Мектеп қабырғасындағы театр үйірмелерінің көмегі – баланың тілін дамытып, жаттықтырып, актерлік қабілетін ашудан бөлек, сахна мәдениетіне үйретеді. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «Dos» театр үйірмесі өнерге жаны құмар талай өреннің қанатын қатайтқан орта. Оқушылар үйірме жұмысына қатыса жүріп, тарихи – әлеуметтік маңызы бар түрлі сахналық қойлымдарды көрермендер назарына ұсынды. Тіптен әр деңгейлі додаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген кездер де аз емес. Мәселен, жуырда қаламызда өткен «Үркер» республикалық өнер –білім байқауында шәкіртіміз Аңсаған Серікқызы «Көркем сөз» бөлімі бойынша алтын жүлдеге ие болды.
— Байқау Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау және оның жасөспірімдер мен жастар арасында кең насихатталуын көздейді. Жасерекшеліктеріне сай «Құлыншақ», «Құлагер», «Арғымақ», «Тұлпар» топтарына біріктірілген үміткерлер эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, аспапта ойнау, би, қолөнер және бейнелеу өнері, сахна, көркем сөз аталымдарында бақтарын сынап, кімнің жүйрік екенін дәледеп бақты. Аңсаған сенімімізді ақтап, мектебіміздің намысын абыроймен асқақтата білді. Оның жүлделі болатынына сенімді болдым. Өйткені, оның үлкен сындарда бағын сынаудан тәжірибесі бар, -дейді «Dos» театр үйірмесінің жетекшісі Дастан Қасейінов.
Аңсаған қазір мектебімізде 9 сыныпта оқиды. Поэзияға жаны құмар жасөспірім Абай мен Шәкәрімнің 135 өлеңін жатқа біледі. Бірер жыл бұрын дәстүрлі Абай,Шәкәрім оқуларына қатысып, аудан көлемінде 1-ші, облыста 3-ші орынға ие болған.
-Өлең оқуды бала күнімнен жақсы көрем. Поэзияға деген сүйіспеншілік ұлы тұлғалардың шығармаларын қызыға оқуға, жаттауға жетеледі. Арасында шабыт келгенде өзімде өлең жазып қоятыным бар. Осы байқауға Мұхтар Шаханов атамыздың «Түсінісу теоремасы» өлеңін арнайы дайындап, сахнада сәтті оқып шықтым деп ойлаймын, -деп өнерлі оқушы өз ойымен бөлісті. Бойдағы талантымен әділқазыларды таңдандыра білген Аңсағанға алтын медаль мен мақтау қағазы, ал жетекшісі Дастан Советұлына «Үздік жетекші» марапат қағазы табысталды.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі