Педагогикалық ұжымды дамытуға қажетті өзгерістер. Кез — келген ұйым, соның ішінде білім беру ұйымы институционалдық сипатта болғандықтан, сондықтан оған қажет болатын өзгерістер деңгейі ұжымда қалыптасқан қарым — қатынастарға байланысты жасалады. Біліктілік арттыру курстарына келген тыңдаушылар ұжымын қарастырсақ, ондағы ұйымдастырушылық өзгерістерді білдіретін, біріншіден, ұжымның өзіндік ерекшеліктері, білім беруді ұйымдастыру тәжірибесі, педагогикалық дәстүрлері, әлеуметтік — психологиялық жағдайлары, т.б., екіншіден, ұжымның ішкі ұйымдастырылу тәртібі, педагогтардың кәсібилігі және жалпы деңгейі, ұжымның құрылымы, ондағы қарым — қатынастар, т.б.
Қалыптасқан ұжымдық құндылықтар тыңдаушыларға белгілі бір дәрежеде еркіндік пен сенімділік береді. Білім беру ұйымдарын дамыту өзгерістері қалыптасқан құндылықтардың өзгеруіне әкелетіндіктен, оларды енгізу топ мүшелерінің мақұлдауын қажет етеді. Сондықтан, ұйымдастырушылық өзгерістердің табысты жүзеге асырылуы оны ең әуелі сол топтағы адамдардың дайындығын қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болады.
Тыңдаушылардан құрылған педагогикалық ұжымның жаңа талаптарға сай өзгерістерін қамтамасыз ету ұйымдастырудың жобалауға негізделген жаңа моделін жасауды қажет етеді. Өйткені, педагогтарды бірлескен шығармашылық жұмыстарға тарту, олардың мүмкіндіктерін анықтай білу және пайдалану, өзгелермен қарым – қатынас жасау, проблемаларды талдау мен шеше білу жолдарын меңгеруде жобалау әрекеттерін ұйымдастыру тиімді болады.
Топта жүзеге асырылатын жобалау әрекеті ең алдымен, педагогтардың құзыреттілігін дамытуға бағытталса, олар оқыту барысында білім алушылармен жаңа субъектаралық қарым — қатынастар орнату арқылы білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етеді деп күтіледі.
Білім беру ұйымдарын дамытуда жобалауды жүзеге асыру тәжірибеде әлі де аз кездеседі, бүгінде бұл жұмыс педагогтарды дамыту қызметі негізінен әдістемелік семинарлар арқылы жүргізіліп отыр. Соған байланысты, педагогтарды жобалау қызметіне тарту олардың нақты іс — әрекетін жобалау арқылы өз тәжірибелері негізінде жүргізілуі тиіс.
Осылайша, біліктілік арттыру курстарына келген тыңдаушылардан құрылған педагогикалық ұжымда жаңа құзыреттілік нәтижелеріне сай мақсаттық — бағдарлы өзгерістерді жүзеге асыру үшін педагогтармен жобалау қызметін ұйымдастыру қажеттілігі және осы мақсатта ұжым мүшелерінің арнайы құзыреттіліктерін қалыптастыру міндеттері отыр.
Педагогикалық ұжымды жобалау әрекетіне тікелей қатыстыру арқылы оқытудың негіздемелері:
- жобалау барысында негізгі міндеттер қатысушылардың ойлау және іс — әрекеттерінің нәтижесі ретіндегі жобалар арқылы жүзеге асырылады;
- жобалауға қатысушылардың ойлау әрекеттері мен тәсілдерін өзгертуге мүмкіндік беріп, өзара тиімді қарым – қатынастар қалыптастыруға ықпал етеді, ал өзара түсіністік жағдайында ұйжымды жаңарту жұмыстары нәтижелі болады;
- жобалау ұжымның әрбір мүшесі үшін құндылықтары мен қабілеттерінің, дағдылары мен ішкі сенімдерінің өзгеруіне ықпал етеді;
- жобалау педагогтарға жаңа іс — әрекет түрлеріне қатысуға, оларды игеруге мүмкіндік береді, сонда — ғана олардың бойында өзгерістер жасауға қабілеттілік пайда болады;
Жобаларды бағалаудың бүгінгі күні бірнеше өлшемдері мен көрсеткіштері қалыптасып отыр, олардың ең көп пайдаланылатыны төмендегі бағалау картасы:
Өзектілігін бағалау. Жобалау оқытуда белгілі бір қиындықтар туғызып отырған проблемаларды анықтап, оны тиімді шешуге бағытталған болуы тиіс. Осындай проблемалық бағыттарды айқындау, талдау жасау арқылы негіздеу және шешу жолдарын ұсыну, жобалау маңызды мәселеге бағытталғанын көрсетеді.
