Home » Білім және тұлға » «Көп сөйлегенді ұнатпаймын»…

«Көп сөйлегенді ұнатпаймын»…

«Жаныңда жүр жақсы адам жобасы бойынша»

    Бүгінгі сұқбат бұрынғы сұқбаттан өзгерек. Бұған Масенова Гүлсара Бағашарқызы дәлел. Сұқбат барысында әсерлі сөздерге, өткенді ойлап жанарға жас ұялатқан көздерге куә болып қайттым.

— Қайырлы күн құрметті Гүлсара Бағашарқызы! Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін керемет әңгімеміздің кіріспе бөлімін өзіңізден бастасақ.

— Қайырлы күн!Құрметіңізге алғыс айтамын. Мен 1961 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келдім.1967 жылы Жалаңаш қазақ орта мектебінің 1-сыныбына барып, 1978 жылы алтын медальмен оқуды үздік аяқтадым.Содан кейін, Қазақ Мемлекеттік Педогогикалық институтының жаратылыстану-география факультетінің химия-биология бөлімін бітірдім.

— Тамаша. Еңбек жолыңыз қалада қалыптасты ма? Әлде, бірден дипломмен ауылға тарттыңыз ба?

— Жауабым екінші сөзіңізге жанасады. Дегенмен, дипломмен ауылға дегенім жоқ. Дәм тартып тұрса-аяқ қалаған жеріне апарады екен.Алғашқы еңбек жолымды Кеген ауданы, Жылысай ауылында М.Орманов атындағы орта мектепте бастадым. Сол жерден ұстаздық еңбектің қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинақтадым. Өмірлік жарымды да осы жерде кездестірдім. Міне, осылай.

— «Бір оқпен екі қоянды ату» — деген осы шығар. Жұмысты да сол жерден тауып, тұрмысқа да сол жердің азаматына шықтыңыз.Қандай бақытты едіңіз!

Дұрыс айтасыз. Бақытты болдық. Бақытты едім. (Көзіне жас алып) Алайда отағасы қазір о дүниелік.

— Қайғыңызды қайта қозғасам кешірім өтінемін. Марқұмның арты қайырлы болсын… Тіршілік — тірінікі. Талғардағы еңбек жолыңызға тоқталып өтсеңіз.

— 1994 жылы Талғар қаласына қоныс аудардық. Осы қаладағы Сәкен Сейфулин атындағы №2 орта мектепте еңбек жолымды жалғастырып келемін.Бүгінгі күні 9-сынып оқушыларының сынып жетекшісімін.Санатым жоғары. Еңбек өтілімім 34 жыл.

— Ғажап! Ұстаз болу оңай емес. Балалармен қалай жұмыс жасайсыз? Өзіңіз өте жақсы білесіз XXI ғасырдың жастарының көңілін білімге бұру күшті қажет етеді…

— Өте орынды айтып отырсыз.Мен мұғалім ретінде өз методикамды қолданамын.Менің алдымда отырған оқушы түсінгенінше — түсіндіру менің парызым деп білемін.Олардың оқу-білімге ынтасын ояту үшін жұмыс жүргізіп жүрмін. Және нәтижесі жақсы. Мысалы оқушыларым аудандық, облыстық бәйгелерге, әртүрлі білім сайыстарына қатысып жүлделі орынға ие болды.

— Құттықтаймын! Осы тұста өзіңіздің де жетістіктеріңізді айта отырсаңыз.

— Марапат көп.Әлі мақтанышы суымағандарын айта кетейін. 2016 жылы Департамент басшысының Алғыс хатымен; 2017 жылы «Үздік шығармашыл ұстаз»номинациясы бойынша Талғар ауданының әкімінің Алғыс хатымен марапаталдым. Сонымен қатар мен үшін де мектеп үшін де үлкен қуаныш өткен 2017 жылы «Құрметті Ұстаз» медальін алдым.

— Ескі жыл сізге ерекше сый жасапты. Естіп қуанып отырмын. Лайым,жаңа жылда да толағай табыс иегері атаныңыз.

— Айтқаныңыз келсін.

— Айта кетерлік яки мән берерлік нәрсе бар. Бағанан бері байқап отырмын. Салмақты мінезіңіз, салиқалы сөзіңіз мәдениеттен хабары бар сауатты адам екеніңізді айғақтайды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» -дейді дана қазақ. Кімнен жұққан асыл мінез болды екен?

Анам Салиманың айтуы бойынша, әкемнің аузынан түсіп қалғандай екем. Өзіңіз айтып тұрған рухани және тұлғалық тұрғыда әкем Бағашардан аумаймын. Менде ол кісі сияқты саралап сөйлеп,салмақпен тіл қатамын.Көп сөйлегенді ұнатпаймын. Нақтылықтың адамымын.Қандағы қасиеттен бойды тарту тіптен мүмкін емес. Осы сабырлықтың арқасында талай сыннан үндемей-ақ өтіп кеттім. (Жымиды).

— Гүлсара Бағашарқызы, үлкен рақмет! Бүгінгі сұқбат арқылы сіздің образыңызды аша алдым деп ойлаймын. Ел алдындағы абыройыңыз артып, үздіктердің қатарынан көріне беріңіз!

                                                                          

 

Жадыра Бағашар,
«Білім айнасы»,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.