Кілт сөздер: құзыреттілік, кәсіби құзыреттілік, көптілділік, имидж, біліктілік, бәсекелестік
Ключевое слова: компетентность, профессиональная компетентность, полиязычие, имидж, квалификация, конкурентноспособность.
Аннотация:
В этой статье со стороны автора рассмотрена вопрос профессиональной компетентности. Автор связывает этот вопрос с объяснением того, каким должен быть профессионально- компетентностная личность специалиста-педагога. Основываясь на мнениях выдающихся ученых о компетентности, определяет конкретные требования к специалистам-педагогам. Автор в рамках этого требования остановиться вместо многоязычия в образовании позитивного имиджа профессионального компетентного лица. Со стороны автора в статье делается вывод о том, что для того, чтобы быть конкурентоспособным автором, педагог- специалисты должны знать казахский и английский языки.
Annotation:
In this article, from the author’s point of view, the issue of professional competence is considered. The author connects this question with an explanation of what a professional-competent personality of a specialist-teacher should be. Based on the opinions of outstanding scientists on competence, defines specific requirements for specialist teachers. The author, within the framework of this demand, will stop instead of multilingualism in the formation of a positive image of a professional competent person. On the part of the author, the article concludes that in order to be a competitive author, educators must know the Kazakh and English languages.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 51-бабының 5-ші тармағында «Мұғалім өзінің педагогикалық шеберлігін, парасаттылығын, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін үнемі жетілдіріп отыруға міндетті» — делінген [1]. Дәл осы мәселенің білім саласында жұмыс істейтін барлық маманға қатысы бар. Бүгінгі таңда қоғамда, әлеуметтік-мәдени өмірімізде білім жоғары құндылық ретінде ерекшеленіп отыр. Аталған құндылықтың сапалық көрсеткіші педагог-мамандардың кәсіби құзыреттілігінің даму деңгейінен көрінеді. Бұдан шығатын қорытынды сол – заманауи қоғамда педагог-мамандардан аса жоғары кәсіби құзыреттілік талап етіледі. Жалпы, ғылымда құзыреттілік ұғымын білім, білік ұғымдары арқылы анықталатын тұлғаның жеке қасиеті немесе ерекше қабілеті ретінде түсіндіреді. Құзыреттілік ұғымының аясы өте кең. Педагогика ғылымында құзыреттілік ұғымын ғалымдар түрлі қырынан түсіндіріп кетеді. Мәселен, К.В. Шапошников: «Кәсіби құзыреттілік категориясын қоршаған ортамен өзара әрекет етуінде адамның кәсіби іс-әрекетін жобалау және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттері, білімі, іскерлігі және тәжірибесінің біріккен жиынтығы», — дейді [2; 9]. Автор терминнің мағынасын ашу үшін жалғыз білімге ғана үстемдік бермейді. Ғалым көрсетіп өткендей, атаудың беретін мағынасы көп қырлы, жан-жақты. Келесі бір пікірде де терминді түсіндіру үшін өзгеше қырынан келеді. Ғалым И.Н. Алмазова былай дейді: «Құзырет – адамның іс-әрекеті саласындағы білімі мен іскерлігі болса, құзыреттілік – маманның құзырлық қасиеттерін сапалы қолдана алуы тұрғысында пайымдайды» [3; 12]. Сонда маманның құзыретті болуы тек біліммен ғана шектелмейді екен. Білім мен тәжірибе қатар жүреді. Осы тұрғыда келесі ғалымның пікіріне жүгінетін болсақ, Б.Т. Кенжебеков: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез келген қызметкер, өз әрекетiмен кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса ғана кәсiби кұзыреттi болып саналады», — десе [4: 7], Л.М. Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері»,- деген анықтама береді [5; 21].
Қазіргі жаһандану заманында қай саланың маманы болсын кәсіби құзыретті болуы керек. Қоғам үлкен шапшаңдықпен еніп жатқан өзгерістерге байланысты, нақтырақ айтқанда, білім саласында білім мазмұнының жаңаруына, еңбек сапасына талаптың жоғарылуына байланысты өз ісін жетік білетін, кәсіби білігі мол мамандарды қажет етеді. Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру жеке шығармашылық қабілетті дамытуды,
педагогикалық инновацияларды дұрыс қабылдауы, күнделікті өзгеріп жататын педагогикалық ортаға тез бейімделуді қажет етеді. Педагог-мамандар құзыретті маман болу үшін лауазымдық міндеттерін ғана орындаумен шектеліп қалмай, мамандығына қажетті қабілеттерді және мемлекеттік тілді, өз елінің мәдениетін, көптілділік мәдениетін игеруі керек.
Құзыреттілік мәселесімен айналысатын ғалымдардың зерттеуінде аталмыш ұғым жеті бағытта қарастырылады. Олар мыналар: бағдарлы құзыреттілік, мәдениет танымдылық құзыреттілік, оқу-танымдық құзыреттілік, коммуникативтік құзыреттілік, ақпараттық-технологиялық құзыреттілік, әлеуметтік-еңбек құзыреттілігі, тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі [6; 14]. Осы құзыреттіліктің бәрі бір адамның бойынан табылған жағдайда, маманның имиджі қалыптасады. Имидждің мәнін В.М. Шепель былайша ашып көрсетеді: «Олардың арасындағы бастысы тәрбиелілік, білімділік, кәсібилік те мойындалуы тиіс. Осы «үш киттің» болуы тұлғаның имиджді нақты сенімділікпен ұстауына әкеледі» [7; 25]. Имидж қалыптасқан жағдайда маманның кәсіби құзыреттілігінің деңгейі көрінеді. Кәсіби жағынан өсу үдерісі – ұзақ уақыттың жемісі әрі үздіксіз ізденісті қажет етеді.
Уақыттың бір орында тоқтап қалмайтыны белгілі. Уақыт талабымен үндесу үшін қазіргі уақытта әр маманға, ең алдымен, біліктілігін көтеру талабы қойылады. Оны жүзеге асыру үшін мамандар міндетті түрде әдістемелік бірлестіктер мен шығармашылық топтарда жұмыс істейді; зерттеушілік әрекет пен инновациялық әрекет жүзеге асады, жаңа педагогикалық технологиялар игеріледі, педагогикалық жарыстар мен бәйгелерге қатысады, ұтымды тәжірибені жалғастырады, ақпараттық және қатысымдық құралдарды қолданады. Соның нәтижесінде маманның біліктілігі ғана көтерілмей, құзыреттілік деңгейі жоғарылайды.
Жоғарыда көрсетіліп кеткендей, құзыреттіліктің жеті бағытының ішінде коммуникативтік құзыреттіліктің маңызы ерекше. Бұл құзыреттіліктің аясында педагог-мамандар ең алдымен мемлекеттік тіл – қазақ тілін, одан кейін ағылшын тілін меңгеруі керек. Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, бүгінгі табалдырығын аттаған жаһандану дәуірі бәсекелестікке төтеп беру үшін тілдерді білуді талап етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет», — деп атап өтті. Сондай-ақ, «Қазақстан әлемде тұрғындары үш тілді қатар қолданатын, яғни қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – халықаралық тіл ретінде, ағылшын тілі – әлемдік экономиканың жетістікті интеграциясы ретінде, жоғары білімді елдер қатарында қабылдануы тиіс», — дейді Н. Ә. Назарбаев [8]. Ал 2011 жылғы 28 қаңтардағы Жолдауында былай деп атап өтті: «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп ойлаймын».
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында Президент көп ұлттар мекендейтін, көпконфессиялы біздің қоғамымыздың табыстарына негіз болатын жағдаяттарға тоқталған. Соның ішінде Стратегияда мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше назар аударылған, онда: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» екендігі айтылған. ҚР Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тиісті заңға сәйкес мемлекеттік тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы болып табылады» [9] деп көрсетілсе, Президенттің ұзақ мерзімді қамтыған Стратегиялық Жолдауында: «Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» делінген.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Әрбір қазақстандық өзінің парызын адал атқару керек. «Тілдердің үштұғырлығы» саясатын жүзеге асыру, яғни көптілділік мәселесін шешу «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мамандары үшін өте өзекті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қазақ тілін оқыту курсын ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Осыған дейін қазақ тілі курсынан 9 адам: 6 – өзге ұлт өкілі, 3 – жергілікті ұлт өкілі өтті. Тілдік курстар да біліктілікті арттыру курсы мәртебесінде болатынын ескерсек, бұдан былай осындай курстардан өтіп тіл үйрену, сертификатын алу сәнге айналуы тиіс.
Жалпы алғанда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында мекеменің педагог-мамандарының біліктілігін арттыру мәселесі, облыс, республика ғана емес, халықаралық дейгейде шешімін тауып отыр. Бұл туралы ақпарат төменде толық көрсетілген:
- Бектыбаева Г.Ш. — Оңтүстік Корея — 10.12.2012ж.-20.12.2012ж.
- Филинова Н.А. — Оңтүстік Корея — 10.12.2012ж.-20.12.2012ж.
- Муканова С.Д. – Сингапур — 05.12.2012ж.-15.12.2012ж.
