Тілден биік асқар жоқ,
Тілден асқан байлық жоқ,
Тілден терең теңіз жоқ.
Ғ. Мүсірепов
Тілді білу – оңай шаруа емес. Ешкім тумысынан қостілді болып тумайды. Бұл үрдіс қажеттіліктен туындайды. Қазіргі уақытта көп тілді білу – өмір қажеттілігі. Осы қажеттілік негізінде қостілділік (көптілділік) пайда болып қалыптасады және қоғамда ұлт саны қаншама көп болса, ол үшін қостілділік пен көптілділік соншама қажет.
Бірнеше тілді меңгеру арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік алады. ҚР «Білім туралы» Заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. Осыған орай, білім ұйымдарының үш тілде оқытуды қолға алудағы негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Елбасымыздың – Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан‖ атты Жолдауында – «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруды ұсына отырып: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»,-деген болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан–2050» стратегиясында еліміздің әлемдік интеграцияға кірігуі үшін көптілділікті дамыту міндеті қойылды.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында үш тілде білім беруді дамыту бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленді делінген болатын. Сонымен қатар үш тілде оқытудың бірыңғай тілдік стандартына сәйкес тілдік пәндер бойынша отандық оқулықтар мен ОӘК әзірленетін болады және жаратылыстану-математика циклінің төрт пәнін ағылшын тілінде оқытатын педагог кадрларға және үштілділікті енгізуге деген қажеттілік:
1) білім беру ұйымдарында оқытуға тарту тетігі арқылы «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің;
2) жоғары оқу орындарында және колледждерде мұғалімдерді мақсатты даярлау;
3) физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту әдістемесі бойынша мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру;
4) студенттер алмасу және волонтерлерді тарту бағдарламасы есебінен шешілетін болады делінген.
Қазіргі уақытта аталған нормативтік негіздемелерге сәйкес көптілділікті дамыту жөніндегі шаралар кешені қолға алынып отыр. Яғни, Білім жүйесін модернизациялау бойынша тапсырмалардың бірі – бұл балабақшадан бастап үш тілде оқыту. Жоғарыда қойылған міндеттерді орындай және қазіргі заманғы ата-аналардың тілегін есепке ала отырып, облыстың мектепке дейінгі мекемелерінің басты мақсаттары белгіленді: балаларда көптілділікті дамыту үшін тілдерді оқып үйрену процесін жетілдіретін ыңғайлы жағдайлар жасау, пәндік-кеңістік орта құру, орыс, қазақ және ағылшын тілі бойынша кабинеттерін жасақтау, дидактикалық материалдарды, оқу-көрнекі құралдарын, қазіргі заманға сай технологияларды жинақтау. Мектеп жасына дейінгі балалардың қостілділігі/көптілділігі ауызекі сөйлеу тілінің даму кезеңінде қалыптасады. Себебі бала отбасында бір тілде сөйлесе, балабақшада немесе аулада бірнеше тілдерді игеруі мүмкін. Мәселен, қазір өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілді балабақшаларға өз балаларын беру жағдайы көп кездеседі. Көп балабақшаларда қазақ, орыс және ағылшын тілі ерте жастан бастап оқыту қажеттілігі, бүлдіршіндердің қабілеттері мен тілдік ерекшеліктері ескеріле отырып, мектепке дейінгі ұйымдарда ағылшын тілін үйрету енгізіліп келеді. Сонда бала мектепке дейінгі жасында-ақ бірнеше тілді қатар үйрене бастайды. Ағылшын тіліне ерте жастан оқытудың тиімділігі тілді жақсы әрі еркін меңгеруге тигізер әсері мол. Ол баланың интеллектуалдық, тәрбиелік және рухани әлеуетін жақсартады. Ағылшын тіліне ерте жастан оқыту балалардың жалпы және тілдік дамуын реттейді, балаларды өзге ұлт мәдениетін білуге және құрметтеуге үйретеді. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, үлкен адамға қарағанда кішкентай бала шет тілін тез меңгереді. Ал өсе келе шет тілін үйренуге деген қабілеттілігі бәсеңдейді. Қазақстан Республикасында көптілді білімнің дамуына байланысты қазір қазақ-орыс-ағылшын тілді ортаны кеңейту қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесі заман сұранысына лайықты азаматтар тәрбиелеуді көздейді.
Дегенмен де көтеріліп отырған тіл мәселесіне орай, әркімнің өз пікірлері өзгеше. Бірі баланы ерте жастан оқытқан тиімді десе, енді бірі ағылшын ерте жастан бастау ұлттық тілімізге нұқсан келтіре ме деген күдігін алға тартуда. Келесі бірі шет тілін балабақшадан бастап оқытуға кейбір мектепке дейінгі ұйымдардың дайын еместігін айтуда. Қалай десек те, бүгінгі заманның ағымы көптілділікті қолдайды, жастарды болашаққа бүгінгі күннен бейімдеу үшін ағылшын тілін балабақшадан бастап меңгерту қажеттігін меңзейді. Демек, мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерімізді алда үш тілді де меңгеру сынағы күтіп тұр.
