Home » Мақалалар » Көптілді тұлғаны дамытудың инновациялық бастамалары

Көптілді тұлғаны дамытудың инновациялық бастамалары

Бүгінгі таңда еңселі егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі жаңа өзгерістерге байланысты қоғамдағы жиі көтеріліп отыратын мәселелердің бірі болып отыр. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі болып саналады.

Көптіл білу – заман талабы. Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт аралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» — деп айтқан.

Еліміздегі мектептерде білім беру жаңа кезеңнің алдында тұр. Оқушыларды жаппай және дербес білім алуға, көркем ойлау, ұжымдық шығармашылық және көптілділік дағдыларын меңгертуге ынталандыру – білім беруге қойылатын басты талаптардың бірі.

Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде. Өзге ұлт өкілдері үшін көптілділікке оқушыларды бейімдеу жұмысын жүргізу жаңа көзқараспен жаңаша бастама алып келеді. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндетіне айналып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны меңгеруді міндеттейді. Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі –көптілді тұлғаны дамытудың негізгі діңгегі мемлекеттік тілмен бірге басқа тілдерді де соншалықты игеру, заман сұранысына сай бәсекеге қабілетті ел ертеңін дайындап шығару алға қойылған басты мәселелердің негізінде мектебімізбен жұмыс жасап іске асырудамыз. Осы орайда білім ордаларының атқарып жатқан жұмыстары ұшан – теңіз. Оның бірден – бір дәлелі – жақын арада мектебімізде салтанатты түрде «Мәңгілік Ел» көптілділік кабинетінің ашылуы дәлел. Мектебіміздің ұстаздары «Мәңгілік Ел» көптілділік кабинетіне үш тілде басылып шыққан авторлық әдістемелік құралдарын тарту етті. Атап айтсақ: Габдрахманова А.Д. «Үштілділік білімді дамытудың бағдарламасы бойынша 10-11 сыныптары үшін «Абайтану» курсынан әдістемелік құрал», Якушев В.В. «Өлкетану» курсы шеңберінде сабақ өткізу бойынша әдістемелік құрал, Шевчук Л.К. Жакаева А.С. «Ағылшын тілінде өтетін физикадан факультативті курс» атты әдістемелік құрал. Қазіргі таңда оқушыларға жан-жақты, тілді үйрету мүмкімдіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

«Мәңгілік ел» құндылығы – үштілді білім беру жүйесін қалыптастыру. Үштілділік – заман талабы. Жоспарлы түрде көптілді тұлға оқыту мен тәрбиелеу бағытында мектебіміздің әр ұстазы өзіндік үлес қосу үстінде. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдерін тілге бағыттау мақсатында мектептен тыс уақытта оқушылар мен ұстаздар арнайы тіл үйрену үйірмелеріне қатысып, өз тілдерін жетілдіріп, ойларын жаңа бағытқа қарай бет бұруда. Көптілді білім беру ісінде атқарылып жатқан жұмыстардан шығатын қорытынды мынадай:

— Көптілді білім беру- бұл мектепте оқу пәндерін екі немесе одан да көптілде аудармасыз оқыту жолдары;

— Билингвалды білім беру — оқу және оқудан тыс жұмыстардың негізгі бағыттарын екі тілде іске асыру, педагогикалық үрдісте екі тілді оқыту құралы ретінде пайдаланудың жолдары;

— Әрбір мектеп бітірген Қазақстан Республикасының азаматы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін барынша біліп шығады;

— Көптілді меңгерген оқушылар өзгермелі кезеңде еркін әрекеттер жасауға, жылдам шешім қабылдауға бейім болады;

— Көптілді меңгеру еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігімен қоғамда жоғары бағаланады;

— Алыс және жақын шетелдерде тілдік көмекті керек етпейді.

Демек біздің айтпағымыз, «Тілі бірдің – тілегі бір», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі – тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету қазақстандықтардың ортақ парызы. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу мақсатына өз үлесіміздің бар екендігін мақтан тұтамыз. Болашақта осы бағытта жігерлі еңбек етуге, өркениетті еліміздің қарыштап дамуына үлесімізді қоса бермекпіз.

Корпебаева Шынар Каликаримовна,
Раева Асель Сейттановна
Семей қаласы, № 29 ЖОББМ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.