Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылы 13 мамырда қабылдаған қаулысына сәйкес, Көкшетау қаласындағы №18 орта мектепке Сәкен Нұрмұқанұлы Жүнісовтың есімі берілді, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола), Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Ол жан-жақты, парасатты, өнердің әрбір саласынан өзін танытқан тұлға. Жазушылықтан бөлек, карикатуралар салған, домбыра, пианино, мандолин аспаптарында ойнап, ән айтқан. Сондай-ақ, қазақша күреске қатысқан. Шығармашылығын өлең жазудан бастап, прозамен жалғастырады.
Тың көтеру процесінің қазақ халқының тұрмысына, менталитетіне тигізген әсері туралы баяндап, өз күйзелісін білдірген. Жарты ғасырға жуық шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан. Сәкеннің «Ақан сері» дилогиясы, «Жапандағы жалғыз үй», «Аман-ай мен Заман-ай» романдары қалың оқырман қауымнан да, сыннан да жоғары баға алған.
Прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері ретінде танылған Сәкен Жүнісов қазақ әдебиетінің маңызды кезеңдерін бейнелеген сүбелі шығармалар берген, халық өмірінің көркем шежіресі секілді сыр шертеді. Ол – ел-жұртына кеңінен танылған, халықтың сері азаматы, қадірменді ұлы, шын мәніндегі халық жазушысы.