Home » Баяндамалар » Көптілділік — заманауи білім беру басымдылығының бірі

Көптілділік — заманауи білім беру басымдылығының бірі

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы.

Ал, көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының шет елдермен халықаралық байланыстары күннен-күнге арта түсуде. Сол байланыстарды дамыту үшін көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажет.

Көптілді меңгеру деген ұғым — қазақ дүниетанымында бұрыннан бар түсінік. Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай.

Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қортып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде ырықты орынды иелеп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері анық.

Көптілділік біздің қоғам үшін 2006 жылғы Елбасының «Тілдердің үштұғырлылығы» – «Триединство языков» — “Trinity of languages” тұжырымдамасынан бастау алғаны мәлім. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Үш тілді меңгеру – біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады. Қазақстанды әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек», -деген болатын. Ендеше, Қазақстанның білім беру жүйесінде үштілді оқыту мәселелерінің көтерулі заман талабынан туындап отырғаны айқын.

Тілдердің үш тұғырлылығы идеясына Елбасы нақты анықтамасын да береді: қазақ тілі мемлекеттік дәрежесінде мемлекет өмірінің бар саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін атқарса, орыс тілі ұлттар арасындағы қарым-қатынастарға қызмет етеді, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді. Осыдан артық қандай нақтылы анықтама керек?!

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Ата Заңында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп, сонымен қатар орыс тілін ресми тіл ретінде бекітті. Оның негізгі мақсаты ретінде ұлтаралық тұтастықты сақтау, қоғамның тілдік ортасын дисфункцияға ұшыратпау болған еді. Сондықтан да орыс тілі достық пен бейбітшіліктің, этносаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие болды. Қазірдің өзінде жаһандану үрдісі етек алған заманда халықаралық байланыс құралы және халықаралық экономика, халықаралық білім беру тілі – ағылшын тілін білмей әлеуметтік-экономикалық кеңістікке ену мүмкін емес. Жеке  тұлға қаласа да, қаламаса да, қабылдап, не қабылдамаса да жаһандану бас тартып кете алмайтын біздің әлеуметтік шындығымыз. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының кең мағынада тарихи даму процесімен шартталған. Ең басты әлемдік коммуникациялық кеңістік – Интернетте барлық ақпараттың 80% ағылшын тілінде ұсынылады. Қазіргі қоғамда адамдардың тек ана тілін білуімен шектеліп қана қоймаған қостілділік (билингвизм), тіпті көптілділік (полилингвизм) феномені кеңінен таралуда.

Бұл жаһандық үрдістен біздің еліміз де тыс қалған жоқ. Елбасының көрегенді саясатына орай Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі — қазақстандықтардың кемінде үш тілді меңгеруі.

Елбасымыз «Қазақстан білім қоғамы жолында» тақырыбындағы «Назарбаев университетінде» оқыған интерактивті дәрісінде алдыңғы кезектегі түйінді ойын әрі қарай тарата келіп: «Мектеп жасына дейінгі білім беру деңгейінде үш тілді оқытуды жаппай енгізуді қамтамасыз ету қажет. Осылайша біз тілдерді меңгерудің қисынды жүйесін қалыптастыра аламыз: әліпбиі – балабақша деңгейінде, мектепте – базалық деңгей, университет пен колледжде – мамандық бойынша кәсіби тіл», — деп, көптілді білім беруді дамытуға басымдық танытады.

Сондықтан қазіргі таңда мектептерде шет тілін 1-сыныптан, тіпті балабақшадан бастап оқыту енгізілуде. Себебі, ағылшын тіліне ерте жастан оқытудың тілді жақсы әрі еркін меңгеруге тигізер әсері мол. 2012 жылы Астана қаласында өткен «Ағылшын тілін 1-сыныптан енгізудің тиімді факторы ретінде халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту» атты III Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға барып, қатысқан болатынмын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен  ғылыми-практикалық конференцияда ұлыбританиялық білім беру жүйесін елімізде енгізу, бірлесе жұмыс жасау туралы мәселе талқыланды. Норвич қаласының «NILE» тілдік дайындық институтының академиялық директоры Род Болайто «Балаға жастайынан тіл үйретудің артықшылықтары көп. Сәби санасының қабылдауы жылдам болғандықтан, тілді еркін меңгеруіне септігін тигізеді. Мысалы, сәби ойыншықтармен ойнай жүріп оның аттарын жаттайды, істеген әрекеттерінің қалай айтылатынын жадына тоқиды. Қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгеруге деген құштарлығы мені қуантады» дегендей, ағылшын тіліне ерте жастан оқыту балалардың жалпы және тілдік дамуын реттейді, балаларды өзге ұлт мәдениетін білуге және құрметтеуге үйретеді. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, үлкен адамға қарағанда кішкентай бала ағылшын тілін тез меңгереді.