Бүгінгі күні көптілді білім беру тек балабақша мен жалпы білім беретін мектептерге ғана емес, жоғары оқу орындарына да белсенді енгізілуде. Осыған қарап үштілділік – заман талабы екендігін мойындамауға еш қақымыз жоқ. Көптілділік заман талабына айналып отырған кезеңде ана тілімізді ардақтай отырып, өзге тілдерді білгеніміз әлемдік мәдениетке, өркениетке, білім кеңістігіне еркін кірігіп, болашақта алдыңғы қатардағы бәсекелестікке қабілетті дамыған 30 елдің қатарына енуімізге, жаһандану үрдісінде өмірдің барлық жағынан бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіншілігімізді арттырады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда көптілді тұлға тәрбиелеу Қазақстан Республикасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы «Қатынас» білім беру саласының мақсатында: «ана тілінің базалық құндылықтарын меңгерген, мемлекеттік және басқа тілдерде мәдени-әлеуметтік өзара қатынасқа дайын, айналасындағы ортамен ауызша және ауызша емес құралдардың көмегімен қатынас жасауға қабілетті мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу» деп көрсетілген.
Жалпы кеңес және шетел лингвистерінің еңбектерінде тілдік қарым-қатынас мәселелері үш түрлі: лингвистикалық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан қарастырылады. А.Е. Карлинский тілдік қатынастарды зерттеудің әрбір әдісінің ерекшелігін былай анықтайды: «Тілдердің қарым-қатынасының әлеуметтік-лингвистикалық мәселелері қостілділіктің туындауы себептерін, ал психолингвистикалық факторлар – тілдік қарым-қатынастың механизмін ашса, лингвистикалық аспекті тілдік қатынастың нәтижелерін қарастырады. Алайда бұл нәтиже екі түрлі жолмен: қостілді адамның пайдаланатын екі тілінің кез-келгенінде сөйлеуі (мұны сөйлеу мутациясы деп атайық) немесе тілдік жүйедегі белгілі бір себептер арқылы (құбылысты диффузия делік) көрінуі мүмкін».
Көптілділікті дамытудың психологиялық-физиологиялық жағдайына тоқталатын болсақ, билингвизм (қостілділік) және полилингвизм (көптілділік) – қазіргі таңда ғалымдар тарапынан қызығушылық тудырып отырған өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі күні қостілділік өзара қарым-қатынас жасаудың негізгі факторына айналып отыр. Ғылыми әдебиеттерге сүйенсек, билингвизм – жеке адамның екі тілде ұдайы қарым-қатынас жасауы, яғни сөйлеу, жазу тәжірибесі дегенді білдіреді, полилингвизм – үштілділік қарым-қатынас, яғни қазақ-орыс-ағылшын тілдік ортаны кеңейту дегенді білдіреді.
Билингвизм түсінігін және екі тілді меңгеру деңгейі туралы толық анықтаманы Е.Ю. Протасова береді: «Қостілділік жағдайда, көптілділік жай мағынада – екі тілде қатар сөйлеу мүмкіндігі, яғни екінші тілді білу деңгейінің ана тілін меңгеру деңгейіне жақын болуы, ал ғылыми тұрғыда – күнделікті өмірде екі тілді жүйелі пайдалану. Тұрақты тілдік жағдайда қоғамда мәртебесі жоғары беделді тіл және мәртебесі төмен беделсіз тіл қатар өмір сүреді. Оның біріншісі – грамматикасының күрделілігімен ерекшеленіп, көбінесе ресми жағдайларда және жазбаша жазуларда қолданылады. Ал екінші – күнделікті өмірде, көбінесе, ауызекі сөйлей тілінде қолданылады»,-деп, қостілділікті құрайтын тілдердің қоғамдағы қызметі мен қолдыну аяларын атап өтеді. Лингвистердің көпшілігі У.Вайнрайхтың ізімен қостілділікті «екі тілді кезек қолдану тәжірибесі» деп таниды. Ал осы тілдік қатынастың жүзеге асырылатын жері, У.Вайнрайхтың пайымдауы бойынша, қостілді индивид: сол тілдердің нормаларының сақталуына не сақталмауына қарамастан, индивид өз ойын екі тілдің мәнерлі құралдарымен жеткізе алғанда қостілділік орын алады.
«Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі»,-демекші, қазіргі таңда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі – мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. Қорыта келе, айта кететініміз «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген.
Тәжіғалиева Лаззат
Атырау қаласы, №34 лингвистикалық
мектеп-гимназияның мұғалімі