Егемен елдің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны,
ең алдымен, білім мен тәрбиенің бастауы –ұстаз қолында.
Н.Ә. Назарбаев
«Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ базасында өткен «Қазақстан Республикасында көптілді білім беру және білім мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбындағы курс жайлы әріптестеріммен ой бөліскім келеді. Курс оқуын институттың кафедра оқытушысы, тәлімгер ұстаз Нығмет Жәмиға Нәсірқызы жүргізді. Курсқа Ақтау және Жаңаөзен қалаларының орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қатысты. Курс білім мазмұнын жаңарту және көптілді білім беру жағдайында туындаған оқыту мәселелері және оның өзіндік ерекшеліктері туралы, оқу үрдісінде қолданылатын әдіс-тәсілдер мен оқушы білімін бағалау критерийлері, саралау жұмыстарын жүргізу сияқты өзекті мәселелерді қамтуға арналды. Оқу кезінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасының рөлі, оны жүзеге асыру жолдары, Ұлттық жоспардың басты бағыттары («100 нақты қадам»), Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы контекстінде білім беруді дамытудың стратегиялық бағыттарының тиімділігі талқыланды. Оқыту үрдісінде өзге тілді меңгеру барысында тіл үйренушіде туындайтын кедергі түрлері, тіл үйренушіге қолдау көрсету жолдарын қарастыру, психологиялық кедергілерді мейлінше азайту жолдарын нақтылау, жаңартылған білім мазмұнына сәйкес қазақ тілін деңгейлік оқытуда оқу мақсаттарын айқындау, білім беру мазмұнын жаңарту бағытында орта, қысқа мерзімді жоспарлау үлгілерін түсіну, білім беру үдерісінде мақсатты тұжырымдау, СМАРТ мақсаттардың ерекшеліктерін ажырата білу аясында көптеген мәселелер топ ішінде талқыланып, әріптестермен пікір алмастық, тренер қолдауымен түрлі жаттығулар, тапсырмалар орындалды. Белсенді оқыту кезінде «Кубизм», «Стоп кадр», «Желаяқ», «Ара», «Миға шабуыл», «Ішкі және сыртқы шеңбер», «Хокку», «Джигсо», «Сэндвич», «Синквейн» т.б. әдіс-тәсілдерді пайдалану тиімді екеніне көз жеткіздік. Курс бағдарламасына сай Ақтау қаласының №17 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Н.Мамедова (2-сынып), А.Баймағанбетова (7-сынып) өткізген ашық сабақтарға қатысып, әріптестеріміз З.Иралиева, Б.Кожамбетова критериалды бағалауды жүргізу ерекшеліктерімен танысып, тәжірибе алмастық. Психологиялық тренинг жүргізілді. Семинар жұмысы туралы әріптестер өз ойларын ортаға салды. Тренер Ж.Нығмет семинар жұмысын қорытындылады. Курс кезінде қысқа мерзімді сабақ жоспарын жасақтау және қорғау, жоба жазу, өзіндік тапсырмалар орындау сияқты жұмыстардың кәсіби біліктілікті қалыптастыруға игі ықпалы болды деп есептеймін. Курс тыңдаушылары теңіз жағасына барып, табиғатпен үндістікте өз білімдерін шыңдады. Топқа бөліне орындаған тілдік дағдыларды дамыту жұмысы сәтті болды.
Мұғалімдер осы біліктілікті арттыру курсы арқылы өз білім-білік дағдыларын сапалы шыңдады, өйткені теория мен тәжірибе тренинг, семинар, ширату жаттығулары арқылы қатар жүріп отырды. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» демекші, жас ұрпаққа сапалы білім беру мен өнегелі тәрбие қалыптастыру — бүгінгі күннің заманауи басты талабы. Бұл курстың мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін шыңдауда, әсіресе, мен секілді жас мамандарға берері мол болды.
Әсем Советқызы АЙТЖАНОВА,
Ақтау қаласы, №4 гимназия мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.