- Бектыбаева Г.Ш. — Оңтүстік Корея — 11.11.2013ж.-28.11.2013ж.
- Сакаева А.Н. — Оңтүстік Корея — 11.11.2013ж.-28.11.2013ж.
- Шадетова А.К. — Оңтүстік Корея — 11.11.2013ж.-28.11.2013ж.
- Суртубаева Д.А. – Аустралия — 30.11.2013ж.-12.12.2013ж.
- Ибрагимова Г.К. – Аустралия — 30.11.2013ж.-12.12.2013ж.
- Мухатаев А.А. – Англия — 30.11.2013ж.-15.12.2013ж.
- Кушнир М.П. – Англия — 30.11.2013ж.-15.12.2013ж.
- Мукушева С.Б. – Англия — 30.11.2013ж.-15.12.2013ж.
- Ильясова Г.И. – Франция — 30.11.2013ж.-15.12.2013ж.
- Омаров Д.Т. – Франция — 30.11.2013ж.-15.12.2013ж.
- Акульбекова Н.З. – Ресей — 15.12.2013ж.-28.12.2013ж.
- Жайлыбаева А.Р. – Ресей — 15.12.2013ж.-28.12.2013ж.
- Мамерханова Ж.М. – Ресей — 15.12.2013ж.-28.12.2013ж.
- Муканова С.Д. — Оңтүстік Корея — 12.05.2014ж.-25.05.2014ж.
- Ташетова С.С. — Оңтүстік Корея — 12.05.2014ж.-25.05.2014ж.
- Разбекова З.К. — Оңтүстік Корея — 12.05.2014ж.-25.05.2014ж.
- Мергенов Э.Н. — Оңтүстік Корея — 12.05.2014ж.-25.05.2014ж.
- Ибрагимова Г.К. – Сингапур — 05.01.2015ж.-19.01.2015ж.
- Кузнецова С.В. — Ньюкасл (Ұлыбритания) — 10.12.2015ж.-22.12.2015ж.
- Сыздыкова А.И. — Вена қаласы (Аустрия) — 11.12.2015ж.-21.12.2015ж.
- Муканова С.Д. — Франция Севр қ. — 08.12.2016ж.-19.12.2016ж.
Осы көрсетілгендей, институт мамандары алыс және жақын шетелдерде болып, біліктілігін арттырып келген. Енді шетелде іссапарда болған мамандардың шет тілін, оның ішінде ағылшын тілін игеру деңгейіне келетін болсақ, жоғарыда көрсетілгендердің шамалы бөлігі ағылшын тілінің бастапқы деңгейін меңгерген де, басым бөлігінде бұл деңгей жоқ. Мекеменің жоспарында халықаралық деңгейдегі байланыстар қарастырылатындықтан, «Тілдердің үштұғырлылығы» саясатын жүзеге асыру қажеттілігі туындайды. Алайда, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ағылшын тілін үйрету курстары ақырындап жолға қойылып келеді. 2016-2017 жылдар аралығында курстар ұйымдастырылып, оған мамандар тартылды. Ағылшын тілінің бірінші деңгейінен 2016 жылы 14 маман өтті. Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, орта жас 30-46 жасты құрайды. Ұлттық ерекшелігіне келетін болсақ, барлығы ағылшын бастапқы А1 деңгейінде бірінші рет үйреніп жатқан қазақтар. Сондай-ақ ағылшын тілінің бірінші деңгейінен (А1) 2017 жылы 7 адам өтті, олардың орташа жас ерекшеліктері 27-54 жас аралығын құрайды, барлығының ұлты – қазақ. Ағылшын тілін меңгеру мәселесіне келгенде, оның мынандай тиімді жақтары бар:
- Ағылшын тілі – қолданылуы жағынан алдыңғы қатарда тұрған әлемдік тілдердің бірі болғандықтан, қай елге бармасаңыз да, сіздің ағылшын тілінде түсінісу мүмкіндігіңіз бар.
- Ағылшын тілін білген жағдайда еңбек нарығындағы бағаңыз өседі.
- Ағылшын тілін білу сізге қосымша табыс көзі болады.
- Тілді білу арқылы жаңа мүмкіндіктерге ие болып, бәсекелестікке қабілеттілік деңгейі артады.
