Тіл – қандай да болса мемлекеттің, ұлттың тағдыры, тұғыры, тарихи болмысы, үрдісі, тілі. Бұдан 20 жыл бұрын 22 қыркүйекте көп жылдар бойы тар шеңберде болып келген тіліміздің томағасы сыпырылып тіл туралы заң қабылданды. Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Алғашқы заңды жетілдіру жолында 1997 жылы 11-шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы өмірге келді. Қазақ тілі- ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға жеткен ұлы мәдени мұра. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен еніп қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Кешегі ділмар бабаларымыз көсіле сөйлегенде інген иіп, қаратас жұмсарады екен, сол қасиетті тілдің ендігі мұрагері бізбіз, сондықтан өз ана тіліміздің тазалығы, шынайылығы жолында қарымды еңбек ету міндетіміз деп түсінемін. Әлемнің алпауыт мемлекеттеріндегі іргелі жоғары оқу орындарымен байланыстың негізгі діңгегі — әрине тіл. Өйткені тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сондай-ақ еларалық мәдениет , тарих білім-ғылымнан хабар берер үлкен достық көпіріне айналып отыр. Қазақстандық білім жүйесін әлемдік деңгейге көтеріп, халықаралық стандартқа сай қимыл жасау үшін жоғарыдағы талаптар орындалуы тиіс. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуіне байланысты Қазақстан шет мемлекеттермен қарым-қатынасын жан-жақты нығайта түсуде. Елшіліктер мен дипломатиялық қарым-қатынас барысында шет тілі үлкен рөл атқаратындығы сөзсіз. Сондықтан қазір жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мектептерде шет тілдерін меңгеруге ерекше ден қойыла бастады. Өзім шет тілінің маманы болғандықтан айтар сөзімді өз тіршілігіме жақындата айтсам, шет тілі мамандарын дайындау ісінде де атқарылар шаралар аз емес екендігін аңғарамыз. Бұл тұрғыда тар бағдарламалар аясында қалып қоймай, кез келген шет тілін үйренуді мемлекеттік тілмен бірге және табан астында тәжімалай алатын деңгейге жеткізу жөн секілді. Бұл тұрғыда қазақтың біртуар азаматы Халел Досмұхамедов: «Ана тілін жақсы біле тұрып,бөтенше жақсы сөйлесең, бұл — сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл- күйініш» — деп айтқаны көптің көкейіндегі сөз. Шет тілін жылдам меңгеруге көл көсір көмегін тигізетін қазақша-шетелше, шетелше-қазақша тілашар мен тілдескіштер шығаруға да ерекше мән беруіміз керек. Бұл жерде техникалық құралдардың маңызы зор. Сол сияқты дискілер мен видеокамералар жағы үлкен көмегін тигізеді. Кейде замандастарыма қарап қынжыламын,туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндер жоғарыдағы ұрпаққа артылған жауапкершілікке мән бермей, шұбарлап сөйлейді. Тіптен туған тілін жете білмейтіндер де арамызда аз емес. Тілді білмей- ұлттық дәстүрдің бұзылуына, осыған сай оғаштықтарға апаратын жол. Осы жерде Паустовскийдің: «Туға тіліне жаны ашымаған адам жәндік»- деп ашына айтқаны ойға келеді. Өкінішке қарай, ондайлар арамызда жүр. Білгенге, ана тілі- ар өлшемі.
Қарлығаш Абиева,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы,
№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі