Білекке сенген заманда ,
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда ,
Қапы қалып жүрмелік
Абылай хан
Көптілділік туралы ойтолғау жазарда көп ойландым. Неден бастау керек? Осы көптілділіктің бізге керегі бар ма, жоқ па деген сауалдар мазалай берді. Ғаламтор, газет-журналдардан мәлімет іздегенімде, қайшы пікірлер, маңдытып ештеңе таппадым.
Олай болса, ата-бабамыздың өткен тарихына көз жүгіртсек…
Әлемде екінші ұстаз, ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілі білсе, өр рухты дауылпаз ақын Махамбет пен қазақтың бір туар ұлы Шоқан да бірнеше тіл білсе керек. Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Абай орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген. Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқын.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңыздылығы туралы айтып өткендей, болашақта еліміздің дамып өркендеуіне жас ұрпақтың үш тілді игергені жөн-деп өз сөзінде айтқан еді.
Мемлекеттік тілді игеру аса маңызды екенін атап өткен жөн. Оны игеру барысында, жас ұрпақ жеңіл ұғатын әрі тиімді әдістемелер ұйымдастыру қажет. Тәуелсіз туымыздың астында 130-дан аса ұлттарды біріктіретін ортақ мемлекеттік тіліміз – құндылығымыз. Осылайша, қазақ тілі барша қазақстандықтар тұтынатын, кең ауқымды қолданыстағы тілдердің біріне айналмақ.
Дегенмен, дамыған елдер арасында бәсекеге түсу үшін тілді жетік меңгеру маңызды рөл ойнайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда мектеп оқушылары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар игеруде. Ағылшын және орыс тілдерін үйрену басқа елде тәжірибе алмасуға, танымдық көзқарастарын, басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туғызады.
Болашақта Қазақстан тоталитарлы, дамыған елдер арасында бәсекеге қабілетті мемлекет болуына болашақ ұрпақтың үш тұғырлы тілді жетік білуі қажет.
Көп тіл білу – заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі –мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»-деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ, қазақ баласы әуелі отбасында қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі Абай Құнанбайұлы, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты талай тарландырымыз қанша жерден Ресей топырақтарында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған.
Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық. Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл – заман талабы еді. Орыс тілін үйреніп, орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік. Енді алдағы асу – ағылшын тілі. Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.
Намысын найзаға шаншып, күре тамыры Көк бөріден нәр алған, көк Тәңірге табынған Күлтегіннің ұрпағына бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру қиындық тудыра қоймас. Иә, көп тіл білу – әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты ету тексіздің ісі. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе ــ бұл сүйініш, мақтаныш; ал ана тілін білмей тұрып, өзге тілде сөйлесе ــ бұл күйініш, өкініш. Ал біздің мақсат – ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, ағылшынның тілін ғана үйрену емес пе? Балаларымызды әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландыру ғана емес пе? Кейбір адамдар ағылшын тіліне қарсылық білдіріп жатады. Ал ағылшын әлем мойындаған жаһандану тілі. Бұл – бұзылмас заңдылық.
Меніңше, ол сыңаржақ пікір. Елбасының сындарлы саясатының астары өте тереңде. Біз әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік Елге айналумыз керек. Бұл жолда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін керек екенін ұмытпайық. Сондықтан «Ана тілің ــ арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп, ақын Қадыр Мырза-Әли ағамыз айтқандай, әуелі өз ана тілімізді құрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық. Өз тіліміз өзегіміз, халықтық қасиетімізді айғақтайтын алтын тұғырымыз болсын. Әр ұлттың өз тілі өзге тілге жеткізетін көпір есепті. Қазіргі мектеп дәстүрлі білім беру қызметін атқарумен шектелмейді, оның қызметі кеңейіп отыр. Атап айтқанда, мектепте жеке тұлғаны рухани қалыптастыруға, жоғары басымдылық берілді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл саясаты» біздің пәнімізде жүзеге асырылады. Қазақ мектебінің балалары білімді ана тілі – мемлекеттік тілде алса, сонымен қатар орыс, ағылшын, неміс тілдерін де сол деңгейде меңгеруде. Қазіргі таңда шет тілдерін меңгеру өзекті мәселе, өйткені Қазақстанда әр түрлі шетел фирмалары тілді жетік меңгерген мамандарға зәру екендігі анықталған. Осы тұрғыда біз алдымызға мақсат қойып, оқып отырған шет тілін тек оқулықпен оқытуға шектелмей, қазіргі жаңа оқыту технологияларының негізінде интерактивті әдістер арқылы жүзеге асыру