Home » Ашық сабақтар » Көктем келді (тәжірибе барысындағы шығармашылық)

Көктем келді (тәжірибе барысындағы шығармашылық)

Улыкманова Жадыра Кульжановна

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

ЖШС «Каспий өңірі «Болашақ» колледжі»

«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту»

мамандығының арнайы пәндер оқытушысы

Мақсаты:

Білімділік: студенттерге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы күрделі әрі қызықты екенін үйрету.

Дамытушылық: ертегілер, ұлттық ойындар арқылы салт-дәстүрге тәрбиелеу.

Тәрбиелік: Өз мамандықтарын бағалауға, балалармен жұмыс жасауға тәрбиелеу. Топпен жұмыс жасай білуге, бастаған істерін соңына дейін жеткізуге баулу.

Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, әңгімелеу, тақпақтар, жұмбақ жасыру, сұрақ-жауаптар, ертегі кейіпкерлендіру, мадақтау, мақтау,

Барысы:

Жүргізуші: Көктем – ол қуаныштың ізгі лебі,

Қызғалдақ қыздарға арнап үзіледі.

Аспанда жақсылықтың атын жазып,

Тырналар қатар-қатар тізіледі.

— Міне, бәріміздің тағатсыздана күткен, сағынып жеткен көктем де келіп жетті. Айнала бір жайма-шуақ күйге еніп, мерекелі де берекелі күндердің бастауына себеп болып тұрғандай. Көктем келгенде – тылсым табиғат түрленіп, жер ананың жайқалып, жасыл баққа орануы бір ғажайып жаратылыс! Дала маңы у-шуға толып, бар тіршіліктің дүркіреп бір сала беретін шағы. Кектем мезгілі болғанда күн ұзарып, мал төлдеп, жануарлар ұйқысынан оянып, жыл құстары оралып, жеміс ағаштары бүршік атып гүлдейді.

(3 бала тақпақ айтады)

1-бала: Жасыл көктем келеді,

Самал беттен өбеді.

Көкте бұлттар көбейсе,

Мөлдір тамшы төгеді.

 

2-бала: Көктем болды алақай,

Қуанар барлық балақай.

Көктемде жаңбыр болады,

Бақшаға гүлдер толады.

 

3-бала: Бақшаларға гүл егіп,

Жемістерді тереміз.

Дала жасыл түске еніп,

Көктем мезгіл келеді.

Әуен ойналады. Көктемнің дауысы естіледі.

Мен көңілді көктеммін,

Былтыр келіп кеткенмін.

Көзін ашып бұлақтың,

Түбіне тал еккенмін.

Гүл болып қырда егілем,

Дән болып жерге себілем.

Жаңбыр болып жауам да,

Нұр болып көктен төгілем.

Бәйшешек гүлді сыйлаймын

Аялап оны ұстаңдар.

Көктем келді сіздерге

Бәйшешек егер гүлдесе.

Жүргізуші: (Бәйшешек гүлді алып кіреді)

-Қараңдаршы, балалар! Көктем бізге қандай керемет сиқырлы бәйшешек гүлін жолдаған. Ал, білесіңдер ме бұның неге сиқырлы екенін? Себебі, бәйшешектің жапырақтары тек біздің жүрегіміздің жылуы мен қайырымдылығынан ашылады да, сол уақытта біздің жерге көктем келеді. Сондықтан, бұл сиқырлы гүлді біз жаман адамдардың қолынан сақтауымыз керек.

Әуен ойналады. Залға бесқонақ кіреді.

-Мен қатыгез бесқонақ,

Желді, мұз бен тайғанақ.

Гүлдер бәйшешек, қызғалдақ,

Тұрмас ешбір гүл жайнап!

(Жүргізушінің қолындағы гүлді алып, шығып кетеді)

Жүргізуші:

-Балалар, біздің бәйшешек гүліміз Зұлым Бесқонақтың қолына түсті. Ол біздің гүлімізді өлтіреді! Егер өлтірсе, біздің жерге көгілдір көктем келмейді! Бір нәрсе ойластыру керек.

(Залға домалаған шөп кіреді)

Жүргізуші:

(Таң қалады) Қараңдаршы балалар, мынау қаңбақ шөп бізге желмен ұшып келген. Бізге осы шөп көмектеседі, себебі ол осы жердің қыры мен сырын біледі. Жел болғанда бұл барлық жерді шарлап домалайды, сондықтан ол Бесқонақтың қайда тұратынын білуі тиіс. Осының артынан біз де бірге жүрейік, көрейік қайда баратынын. (Қаңбақ шөпті есікке қарай домалатып жібереді)

(Домбыраның дауысы естіледі, ән естіліп, залға атпен шауып Алдар кіріп, залды айнала жүріп, әндетеді)

Алдар Көсе:

Мен – Алдармын, Алдармын,

Сақалымды талдармын,

Сақал түгіл мұрт та жоқ,

Шайтанды да алдармын.