Ерте заманнан бері көптілділікті адамзат дамуының маңызды бағыты ретінде қарастырылса, ал қазіргі кезде бір ғана тілді білетін мемлекетті көзге елестету заман талабына сай емес. Бір ғана ұлт өкілінен тұратын өркениетті мемлекет шын мәнісінде жоқ деп айтуға болады.

Көпұлтты кез-келген мемлекеттің қажетті деңгейде әрекет етуі үшін екі тілді және көптілді қалыптастыру өте маңызды мәселе. Көптілділік– көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың негізі. Көп тілді меңгерген адам өмірдің әр түрлі жағдайларында адаммен сұхбаттасу арқылытүсініп, онымен әңгімелесе алады.

Шет тілін оқу, шет тілінде толық білім алғандықтың белгісі емес. Басқа тілдерді мектептің пәндерін оқыту тілінде кіріктіре оқытқан жағдайда оқушы көптілді білім алады. Мысалы, мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде білім беретін мектептерде білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін, технологияларын қолдану арқылы жаратылыстану пәндерін көптілде оқыту қазіргі көпмәдениетті және көптілді қоғамға бейімделе алатын, қоғамда сұранысқа ие болатын тұлғаны дамытуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мектепте пәндерді көптілде оқыту мәселесі маңызды болып, оқыту жүйесінде келесі ұстанымдар қалыптасып отыр:

  • мемлекеттік тіл– орыс тілі – ағылшын тілі;
  • тілдерді оқыту, үйрету ана тіліне сүйене отырып жүзеге асырылуы тиіс;
  • шетел тіліне оқыту оқытылатын тілде ойлауға, ойын сол тілде ауызша да, жазбаша да жеткізе алуға бағытталуы тиіс

Республика көлемінде жаратылыстану — математикалық бағыттағы пәндерді үш тілде оқыту тәжірибесіне 30 пилоттық мектеп енгізілген. Соның ішінде облысымыздан 3 мектеп: облыстық дарынды балаларға арналған мектеп — интернаты, қазақ-түрік лицейі және Ақтау қаласындағы экономикалық лицейі 2006 жылдан бері жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде оқытып келеді. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқытып жүрген пән мұғалімдері жылдан-жылға өсуде. Болашақта жаратылыстану-математика циклі пәндерден ағылшын тілінде беретін педагогтардың санын біртіндеп арттырып, 2020-шы жылы олардың жалпы үлесін 15% дейін жеткізу көзделген.

Қазіргі таңда Ақтау қаласының №4 гимназиясы математика, №13 гимназиясы биология, Жаңаөзен қаласының Жаңаөзен мектеп-гимназиясы физика, Бейнеу гимназиясы биология, Түпқараған ауданының Ақшұқыр мектеп-лицейі физика, №1 мектеп-лицей математика пәндерін үш тілде оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде үш тілді білім беру моделін енгізудің өзектілігі мынада:

— бүгінгі қазақстандық қоғамда көптілді, көп мәдениетті тұлғаға деген сұраныстың артуы;

— ұлттық мектеп бітірушілерін жалпы қазақстандық және әлемдік білім және ақпарат кеңістігіне кіріктірудегі мәселелерді шешу қажеттілігі;

— болашақ ұрпақты қазақстандық патриотизмге, ұлтаралық қатынас мәдениетіне тәрбиелеудің өзекті мәселеге айналуы;

— аз ұлт өкілдерінің этникалық ерекшеліктерін сақтаумен бірге олардың жалпы қазақстандық экономикалық, әлеуметтік-мәдени үрдістерге толыққанды қосылуына жағдай жасау;

— мектеп бітірушілерінің коммуникативтік және ақпараттық құзырлықтарының жеткілікті деңгейіне қол жеткізу;

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020-шы жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көп тілді білімі бар педагогикалық кадрларды даярлау іске асырылуда. Оны жүзеге асыру мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында базалық пәндер циклында шетел тілінен сағаттар санын арттыру және оқудың типтік бағдарламаларында өзгерістер енгізу арқылы жүргізіліп жатыр, әсіресе, пәнді үш тілде оқытатын педагогикалық кадрларды дайындауға байланысты.

