дұрыс жұмыс істейтін болсақ, тапсырмаларымызды соған лайықтап құрастырсақ баланың көркем әдебиетке деген қызығушылығы оянады. Сонда ғана рухани-адамгершілігі қалыптасқан, жан-дүниесі бай, қоғам игілігі үшін оң шешімдер қабылдай алатын ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы,
«Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қолдау» кафедрасының меңгерушісі
Филология ғылымдарының кандидаты
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы,
Алматы обылысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Алматы обылысы