«Ана тілі халық болып жасалғаннан бері
жандүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене
беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.»
Жүсіпбек Аймауытұлы
Көптілділік туралы ой толғау жазарда көп ойландым. Неден бастау керек? Осы көптілділіктің бізге керегі бар ма, жоқ па деген сауалдар мазалай берді. Ғаламтор, газет-журналдардан мәлімет іздегенімде, көптеген қарсы пікірлер мен жағымды ойларға да көзімді жеткіздім.
Тіл-халықтың ең негізгі байлығы. Қазір заман талабына сай үш тұғырлы тіл саясатын талдауда әр адамның өз айтар пікірі бар. Сонымен қатар осы мәселеге байланысты өз ойымды жеткізгім келеді. Менімше жас ұрпақ үш тілді білу керек.
Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі тіл екені бәріне белгілі, ағылшын тіліне келсек, ол халықаралық қатынас тілі ретінде мойындалған тіл. Себебі, білімдегі жаңашылдықтар мен жаңа технологиялардың бәрі ағылшын тілінде жүргізіледі. Әсіресе ғылыми технологияларға негізделген кітаптар мен жобаларда ағылшын тілінде жарық көруде. Халықтың рухани, мәдени құндылығымен сусындау үшін ана тілін білу керек. Әрбір адамның өз тілінде сөйлеп, білім алып, азамат болып қалыптасуы маңызға ие. «Әр елдің тілін, өнерін білген кісі өзгемен бірдейлік деңгейде сұхбаттаса алады» деген Абай атамыз. Бүгінде тіл білгеннің тіршілігі түзу. Тарих беттерін парақтасақ, Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін білгендіктен, артына мол рухани құнды мұра қалдырды. Ақын Абай Құнанбаев орысша хат танып, өзге тілді үйренсе де, өз тілін құрметтеп, артына өшпес мұра қалдырған.
Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту-қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ, орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде асырылады. Көптілді білім- көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік.
Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы күн өткен сайын артып отырған кезеңде мемлекетіміз үшін үш тілді меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайына пайдалана алатын тұлға қажеттілігі туындап отыр. Сол себепті де білім мекемелерінің алдында үш тілді оқыту технологиясының әр түрлі әдіс — тәсілдерін қолдана отырып терең білімді, ізденімпаз шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән беріледі және оларды есте сақтау қабілеттерін жетілдіре отырып еркін сөйлеуге, өз ойын айту дәрежесіне жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда тәжірибеден өтіп жатқан мектептер балабақшалар үш тілде, яғни, ағылшын, орыс, қазақ тілінде оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы терең білім беруді бастап кетті.
Мен балабақшада инновациялық әдіскермін біздің балабақшада «Үштілділік жарқын болашақтың кепілі» атты үштілділік эксперименттік алаң бар.болғандықтан, ең бастысы өз балаларымның көкірек сарайын кәусар әдебиетімізбен сусындатып, Мағжанның жауһар жырларына, Абайдың дана ойларына, Сәкеннің сырлы лирикасына ғашық етіп, жасампаз рухтың өлмегендігін паш еткім келеді. Ең бастысы, жүрегі «Отаным, Қазағым,Тілім» деп соғатын ұлттық сана-сезімі жоғары, ұлтжанды балалар тәрбиелеу.
Өз іс-тәжірибемізде балаларға оқу іс әрекетінде жаңа сөздерді пысықтау мақсатында әр түрлі интерактивті әдістерді пайдаланамын. Мысалы «Сөзді тап» әдісін пайдаланған кезде тақтаға шыққан балаға тақтаға арқасымен қарап орындыққа отырғызылды. Бұл әдіс оқушылардың сөздерді дұрыс жазу, оларды дұрыс айту, дұрыс сөйлеу және тыңдап түсіну дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, «алма» сөзін алуға болады. Тақтаға шақырылған бала, осы сөзді тақтада қазақша, орысша, ағылшынша айтып, немесе оның суретін салып, түсініктеме береді. Орындықта отырған оқушы сөзді ойлап табады, айтады, осыдан кейін тақтаға бұрылып, өз жауабының дұрыс екенін тексереді. Осы сөзді үш тілде айтқызамын. Бұл жұмыстың бір жақсысы балалардың оқу іс әрекетіне деген қызығушылығын арттырады, екінші жағынан орыс тілінде және ағылшын тілінде айта алады.
Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл балалардың болашақта халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде: «Біздің болашағымыз білікті де, білімді жастардың қолында»- деп атап көрсетсе, сол жастарды мектепке дейінгі ұйымдардан бастап, дайындауға көш алдында болайық. Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейе түсері сөзсіз.
Абенова Гульмира Сартаевна
Астана қаласы
№85 «Мейіржан» санаториялық
балабақшасы
Инновациялық әдіскер