Home » Жаңалықтар » Кәсіптік тәжірибе – мамандыққа бастар жол

Кәсіптік тәжірибе – мамандыққа бастар жол

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы кәсіптік тәжірибе оқу үрдісінде маңызды роль атқарып, болашақ мамандарды теориялық және практикалық даярлаудың арасындағы байланыстырушы буын болып табылады, себебі кәсіптік тәжірибе оқу орнының тұтас педагогикалық процесінің бөлінбейтін бір бөлігі бола тұрып, болашақ мамандарды даярлаудың теориялық және практикалық үйлесімділігін және оқу сапасы мен оның нәтижесін қамтамасыз етеді.

Кәсіптік тәжірибе білімгерлердің кәсіптік және арнайы пәндерден алған білімдерін тереңдетуге, оларды қолдануға, машықкердің тәжірибе базасындағы ұжымдық қарым-қатынас орнатуға бейімделуіне, кәсіби тұлға ретінде қалыптасу барысында өзі таңдаған мамандыққа деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде 2017 жылдың 5 сәуірінде «Жарқын болашақ иесі — бүгінгі жас маман» тақырыбында диплом алдындағы тәжірибе жұмысын қорытындылауға арналған конференция өткізілді. Конференцияның мақсаты — диплом алдындағы тәжірибеден өту барысында білімгерлердің өзбетіндік кәсіби-педагогикалық қызметке дайындық деңгейін анықтау және қорытындылау.

Конференция бағдарламасы 4 кезеңнен тұрды:

  1. Мамандық әлемінде.
  2. «Ақпаратты білген әлем билейді».
  3. Жаңа инновациялық технололгиялардың мүмкіндіктері.
  4. Кәсіби портфолио қорғау.

Конференция жұмысы колледж директоры А.Д. Биназаровтың құттықтау сөзімен ашылды. Колледж директоры диплом алдындағы тәжірибе жинақтап келген білімгерлерге бүгінгі таңда табысты болудың басты факторы білімді, өз кәсібінің маманы болу екендігін баса айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Мамандық әлемінде…» кезеңінде білімгерлер өз мамандықтарын таныстырып, мамандықтарының ерекшеліктеріне тоқталып, тәжірибе базасы мен тәжірибенің барысы, нәтижесі жайлы мәлімет беріп өтті.

«Ақпаратты білген әлемді билейді» кезеңінде білімгерлер қазіргі білім саласында болып жатқан жаңалықтар мен тың өзгерістерге тоқталып, әр мамандыққа қатысты білім стандарттарындағы өзгертулерді атап өтті. Биылғы диплом алдындағы конференция жұмысына енгізілген бұл жұмыс түрі болашақ мамандарға өздерінің кәсіби салаларында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар болуға, ақпаратты құзырлы маман даярлауға мақсатталған.

Жаңа инновациялық технологиялардың мүмкіндіктері бөлімінде машықкерлер тәжірибе барысында өз сабақтарында, тәжірибелерінде қолданған жаңа инновациялық технологияларды қолдану жолдарына тоқталып, сабақ барысында жаңа технологияларды қолдануда қандай жетістіктерге жеткендіктерін іс жүзінде көрсете білді.

Кәсіби портфолионы қорғау кезеңінде әр мамандық бойынша жинақталған кәсіби портфолиолардың безендірілуі, жинақталуы және тәжірибе барысында атқарылған іс-шаралардың жоспарлары, материалдары сарапқа салынып, талдау жүргізілді.

Конференция соңында колледж әдіскерлері мен машықкерлер кәсіптік тәжірибе барысында жеткен жетістіктері мен тәжірибе базасында туындаған қиындықтарға тоқталып, тәжірибе базасындағы мамандардың ұсыныстары кәсіби мамандар даярлау үрдісінде басшылыққа алынсын деген шешім қабылданды. Конференция жұмысы бағдарламадағы кезеңдер бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген мамандық білімгерлерін марапаттаумен аяқталды.

Жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға ат салысатын болашақ педагог мамандарды даярлауда аянбай еңбек етуге колледж ұжымы дайын және еңбегіміздің жемісін Мәңгілік еліміздің мәртебесін көтеретін мамандар жұмысынан көретіндігімізге сеніміз мол.

Нуралиева М.Б, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары,

Жақсымбетова Н.А, директордың оқу-өндірісі жөніндегі орынбасары

Тараз қаласы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.