-Бр-бр, қандай суық! Бесқонақ ашуына мініп, барлық жерге салқын желін шашып жүр екен ғой әлі. Бррр! Эх-хе-хе Мен Алдар, тоным жыртық-жыртық, атым болса ақсақ, осы жерде қатып қалсам, мені ешкім таба алмайды.

(Алысқа көзін салып қарайды)

-Оуу! Біреу келе жатқан сияқты. О! Мәссаған бұл аңқау Шығайбай ғой. Ей, Алдар, егер жолың болып кетсе, далада бүгін қалмайсың.

(Шығайбай кіреді, үстінде тон, басында бөрік)

Шығайбай:

-О-о-о-о-о. Мен сияқты байға жүру оңай емес, ағаш үй әлі алыста. Үйге жеткім келіп тұр. Бауырсақ жегім келп тұр. Ой-ей-ей. Бауырсақ қайда екен мен жейтін.

(Алдар Шығайбайдың көзінше ыссылап тұрған құсап қимыл жасайды)

Шығайбай:

-Бр-бр, қандай суық күн!

Алдар Көсе:

-Ассалаумағалейкум, қадірменді Шығайбай! Бүгін сондай салқын ба не?

Шығайбай: (ашулы)

-Сен не, Алдар, Бесқонақ болса ашуға мініп, салқын желін әкеліп соқты. Қандай жақсы болған үстімде жылы тон, атым да жақсы.

Алдар Көсе:

-Не айтып тұрсың, Шығайбай? Суық? Ал маған – ыссы, жылы ағаш үйдің ішінде, ыссы бауырсақпен шай ішіп отырғандай уф-уф-уф! Тіпті терледім.

Шығайбай: (Кекесінді күлкімен)

-Хе-хе-хе мына үстіңдегі тоныңнан ыссы болып тұр ма? Сен де айтады екенсің.

Алдар Көсе:

-Ыстық, ыстық. (тонымен желпітіп)

Шығайбай:

-Мынау тесік-тесік, жамау-жамау.

Алдар Көсе:

-Ол не дегенің, қадірменді Шығайбай. Күштің бәрі осында, сиқырдың бәрі де осы менің тонымда. Уф-уф терлеп кеттім осыдан.

Шығайбай: (Желкесін қасып, Алдарды айналып, тонын қарап шығады)

-Қайда сиқыр, қайдағы күш? Қане, айт!

Алдар Көсе: (жайлап, сыбырлап)

-Айта алмаймын, бұл біздің отбасымызыдың айтуға болмайтын сыры.

Шығайбай: (көзін бадырайтып)

-Сыр? Э-э-э Алдар, сен маған сенбейсің бе? Маған отбасыңның сырын айтпайсың ба?

Алдар Көсе:

-Сізге сене аламын. Өйткені сіз ең ақылды, ең қайрымды байсыз! (Шығайбай көңілденіп, сақалын сипайды) Енді тыңдаңыз, менің тоным жай тон емес, ол – керемет.

Шығайбай:

-Керемет?

Алдар Көсе:

-Бесқонақ ашуына мініп, өзінің салқын желін соққанда, тоныма күш бітеді.

Шығайбай:

-Күш бітеді?

Алдар Көсе:

-Мынау тесік, жыртықтар жай көрініп тұрса да, бұлар сиқырлы тесіктер.

-Сиқырлы тесіктер?

Алдар Көсе:

-Мына тесіктің мына жағынан Бесқонақ кіреді де, мына жағынан шығады. Кіреді шығады, кіреді шығады. Осыдан кейін ыссы болады. Бесқонақ қатты желін үрлеген сайын, соғұрлым тоным ыссылатады. Уф-уф-уф. Ыстығын-ай!

Өзінің тонына қарайды, Алдарды айналады)

Шығайбай:

-Эй, Алдар Көсе, Алдар Көсе! Сен маған тоныңды сатқың келмей ме?

Алдар Көсе:

-Ол не дегенің, қадірменді бай? Бұл керемет тон ғой!