қажет. Ел мен ел, халық пен халық жиі араласып, халықаралық қатынастар ерекше көтеріліп жатқан қазіргі таңда дүние жүзінің әлеуметтік мәдени талап тілегіне орай бірнеше тілді қатысымдық құзыреттілікті дамыту күрделі міндеттердің бірі болып табылады. Адамдар ең бірінші бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынас жасайды дейтін болсақ, сол тіл арқылы түрлі мәдениеттер арасындағы тілдесу диалогпен өркендейді. Тіл – әр ұлттың дәстүрлі мәдениетімен астасатын күрделі қарым-қатынас құралы. Қазіргі заманғы инновациялық технология бүгінгі күні еліміздегі орта мектепте білім алып жатқан оқушылардың барлығымен тілдесуге мүмкіндік беріп отыр. «Адам өмірінің шегі бар, ал білімнің шегі жоқ »-деп атап өткен Елбасы оқушы жастарды ғұмыр бойы білімнің тұнғиығына терең үңілуіне шақырды. «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлттық тілі, ал орыс тілін білу – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді»,-деді. Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз !» атты жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді. Осы жолдауда білім мен ғылымның модернизациясын жалғастыру қажеттігін меңзеді. 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін халықтың саны кемінде 20%-ды құрауы тиіс делінген. Әрбір қазақстандық қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де терең меңгеруі керек. Осы мақсатта 2013-2014 оқу жылында елімізде жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап оқу бағдарламасына еңгізіледі. Бүгінгі әлемде мыңдаған адамдар шетел тілін, соның ішінде ағылшын тілін жұмыста немесе оқуда пайдаланады және оны ана тілі ретінде меңгереді.
Тілдердің үш тұғырлылығы идеясына Елбасы нақты анықтамасын да береді: қазақ тілі мемлекеттік дәрежесінде мемлекет өмірінің бар саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін атқарса, орыс тілі ұлттар арасындағы қарым-қатынастарға қызмет етеді, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді. Осыдан артық қандай нақтылы анықтама керек?! Қазақ тілін қазіргі заман талабына сай озық әдіспен оқытудың бағдарламасын жасау талабын алға қойған Президент тапсырмасы да дәл қазір нақты сипат ала бастағанын аңғарып отырмыз. Оны жер-жердегі, тіпті ұзақ жылдар бойы сірескен мұздай боп, жібімей келген солтүстік облыстардың өзінде ана тілімізді оқытуға ойдағыдай көңіл бөліне бастағаны да айғақтаса керек Тіл саясаты – бұл қоғамның тілдік үдеріске ұйымдасқан түрде араласуы және ол – заңды, обьективті құбылыс.
Тілді дамытатын нәрсе – азаматтардың ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен оны қастерлеп, киелі дүние санауы. Ана тілі кез-келген адамның адамшылық қасиеттері мен ұлттық-діни құндылықтарын қалыптастыратын құрал. Дегенмен, біз қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеру үшін оған қандай талаптар қойылатынын, ол талаптар қазір қандай дәрежеде орындалып жатқандығын білуге тиіспіз.
Мен орыс мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан, ең бастысы өз оқушыларымның ауызекі сөйлеу тілін дамытуда, сөздік қорын байыту, көбінесе сұхбат арқылы тілін ширату. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін білуге, ұлттық тағамдарын бағалауға, Отанға деген, туған жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту. Алдымен айтарым – үштілділіктің мәні басқа тілдерді қазақ тілімен қатар пайдалану емес, қазақ тіліне қоса, қосымша пайдалану. Қазақ тілінің Конституциямен, заңмен айқындалған тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Ол заң тек мемлекеттік органдарда ғана емес, өмірдің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Жалпы, мемлекеттік бағдарламада болсын, Президенттің Жолдауларында болсын, мемлекеттік тілді дамытуға басымдылық беріліп отырғанын байқаймыз. Қазақ тілі бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін фактор ретінде қаралып отыр. Сондықтан, тәуелсіз елімізде ана тіліміздің ертеңі жарқын екеніне сенімдімін. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзі осыны аңғартса керек.
Ең алдымен, мемлекеттік тілді қолдану – шарт. Ал, өзге тілдердің өзіндік маңызы бар, соны керегінше пайдалану жөн.
Орыс тілі – білім-ғылымды, әлеуметтік әлеуетімізді, саяси жүйемізді дамытуда үлкен рөл атқарғанын жоққа шығаруға болмас. Ғасырлар қойнауына алып кетер әлемдік мәдениет, тарих, әдебиет, саясат, экономика атаулының бәріне әлі де орыс тілі арқылы қол жеткізуге болады.
Ағылшын тілі – қазақстандықтарды әлемдік деңгейге шығаратын тіл, бәсекеге қабілетті қылатын құрал.
Түйіндеме: қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы бола береді.
Ойымды қорыта келе, Елбасының мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз».
Койлыбаева Гульмира Молдашовна
Сәтбаев қаласы, №15 жалпы орта
білім беретін мектептің мұғалімі