Home » Баяндамалар » Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы

Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы

       Өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы деп саналады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен» озады деген ұлы ақын Абай сөзі қай заманда да өз мәнін жоймақ емес. Сондықтан болар, білім беру жүйесін дамыту басты бағыт болып саналады.

 

Еліміздің қазіргі заман талабына сай ҚР «Білім туралы» заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген.

Мемлекетіміз саяси, экономикалық, мәдени байланыстары бірнеше тілде білім алуды қажет етеді.

Көптілді білім беру дегеніміз – оқу үрдісі барысында екі не одан да көп тілде білім беру. Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту – қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ, орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде асырылады.

«Тілдің үштұғырлығы» тіл саясаты бағдарламасы күні кеше ғана айтылған дүние емес. Президентіміздің аталмыш тілдік стратегияны 2004 жылы жария еткен болатын. Ал, биылғы жылы Еуроодақтық өздерінде үштілді білім тәжірибесін заңды түрде енгізді. Бұл – тарихи қажеттілік.

Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптілді білімді дамытуға жіті назар аударып «…Еліміздің маңызды құндылықтарының бірі және басты артықшылығы – көпұлттылық пен көптілділік» деп атап көрсеткені белгілі. Президент жүктеген тапсырмаларға сәйкес, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени бағдарламасында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, 2020 жылға қарай «… барша қазақстандықтар қазақ тілін, орыс тілін 95% және 25%-ағылшын тілін меңгеруі тиіс» делінген.

Көптілді оқыту білім берудің қоршаған әлемде болып жатқан үдемелі өзгерістерге бейімделгіштігін күшейтетін лингвистикалық біліктілігі жоғары дамыған, бәсекеге қабілетті жастардың қалыптасуына септігін тигізетін тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа үлгісін құруды көздейді. Осы орайда үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бірдей оқытуды білдіретін көптілді оқыту бағдарламасының бірегейлігін атап өту керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңмен іске асыруды қолға алуды ұсынды. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі- мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» атап көрсетілді.

Көпұлтты Қазақстан жағдайында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы қоғамдық өзара келісімді нығайтатын маңызды фактор болып табылады. Тілдердің үштұғырлығы идеясы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін құруға және дамытуға бағытталған ұлттық идеологияның бөлігі болып табылады.

Кез-келген қоғамда азаматтық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеудің негізгі факторлары өз елінің тіліне деген құрметі болып табылады. Бала тілді неғұрлым ерте жастан үйренсе, соғұрлым ол оны жеңіл меңгереді.

Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңестігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпяларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Әр адамның рухани-адамгершілігін арттыру үшін, бүгінгі тез өзгеріп жатқан дүниеде өмір сүріп, еңбек ету үшін жан-жақты болу қажет.  Осыған орай, бүгінгі таңда Қазақстанға ақпараттық-технологиялық, ғылыми, медициналық, оқу-әдістемелік т.б. салаларда жаңалықтарды, әлемдік ілгері тәжірибелерден хабары болып, бұл жаңалықтарды өзінің ана тілінде халқының игілігіне пайдалану үшін халықаралық байланыстарды нығайтып, әлем аренасына шығу үшін көп тіл білетін мамандар қажет. Осы бағытта балабақшалар, мектептер,  ЖОО өз үлесін қосуда. Нарықтық экономика еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды қажет ететіні белгілі. Бұл оқу орындарының барлық салаларына жаңа талап, жаңа міндет, жаңа мақсаттар жүктейді. Осыған орай білім беру жүйесінде оқытушыларға қойылатын басты талаптардың бірі – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін мәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу. Көптілді мемлекеттер арасында әлеуметтік-мәдени қатынастар жасай алатын, түрлі елдердің мәдениеті, әдебиеті, тарихымен танысып, қажетін пайдалана отырып, бөтен мәдениеттің ішіне сіңіп кетпей, өзінің елі мен мәдениетін басқаларға таныта алатын, санатты да саналы тұлғаны қалыптастыру – өмір талабы. Бүгінгі Қазақстанға технологиялық ғылыми, медициналық және басқа да салаларда жаңалықтарды өзінің ана тілінде халқының игілігіне пайдалану үшің халықаралық байланыстарды нығайтып, әлем аренасына шығу үшін көп тіл білетін мамандар даярлау қажеттілігі туындап отыр. Замана ағымына лайықты қазіргі алдымызда тұрған міндет – халқымыздың ұлттық дербестігін сақтай отырып, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу. Сол өркениетті елдер санатына қосылуына ықпал жасайтын еліміздің ертеңгі болашағы жастарға білім мен тәрбие беретін – мектеп.

Болашақ Қазақстанның азаматтары ескінің көзіндей, жаңаның ізіндей болып дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің  төл мәдениетін сыйлайтын, басқаға  өзін таныта, сыйлата алатын рухани дүниесі бай, білімді, білікті болуы шарт. Қазіргі заманда оқыған зиялы азаматтардың бірнеше тілде сөйлеуі Қазақстанның болашағынан елес беріп тұрғандай. Бүгінде оқушыларымыз, студенттеріміз үш тілде еркін сөйлеп, әр түрлі сайыстарды үш тілде өткізе алатын деңгейге жетті. Сол жас өскіннің өз болмысын тануға ұмтылысына көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін рухани күш беру – бүгінгі мұғалімнің басты мақсаты. Бұл мақсаттың орындалуы үшін оқыту мазмұнының жаңартылуы, әдіс-тәсілдің озығы өмірге келуі, ол тәсілдер әрбір оқушының қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтын болып ұйымдастырылуы қажет.  Көптілділік заман талабына айналып отырған кезеңде ана тілімізді ардақтай отырып, өзге тілдерді білгеніміз әлемдік мәдениетке, өркениетке, білім кеңестігіне еркін кірігіп, болашақта алдыңғы қатардағы бәсекелестікке қабілетті дамыған 50 елдің қатарына енуімізге, жаһандану үрдісінде өмірдің барлық жағынан бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіншілігімізді арттырады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі әрдайым биік болуы керек. Әсіресе, мамандар шет тілін оқытатын еліміздегі оқу орындарының білім беру жүйесінде қазақ тіліне ерекше басымдық беруін қадағалауы керек. Сонда ғана өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлттық құндылығымызбен терең сусындайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін ойлағандар аталған жобаны қолдай отырып, «қазақ тіліндегі ақпараттық кеңістікті кеңейтуге күш салу қажет».  Жалпы айқанда, өз тіліміздің қадір-қасиетін түсініп, мәртебесін көтерейік, Қазақстан кеңістігіндегі үштілділік бұл заман талабы болып отыр. Егер осы үштілділік тиімді жұмыс атқарсын, үштілділік біздің мемлекетіміздің болашағына жұмыс істесін десек, онда үштілділікте басымдылық мемлекеттік тілге берілуі керек. Қалған екі тіл сол мемлекеттік тілден аспай, керісінше, сол мемлекеттік тілдің әрі қарай дамуына қызмет етуде құрал ретінде пайдаланылу керек.

Пайдаланған әдебиет:

  1. Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ көптілді болу. // Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11.

2. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы .

3. «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени бағдарламасы.

4. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

5. «Ағылшын тілінде сөйлеуді үйренейік» атты оқу бағдарламасы-2009ж

Жалмуханова Балауса Хоныспаевна,

«ӨРЛЕУ»БАҰО» АҚ филиалы

Атырау облысы бойынша ПҚБАИ,

«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы

Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің

«Бастауышта оқытудың педагогикасымен әдістемесі мамандығы бойынша

І курс магистранты

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.