Шығайбай:

-Сенің тоныңа бір қап теңге төлеймін. 2 қап-ақ төлейін, тек сатшы.

Алдар Көсе: (ойланады)

-Сізді мен қатты құрметтеймін, Шығайбай, сата алмаймын. Ағаш үйге дейін әлі алыс, мен тонсыз қалай барамын? Бесқонақ мені қатырып тастайды ғой.

Шығайбай:

-Сен онда, менің тонымды ал. Ал, ал. Бұл сиқырлы болмаса да, жылы.

Алдар Көсе: (ойланады)

-Ия, сіздің тоныңызды менікімен салыстыруға бола ма? Сіздікі – не, жәй ғана тон, бәрінде де бар, ал менікі керемет. Уф-уф.

Шығайбай:

-Ендеше менің атымды да қосып ал, мә ал атымды. Алдар, тонымды да, қаптағы теңгені де ал, тек тоныңды маған бер.

Алдар Көсе: (ойланады)

-Жақсы, ақыры көндірдіңіз! Сіздің айтқаныңыз болсын. Тек сізді құрметтеген соң тонымды арзан беріп жатырмын.

Шығайбай:

-Сау бол, Алдар! Мә тон, міне ат, міне қап. (Тез ауыстырып алады)

(Алдардың тонын киіп алады)

-Өзімнің сиқырлы тоныммен ауылдағыларды таң қалдырайын. Енді Бесқонақтан да қорықпаймын. Кірсін-шықсын.

(Осы сөзді айтып секіріп, көңілденіп шығып кетеді.

Алдар Көсе:

-Бррр, қандай суық, енді байдың мынадай жылы тонынан тоңбаймын. Ал, Шығайбайға тоңған жақсы.

Мен – Алдармын, Алдармын,

Сақалымды талдармын,

Сақал түгіл мұрт та жоқ,

Шайтанды да алдармын.

Жүргізуші:

-Салеметсіз бе, Алдар Көсе!

Алдар Көсе:

-Сәлемет пе, сіздер бұндай айдалада қайдан жүрсіңдер?

Жүргізуші:

-Бізді бұл жерге қаңбақ шөп әкелді. Біз Бесқонақты іздеп жүрміз.

Алдар Көсе:

-Бесқонақ? Ал ол сіздерге не үшін қажет?

Жүргізуші:

-Ол біздің сиқырлы гүлімізді алып кетті. Оны бізге көктем жіберген. Ол егер гүлімізді өлтірсе, көктем түспейді.

Алдар Көсе:

— О-о! Қиын екен жұмыстарың. Бесқонақ елдің шетінде, биік таудың үстінде тұрады, гүлді сол жерге апарды.

Жүргізуші:

-Ендеше, біз сол жерге баруымыз керек пе?

Алдар Көсе:

-Тоқтаңдар, асықпаңдар! Асығыс, адамды күлкі еткен. Ол үшін қатты дайындықтан өту керек, шапшаң мықты болу керек. Әйтпесе, Бесқонаққа жету қиын. Ал, дайынсыңдар ма? Ендеше, бастайық.

1) «Кім көп асық жинайды?»

2) «Қазақша күрес»

3) «Қол күрес»

Алдар Көсе: (Марапаттайды)

-Міне, барлық дайындықтан өттіңдер. Енді аттануға болады. Алдымен, көпті көрген үлкен әже бар. Сол кісі сізге өз ақылын береді. Тезірек болыңдар, қаңбақ шөп сіздерді көпті көрген әжеге апарады. Сау болыңдар! (Атымен шауып шығып кетеді)

Жүргізуші:

-Ендеше қаңбақ шөп бізді сол әженің үйне жеткіз. (Есікке қарай лақтырады)

Домбыра ойналып, әже кіреді. Көрпеге отырады.

Жүргізуші:

-Сәлеметсіз бе, әже? Біз сізден ақыл-кеңес алайын деп келіп тұрмыз. Көмектесесіз бе?

Әже:

-Амансыңдар ма, балаларым?! Төрлетіңдер, орналасып отырыңдар. Менің қонағым боласыңдар! Білемін, білемін, не үшін келгендеріңді. Бесқонақ сиқырлы бәйшешек гүлін алып, көктемнің келмей тұрғанын. Мен сендерге көмектесемінБесқонақты қалай жеңу керек екенін үйретемін, алдымен сендерді сынағым келіп тұр. Маған өздерің білетін тақпақтарыңды айтып беріңдерші?

1-бала: Күн шуағын шашады,

Жауын да, жауып алады.

