Кәсіби қолдау- тәжірибенің бастамасы

XXI ғасырдағы қоғам өміріндегі өзгерістер, халықаралық бәсекелестік Қазақстан Республикасында білім беру талаптарын барынша түбегейлі өзгертуге бағыттады. Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру жүйесі жаңа мазмұнды бағдарламамен жұмыс жасап жатқаны бәрімізге аян. Алғашқы бастама Назарбаев Зияткерлік мектептерінде енгізіліп, пилоттық мектептерде жоба іске асқан болатын. 2016 жылы педагог мамандарды арнайы курстардан өткізіп, жаппай жалпы орта білім беру мектептеріне көшкені белгілі. Осыған байланысты педагогтардің біліктілігін арттыру жүйесінде жаңа сипаттағы біліктілікті арттыру курстары пайда болды, олардың мазмұны мен оқыту тәсілдері жаңарды. Мұғалімдерді озық елдердің білім беру жүйесінде қолданылып жүрген оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен таныстыру, алған білімдерін  тәжірибесіне кіріктіру, жаңа технологияларды пайдалануда инновациялық ортада бейімдеу жағдайын жасау көзделді. Қазір мұғалімдер бір ғана курспен шектеліп қалған жоқ. Курстан кейінгі қолдау мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде әдістемелік орталықтар құрылды. Әдістемелік орталықтың негізгі міндеті облыс деңгейіндегі, аудан(қала) мұғалімдеріне жаңартылған білім беру мазмұны бойынша әдістемелік көмек көрсету. Білім беру жүйесінде көш бастап тұрған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін облыс деңгейінде тарату мақсатында  Павлодар қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының аға-тренерлерімен, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдерімен бірлесе отырып, көшпелі семинарлар, онлайн түрінде вебинарлар, дөңгелек үстелдер, тренинг, коучинг, семинар-практикум, шеберлік-сағаттар, конференциялар, жеке кеңес беру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Жоспар бойынша өткізіліп жатқан ауқымды жұмыс барысында  мұғалімдерге «Қалыптастырушы бағалау және кері байланыс», «Саралау әдісі», «Оқытудағы белсенді әдіс-тәсілдері», «Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту», «Командалық оқыту», «Бөлім, тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру», «Модерация үдерісі», «CLIL пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісі», «Пән арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру»  тақырыптарында осы жылдың бірінші тоқсанында (қаңтар, ақпан, наурыз айлары) өткен 120 іс-шараға облыс бойынша 2500 мұғалім қамтылды. Сонымен қатар,  Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Май, Железин, Успен аудандарында, Ақсу, Екібастұз қаласында көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Өткізіліп жатқан семинарлардың мұғалім үшін пайдалы тұстарын атап кетсем:

  1. Өткенді теориямен қатар өздері тәжірибеде жасау арқылы еске түсіреді.
  2. Мұғалімнің алға ілгерлеуін көруге болады.
  3. Сабақ беру барысында өз кемшіліктерін тауып, рефлексия жасай алуы.
  4. Өз идеясымен алмасып, ойын нақты жеткізе алатын, талдап, дәлелдеп, өзіне-өзі баға бере алатын мұғалімді көресін.

ХХІ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер», – деген екен. Жаңартылған білім беру мазмұнын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу – оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы. Мұғалім уақытты өткізу үшін әдістер қолданбайды, сабақ мақсатына жету үшін, әр жүрекке бір сәуле жағу үшін әдістер пайдаланады.

Қорыта айтқанда, бағдарламаның мәні баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қолданып, қажетке асыра білуі керек. Бағдарламаның өзі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелей берейік.

 

Қайыржан Әлмағамбетов

Павлодар қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ

«Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының менеджер-әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.