Елбасы педагогикалық білім беру құрамын жаңарту, жаңа формациядағы педагогтарды дайындау бойынша міндеттерді алға қойып отыр. Қазір оқытушыға қойылатын негізгі талап- ақпараттық сауаттылық, көптілділік, оқуға және барлық педагогикалық қызмет барысында дамып, жетілуге дайын болу.

Осыған орай, облысымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру саласында алғашқылардың бірі болып Маңғыстау гуманитарлық колледжінде көптілді маман даярлау ісі  қолға алынды. Атап айтсақ,

  • 2013 жылдан бастап бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгізуге байланысты бастауыш білім беру жүйесінде ағылшын тілін оқытатын мамандар даярлау қажеттілігінен «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша «Бастауыш мектептегі шет тілі» таңдау пәні белгіленді. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылуда. Таңдау пәні бойынша студенттер базалық мектептерде машықтануда.
  • Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ағылшын тілін оқытатын мамандар даярлау мақсатында «Мектепке дейінгі  тәрбие  және  оқыту» мамандығы бойынша таңдау пәні ретінде «Бастапқы шетел тілін үйрету мұғалімі» пәндері енгізіліп, оқытылуда. Таңдау пәні бойынша студенттер тәжірибеден өтіп, машықтануда.
  • 2014 жылдан бастап «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша қазақ тілінде оқитын топтарда «Балаларды табиғатпен таныстыру және оны орыс және ағылшын тілдерінде оқыту әдісі» және «Бастауыш білім беру» мамандығы «Бастауыш білім беру» біліктілігі бойынша «Дүниетануды орыс және ағылшын тілінде оқыту әдістемесі» факультатив сабақтары енгізілді.
  • Осы оқу жылынан бастап колледжде оқытылатын барлық мамандықтар бойынша көптілді маман даярлау ісі қолға алынуда. Осы мақсатта үш тілде оқытудың әдісі ретінде командалық оқыту әдісі жүзеге асырылуда.
  • Екі оқытушы, яғни пән оқытушысы мен ағылшын тілі оқытушысы қосымша сабақты бірігіп жоспарлайды;
  • Пәнді бірінші қазақ, орыс және ағылшын тілінде бірігіп оқытады.

Бұл әдіс  тек қана көптілді маман даярлауға ғана емес, колледж ұстаздарының шет тілін меңгерулеріне мүмкіндік беретіндігі сөзсіз.

Алдағы уақытта командалық оқыту тәсілін үздіксіз қолдану арқылы  студенттің тек пәнді қазақ тілінде  меңгеріп қана қоймай, ағылшын және орыс тілдерінде меңгеруіне қол жеткіземіз. Нақтырақ айтсақ,  командалық оқыту студенттің жан-жақты дамуына және тілдік құзыреттілігін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Маңғыстау гуманитарлық колледжінде көптілділік оқыту жүйесін енгізудің оң тәжірибесі «Үш тұғырлы тіл» саясаты тұжырымдамасының негіздемесі дұрыс құрылғандығын дәлелдейді. Көптілді оқытуды дамыту – педагогикалық ұжымның, студенттердің, әлеуметтік серіктестердің, жалпы еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыратын, біздің түлектерімізге деген сұраныстың жыл сайын арта түсуі тенденцияға айналады. Әрине, көптілді тұлғаны қалыптастыру — жаһанданып жатқан әлемнің талабы. Оның әр міндетін әр қырынан карастыру біздің колледж ұжымының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.  Қазақстан Республикасы Президентінің  2010 жылғы 7 желтоқсандағы  № 1118 Жарлығымен бекітілген.
  2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңы».–Астана:-2000, -20б.
  3. Турабаева А.Б. «Білім беру жүйесіндегі инновациялық қызмет»// Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. –Актобе, 2013. -411-414 б.
  4. Байсарина С.С. «Педагогикалық мамандарды даярлаудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері»- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы,2013
  5. http://baq.kz/kk/regional_media/post/45590. Университет тынысы газеті. Көптілді білім берудің бүгінгі жағдайы мен өзекті мәселелері.
  6. http://www.group-global.org/ru/publication/view/3526. Сулейменова Г. Үш тілді меңгеру – полимәдениетті тұлға қалыптастыру кепілі.

КЕРЕЕВА  Оксана Жылқыбайқызы,

Маңғыстау гуманитарлық колледжінің

ағылшын тілі циклінің арнайы пәндер оқытушысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.