Көктем келіп жеткенде,

Ағаштар бүршік жарады.

 

2-бала: Көлде аққу, көкте қаз,

Орманда бұлбұл сайраған.

Көптен күткен көктем кеп,

Құлпырып дала жайнаған.

 

3-бала: Көктем келді, күн шығып,

Айлар, күндер тұр күліп.

Тура анам секілді,

Мейірімді боп тұр күліп.

 

4-бала: Көктем келді жеріме,

Бақ әкелсін еліме.

Күн күлімдеп көгімде,

Шуақ шашсын төгіле.

Әже:

-Өте жақсы, балалар! Өздеріңнің білімдеріңді көрсеттіңдер! Енді тағы да не білесіңдер, кәне көрсетіңдер!

Ән: «Көктем»

Әуен ойналады. Жалмауыз кемпір кіреді, қолында қазаны, отыны. Ошақты үйіп, үстіне қазанды қойып, қасығымен араластырады.

Жалмауыз кемпір:

-Менің қарным да бос, қазаным да бос. Ет те, бидай да жоқ. Бүгін тағы сорпасыз отыратын болдым. Қарным ашты, қарным ашты.

Жүргізуші:

-Қадірлі мыстан кемпір! Біз сізге көмектесеміз.

(Басын көтеріп)

-Көмектесем? Шынымен мен сияқты бейбақ, аш кемпірге көмектесем дей ме? Маған көптен ешкім көмектескен жоқ. Ашулы Бесқонақ маған өзін күзеттіріп қойып, тамақ орнына маған кепкен таяқ берді. Шынымен қайрымды жүрек бар ма?

-Ия бар, біздің балалардың жылы жүрегі бар. Біз сізге сиқырлы бидай толы қап әкелдік. Біздің қыздар сізге тәтті, дәмдә сорпа пісіріп береді, сіз еш уақытта аш болмасын деп.

Ойын: «Бидайды төкпей жеткіз»

-Піс қазаным, піс. Міне, енді рақмет. Енді аштан өлмеймін.Шынымен де сендер қайырымды, жылы жүректі екенсіңдер.

-Ал, енді біз сізге арнап «Қара жорға» биін билеп береміз.

-Жарайды, мыстан кемпір. Енді бізді Бесқонақтың үйіне жіберіңіз.

-Кедергілерден тұрады жол,

Шыңда ұйықтап жатыр ол.

Арқан тастап өтесіңдер,

Бесқонаққа жетесіңдер.

(Мыстан кемпір жүргізушіге арқанды беріп, шығып кетеді)

Жүргізуші:

-Енді балалар, арқан арқылы жолдан өту керек. Алдар Көсенің үйреткен дайындығы қажет. Бір қатарға тұрып, жайлап өту керек.

Әуен ойналады. Бесқонақ кіреді.

Бесқонақ:

-Қап бәлем, келдіңдер ме?!

Бірақ, сендерге бәйшешекті көру қиындау.

Мен сіздерге қиын кедергі берем.

Өтіп көрің бәрің.

Жүргізуші:

-Ашулы, салқын Бесқонақ, Күннің жылуына қарсысың. Бірақ, сенің уақытың өтті, күн бізге жылуын төгеді.

Жүргізуші айнаны алып, Бесқонаққа жақындайды.

Бесқонақ:

-Ой-ой, мені мына «жақсылық» қысып барады.

Ыстық, ыстық,

«Жақсылықтан» жүрегім қысылды.

Өліп барам, өліп барам

Сіздерге бәйшешекті беріп барам!

Бесқонақ ыстықтан қашып, сақтанып, есікке қарай жақындайды, жүргізуші қолындағы гүлді алады.

Жүргізуші:

-Балалар, біз Бесқонақтан гүлді алдық, жарайсыңдар!

(Әуен ойналады Көктем кіреді.)

Мен көңілді көктеммін,

Былтыр келіп кеткенмін.

Көзін ашып бұлақтың,

Түбіне тал еккенмін.

Гүл болып қырда егілем,

Дән болып жерге себілем.

Жаңбыр болып жауам да,

Нұр болып көктен төгілем.

Бәйшешек гүлді сыйлаймын

Аялап оны ұстаңдар.

Көктем келді сіздерге

Бәйшешек егер гүлдесе.

Жүргізуші:

-Балалар, міне біз Бәйшешек гүлін құтқарып, жайнаған көктем мезгілін жерімізге алып келдік. Енді барлығымыз көктем мезгіліндей жайнап, әдемі болып жүре берейік.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.