Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады.
Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныптан тыс кезде ұйымдастырылады.
Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу негізгі орынды алады, әр сөздің айқын, түсінікті болуы тиіс.
1) Таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу, салыстыру.
2) Өздік оқу. Өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу.
3) Рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу – таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы.
6) Ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді.
7) Тізбектеп оқу. Оқушы оқыған шығарманы азат жолы бойынша талдайды.
Әдебиет сабағының негізі көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол – ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі.
8) Үзінді бөлшегі арқылы оқу. Оқиға желісіне талдау жүргізеді.
5-сыныптарда шығарманың мазмұн желісі бойынша сурет салу оқушы қиялының ұшталуына әсерін тигізеді.
Оқушыларға көркем шығарма оқыта отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасаймын.
Мен сабақ беріп жүрген (5-сыныпта) оқушылардың «Туған жерім» тақырыбында жазған эссе жұмысының ішінен мына оқушының жазба жұмысы ерекше екендігі бірден көзге түсті.
«Менің ойымша, адамның өмірінің өз бастауы бар. Біреулер салқын самал теңіз жағалауында, енді біреулер ыстық құмды алқапта, біреулер тоғайлы орман ішінде туылып, өмір кешеді.
Әлемде әлі ашылмаған, адамдар танып болмаған құпия сырлар көп екендігін бүлдіршін кезімнен аңғара бастадым. Мен сол шексіз әлемнің көрінер-көрінбес титтей ұнтағымын..» деп өз ойын осындай тебіреніспен, орлымды сөздермен жеткізген. Яғни бұл оқушының жазған жұмысынан көркем шығармаларды оқитындығын байқауға болады.
Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады. Көркем шығарма адамға өмірді танытады; таныта тұра, адамды тәрбиелейді, сол өмірге көзқарасын қалыптастырады.
Шолпанкулова Гулжамал Бекболатқызы
№177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы