Көптілділік мәселесі қазір дүниежүзілік қоғамдастық талап етіп отырған құбылыс болып отыр. Өйткені қазіргі заманда екі не одан да көп тілді қолданбайтын мемлекет әлемде сирек кездеседі. Осы саланы зерттеушілердің соңғы мәліметтері бойынша дүние жүзінде 70%-дан астам адам кем дегенде екі тілді біледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:
«Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» -деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру – заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі.
Қандай да болмасын бір өзге тілді білетін адамға екінші тілді меңгеру біріншіге қарағанда айтарлықтай жеңіл және тез болады. Себебі, бірінші өзге тілді меңгергенде, адамда ана тіліне қосымша үйренуші тіл сезімі қалыптасады, сонымен қатар, жалпы тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды, осы қабілеттің арқасында адам тек қана үйренетін тілдің емес, жалпы тілдердің арасындағы ерекшеліктерді айыра алады. Адам неғұрлым көп тілдерді білген сайын, соғұрлым мүмкіндіктері де арта түседі. Өз ана тілінен басқа бір шет тілді меңгерген адамның келесі тілдерді меңгеруі әлдеқайда жеңіл болады. Көптілділік адамның еске сақтау, ойлау қабілетіне, зейінді, тапқырлы болуына әсерін тигізеді.
Елбасы жүктеген тапсырмаға сәйкес, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында, 2020 жылға қарай «Барша Қазақстандықтар қазақ тілін, орыс тілін 95% және 25% ағылшын тілін меңгеруі тиіс» делінген. Осы орайда мектеп оқушыларына үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) бірдей меңгертуді мақсат ететін ШҚО бойынша көптілділікті дамытудың аймақтық бағдарламасы жасалған. Осы бағдарламаның бағыттары үш тілді еркін меңгеруге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны үш кезеңде жүзеге асыру қарастырылуда. 2015-2016 жылдары ағылшын тілі мұғалімдерінің қосымша жұмысын қаржыландыру мәселесі шешілсе, 2016-2017 жылдары ағылшын, қазақ (орыстілді мектептер үшін), орыс (қазақтілді мектептер үшін) тілдерінде оқу материалдары дайындалмақ.
Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа баллы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген мұғалімдер қаржылай ынталандырылатын болады. Соңғы кезең 2017-2018 жылдары А1, А2, В1 дәрежесіндегі жалпы еуропалық стандартқа сәйкес, оқушылардың тілдерді меңгеруі бақыланады. Нәтижесінде мектептерде тілді үйрететін жаңа сапалы оқу жүйесі пайда болады. Аймақтық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында Британияның Қазақстандағы білім бағдарламалары кеңесімен және Назарбаев Университетімен байланыс орнатылды.
Жоғарыда аталған бағдарлама негізінде Семей қаласының №29 орта мектебінде 2015-2018 оқу жылдарына арналған көптілділікті дамыту бағдарламасы құрастырылып, түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаны іске асырудың негізгі мақсаты: қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша оқушылардың тілдік коммуникативтік құзырлығын дамыту арқылы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беруде жалпы білім беру бағдарламасын табысты меңгерту.
Осы бағдарламаның жүзеге асыру жолдары: бағдарламаны оқу — тәрбие үрдісіне енгізу, оқушылардың оқыту сапасына мониторинг жүргізу, мұғалімдердің кәсіби құзырлығын арттыру, мектептің техникалық қамтылуы.
Міндеттері:
Бірінші жол. Мазмұны бірыңғай тақырыптық-сөздік негізбен сипатталатын элективті курс, оған үш не төрт тілден белгілі бір тақырыпта қолданылатын лексикалық-грамматикалық материал іріктеліп алынады. Қолданбалы курстардың атауы мынадай болуы мүмкін: «Күнделікті көптілділік» (бастауыш және орта буынға арналған), «Мәдениет саласындағы көптілділік», «Экономика саласындағы көптілділік», «Қоғамдық-саяси өмірдегі көптілділік». Бұл оқушыларға көп тіл үйретудің оңай жолы, оқу жоспарларына өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Дегенмен бұл жол жеткіліксіз. Өзге міндетті оқу пәндерімен салыстырғанда екінші қатарға ысырылған элективті курстар мұғалімдер жоғары жауапкершілік сезінгенде, оқушыларда тілдерді оқуға деген табиғи құмартушылық, мектеп әкімшілігі тарапынан айырықша бақылау болғанда ғана оң нәтиже береді.
Екінші жол. Бұл қазақ мектебінде орыс және шетел тілдері, орыс мектебінде қазақ және шетел тілдері сабақтарын біріктіру, яғни кіріктірілген тілдік курс құру, ол үшін бірыңғай тақырып минимумын, бірыңғай жағдаяттар минимумын, сөйлеу ниетінің бірыңғай минимумын анықтау, үш тілден семантикалық нышандары сәйкесетін лексикалық – фразеологиялық және грамматикалық минимумдар құрастыру. Яғни, қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша жалпы европалық тілдер стандартының А1,А2,В1 коммуникативтік құзырлы деңгейінің негізінде лексикалық,грамматикалық және тақырыптық бірыңғай минимумдар қорын жасау.
Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі бойынша жалпы европалық тілдер стандартының А1,А2,В1 коммуникативтік құзырлы деңгейіне сәйкес лексикалық, грамматикалық және тақырыптық бірыңғай базалық минимумдар негізінде тестік тапсырмалар қорын жасау.
Тілдерді оқыту цифрлік білім ресурстарының тілдердің коммуникативтік құзырлығын қалыптастыру және дамыту жөніндегі бағдарламасының мақсатына сәйкестігіне сараптама жүргізу.
Тілдерді оқыту бойынша Интернет-ресурстарының нұсқаулық тізімдерін құру.
Ағылшын, қазақ тілдерінің басқа пәндермен (география, биология, математика, физика) біріктірілген оқу материалдарын жасау .
Көптілділіктің аймақтық бағдарламасының мақсаттарына сәйкес тілдік пән мұғалімдеріне арналған олимпиада, сайыстар, соның ішінде қашықтық білім сайыстарының өткізілуін ұйымдастыру.
Үшінші жол. Бағдарламаны тәрбие үрдісіне енгізу.
Мұғалімдер мен оқушыларға арналған мемлекеттік және ағылшын тілдерін үйрету үйірмелерін ұйымдастыру. Мемлекеттік мерекелерге арналған мектепішілік лездемелер өткізу. «Сан қырлы Қазақстан» мәнерлеп оқу сайысы.«Мен және менің көптілділігім» атты 10-11 сынып оқушыларына арналған дөңгелек үстел өткізу.«Көптілділік – жетістікке жету жолы» атты эссе сайысы. «Қош келдің, Наурыз!» мерекелік концерті.
Төртініші жол. Оқушылардың оқыту сапасына мониторинг жүргізу
А1,А2,В1 деңгейіне сәйкес қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі бірыңғай тестілік қор жоспары негізінде оқушылардың ауызекі сөйлесу қызметінің төрт түрі бойынша тілдік коммуникативтік тілдер бақылауын өткізуін ұйымдастыру. А1,А2,В1 деңгейіне сәйкес қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі бірыңғай тестілік қор жоспары негізінде оқушылардың ауызекі сөйлесу қызметінің төрт түрі бойынша аралық бақылау сараптамасын көрсету.
Бесінші жол. Педагогтардың кәсіби құзырлығын көтеру
Мұғалімдердің (ағылшын тілі, география, биология, физика) кәсіби және ғылыми деңгейін магистратурада оқу арқылы көтеруінің перспективтік жоспарын құру. Көптілділікті дамыту және енгізу бойынша авторлық бағдарламалар және әдістемелік нұсқаулықтар жасау. Көптілділік білімді енгізу бойынша мұғалімдердің әдістемелік кеңестерде өз тәжірбиесімен бөлісу. PISA үлгісі бойынша тестілік тапсырмалар жасау бойынша ұжымға арналған семинар-практикум өткізу.
Қорытындылай келе, ешкім тумысынан көптілді болып тумайды, бұл үрдіс қажеттіліктен туындайды. Қазіргі уақытта көп тіл білу – өмір қажеттілігі. Осы қажеттілік негізінде көптілділік пайда болып қалыптасады және қоғамда ұлт саны қаншама көп болса, ол үшін қостілділік пен көптілділік соншама қажет.
Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік.
Байжумаева Жазира Курмангажиевна,
КММ №29 ЖОББММ директордың
оқу – тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
ШҚО,
Семей қаласы