«Тілдердің үштұғырлығы» саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстыр да институт мамандарының тілдік құзыреттілігінің даму динамикасын көрсетеді. Мәселен, институттың тікелей ұйымдастыруымен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінде көптілділік жобасы аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ, Облыстық білім басқармасы, КБЭМИ, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Macmillan Publisher Macmillan серіктестіктері қолдауымен және British Council-дің ұйымдастыруымен «Оқу пәндерін ағылшын тілінде оқыту тәсілдері: пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту (CLIL)» халықаралық конференциясы болып өтті. Көптілділіктің өзі – білім берудің лингвистикалық біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті жастардың қалыптасуына септігін тигізетін өзгеше тетігі. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ мен қалалық білім бөлімінің бірлесуімен ағылшын тілі мұғалімдерінің құзыреттілін дамытуға жағдай жасау мақсатында шетел тілі мұғалімдеріне арналған ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Теміртау қаласының № 27 мектебі базасында Қарағанды БАИ ұйымдастыруымен «Үштілділік – көптілді тұлғаны қалыптастыру негізі» тақырыбында облыстық семинар болып өтті. «Тілдердің үштұғырлылығы» бағдарламасының басты мақсаты – қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін орыс және ағылшын тілі дәрежесіне дейін көтеру болса, мемлекеттік тілдің жетістігі – Қазақстандағы көптілділік саясатының негізі болып саналады.
Ғалым Дж. Равен «Қазіргі заманға қоғамдағы құзыреттілік» атты еңбегінде «кәсіби құзыреттілік» терминіне жеке тұлғаның көп қасиеттерін топтайтын ұғым деген анықтама берген екен [10; 8]. Осы көп қасиеттің ішінде тұлғаның көптілділігіне үстемдік берілгені абзал. Қорыта айтқанда, кәсіби құзыретті тұлға қалыптастыруда көптілділік саясатын ұстану арқылы саннан сапаға көшіп, кәсіби маманның бәсекелестікке қабілеттілігі артпақ. Кәсіби маманның толыққанды имиджі қалыптаспақ. Ол үшін мемлекеттік тіл – міндетті тілге, ал ағылшын тілі қажетті тілге айналуы керек демекпіз. Оны шешу үшін төмендегі ұсынысымызды беріп отырмыз:
- Тілдерді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасында атап көрсеткендей, мемлекеттік тілді меңгерген мамандардың санын 2020 жылға дейін 80 пайыздан асырып, 2025 жылға таман 95 пайызға жеткізу. Ол үшін қазақ тілін білмейтін немесе бастапқы және орта деңгейде білетін мамандар үшін қазақ тілінің А1, А2, В1 деңгейлерінің курстарын ұйымдастыру қажет. Курстан өткен мамандардың тілді қаншалықты меңгергенін анықтау үшін мониторинг жасалуы керек. Мониторинг қорытындысы бойынша қазақ тілін жақсы меңгерген мамандарды ынталандыру шарасы қарастырылуы керек.
- Қазақ тілді БАҚ-пен жұмыс жасай алатын, ғылыми мақалалары мен құжаттарын мемлекеттік тілді сауатты толтыра алатын мамандардың кәсіби құзыреттілігін жоғары бағалау үрдісін қалыптастыру керек.
- Әлемдік тіл мәртебесіне ие болған ағылшын тілін меңгергендер үшін де ынталандыру шаралары қарастырылуы керек.
- Институт мамандарының ағылшын тілін үйрету курстарынан өткенін қадағалау керек.
- Белгілі бір деңгейде қалып қоймауы үшін мамандардың тілдік курстардан саты-саты бойынша өтуін қолға алу керек (ағылшын тілінің А1, А2, В1 деңгейлері)
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
2.Шапошников К.В. Контекстный подход в процессе формирования профессиональной компетентности будущих лингвистов-переводчик: Автореферат дис. … канд. пед. наук. – Йошкар-Ола, 2006. – 26 с.
3.Алмазова Н.И. Когнитивные аспекты формирования межкультурной компетентности при обучении иностранному языку в неязыковом вузе: автреф. дис. д-ра пед. наук/Н.И. Алмазова.- СПб, 2003. С.3-11.
4.Кенжебеков Б.Т. Жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру: дисс. … пед. ғыл. докт.: 13.00.08. – Қарағанды, 2005. – 267 б.
5.Митина Л.М. Психология профессионального развития учителя. – М., 1998
6.Омарова Л.Т. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастырудың педагогикалық шарттары – Алматы., 2007
7.Шепель В.М. Имиджелогия: секреты личного обаяния.-2-е изд., перераб. и доп.-М.: Культура и спорт, ЮНИТИ, 1997.-382 с.
- Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы -14.12.2012
9.Қазақстан Республикасының Конституциясы (7-бап).
10.Равен Дж. Компетентность в современном обществе: выявление, развитие и
реализация. – Москва., 2002
Туғанбаева Тілеу Сайлауовна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша
ПҚ БАИ Қоғаммен байланыс және баспа бөлімінің бас маманы