Өлшемдері болуын бағалау. Жобалау нәтижесі қалыптасқан жағдайды өзгертетін, не жетілдіретін болуы керек. Ол үшін алдын ала анықтау алуды қажет ететін сұрақтар:
1) жобаның қандай көрсеткіштері нәтижелер деп есептеледі;
2) оларды қандай параметрлер арқылы өлшеуге болады және олар немен өлшенеді?
Қолжетімдігін бағалау. Жобалаудың қолжетімдік стратегиясын жүзеге асыру оның күтілетін нәтижелерінің алдын ала анықталуы және оны орындау жолдары мен механизмдерінің нақты кезеңдері мен алгоритмінің жасалуынан белгілі болады.
Шынайылығын бағалау. Жобалауды іске асыратын лайықты адамдар тобы белгіленуі, жобалаудың мазмұны мен технологиясы, қажетті ресурстары анықталуы. Осы әрекеттердің болуы жобалаудың шын мәнінде жүзеге асырылуына мүмкіндік жасайды. Уақыт шектеулерінің белгіленуін бағалау. Бұл жобалау қызметінің басталу және аяқталу мерзімдерін, орындау барысындағы аралық кезеңдерді және әрбір аралық кезеңнің мақсаты мен күтілетін нәтижелерінің нақты белгіленуінен көрінеді. Болуы мүмкін күтілетін кедергілермен тәукелелдік дәрежесінің анықталуы. Жобалау барысында осыған ұқсас тәжірибелерді зерттеу және талдау арқылы алдын ала болжау әрекеттеріне сүйене отырып, болуы мүмкін кедергілер мен қиындықтардың, одан шығатын жолдардың алдын ала белгіленуі. Жобаның өміршеңдігін бағалау. Оның мәнісі жоба жетекшілерінің алдына қойылған міндеттерді орындап, жобаны жасағаннан кейінгі жағдайын анықтау болып табылады. Бұл жоба әрі қарай жалғасуы мүмкін бе, ол үшін қандай ресурстары бар, қандай ресурстар қажет? Міне, осы талдаулардың болуы жобаның өміршеңдігін көрсетеді. |
Берілген талаптарға сай педагогикалық ұжымның дамуын қамтамасыз ететін мақсаттық — бағдарлы жобаларды ұйымдастыру және оның тиімділігін аталған көрсеткіштер арқылы бағалау жобалаудың тиімділігін қамтамасыз етеді. Жобалау жаңа педагогикалық қарым қатынастарды, оқытудың жаңа мазмұны мен технологияларын, ойлау және қызмет етудегі жаңа әрекеттерді тудырады. Жобалау негізіне білім беру процесіндегі субъектілердің жаңа қарым –қатынас түрлері, білімнің жаңа мазмұны, жаңа білім беру технологиялары, т.б. алынады.Жобалау барысындағы өзгерістерге қажеттіліктің туындауы мен ендірілген жаңалықтың институализациялауға дейінгі кезеңдердің жиынтығы бір жобалық циклды қалыптастырады.
Жоба жетекшілері мен құрастырушылар жобалауды алдында төмендегі құрылым бойынша даярлық жұмыстарын жүргізулері (жобалаушы тарапынан) қажет:
Жобалау қандай ниетпен, не үшін жүзеге асырылуы тиіс?
Күтілетін нәтиже кім үшін және қаншалықты маңызды?
Қай жерде, қайда жүзеге асырылады?
Кім оны жүзеге асырады?
Жүзеге асыру жолдары қандай?
Қандай мерзімде жүзеге асырылады?
Қандай ресурстар мен қаржы қажет болады?
Егер жобалық ұсыныс белгілі бір ниетпен қаржы бөлуді қолға алған инвестор, немесе, грант беруші үшін дайындалып жатса, онда қаржының қалай жұмсалатыны мен күтілетін нәтиже нақты көрсетіледі. Сонымен қатар, жобалық ұсыныс даярлау арқылы басқарушылар мен ұйымдастырушылар қаржылық және басқа да ресурстардың мүмкіндігін дәл бағалауға, соған сәйкес ұйымды дамыту бағыттары мен жолдарын анықтай алады.
Жобаның негізгі бөлімдері:
Аталуы;
Түйіндемесі;
Кіріспе бөлімі (жағдайды талдау, проблема қою);
Жобаны жүзеге асырудың күнтізбелік жоспары мен кезеңдері;
Жобаны жүзеге асыру барысының мониторингі, әр кезеңнің нәтижелері мен тиімділігін бағалап отыру;
Жобаның жалпы нәтижесі мен өміршеңдігін бағалау;
Жоспарланған бюджеті.
Аталуы. Жобаның аты оның мазмұнын, мақсаты мен ниетін, негізгі идеясын барынша айқын білдіретіндей болғаны жөн. Жобаның аталуынан оны кім, нені және қалай жүзеге асыратыны көрініп тұруы тиіс. Сонымен қатар, жобаның атында ешқандай артық сөз де болмағаны орынды. Жобаның аталуына көңіл аудару аса маңызды, өйткені оның нақты болуы және мақсатқа сай болуы жобаға қажетті адамдардың назарын аудара алады.
Түйіндемесі. Бұл жобалар үшін де, немесе жобалық ұсыныстар үшін де міндетті бөлім, өйткені, онда жобаның атауы нақтыланады, мәні түсіндіріледі. Түйіндеме қысқа, айқын және нақты болуы тиіс, ол әдетте жазбаша мәтіннің «мұқабасы» сипатында беріледі. Онда авторлар туралы мәлімет, жобаның мақсат-міндеттері, қажет болса, қаржылану көздері беріледі.
Кіріспе бөлімі: жағдайды талдау, проблема қою. Бұл бөлімде жобалау нысаны туралы жалпы баяндаудан бастап, жұмыстың орындалатын әрбір нақты қадамдары төмендегі ретпен көрсетіледі:
Алғашқы қадам. Жағдайды талдау негізінде проблема нақтыланып, оны шешудің қажеттігі негізделеді. Ұйым үшін өзекті болып табылатын проблеманы айқындау арқылы оны шешудің нақты жолдары көрсетіледі, сонымен қатар, олар қоғамдық — тарихи, ұлттық, жергілікті ерекшеліктер мен талаптарға сәйкес болуы міндетті.
Екінші қадам. Жағдайды талдау мен проблема қою арқылы жобаның мақсат – міндеттері нақтыланады, ресурстарға баға беріледі. Оларға әдетте, адам ресурстары, қаржылық, материалдық, әкімшілік, қоғамдық, т.б. жатқызылады.
Үшінші қадам. Бұл қалыптасқан жағдайға сай проблеманы шешу жолдарын, мақсат –міндеттерін, ресурстарын талдау негізінде жасалатын жобаны мазмұндық – құрылымдық сипаттау кезеңінен тұрады.
Жобалау идеяларын ұсынудың бірнеше әдістері бар, олардың ең қарапайымы «ойға шабуыл». Бұл әдіс өзгеріс жасау бағыты анықталып, нақты іс әрекеттерін белгілеу қажет болғанда пайдаланылады, яғни, «осы өзгерістерді жүзеге асыру үшін не жасау керек» деген сияқты сұрақтарға жауап ойға шабуыл жасау арқылы беріледі. Білім беруде бірнеше әлеуметтік топтар мүдделері тоғысатындықтан осы әдіспен жүргізілетін кездесулерде жобалаушыларға сан алуан құнды идеялар алу мүмкіндігі бар.
Қазіргі кездегі талдаулар жасау тәжірибесінде кең таратыла бастаған және тиімділігі дәлелденген құралдар қатарында SWOT-талдау жобалау алды зерттеу кезеңінде пайдалануға болады. Басында маркетнигтік зерттеулерде пайда болып, қолданысқа енген бұл құралдарды білім берудің әлеуметтік ролін бағалауда да орынды және пайдалы құралдар деп танылуда. Мысалы, әлеуметтік маңызды, немесе, ұзақ мерзімдік жобалауда ресурстарды SWOT — әдісі (Strengths – мықты жақтары, Weaknesses — әлсіз жақтары, Opportunities – мүмкіндіктері және Threats – қауіпті жақтары) арқылы бағалауға болады. Бұл жердегі мықты және әлсіз жақтары ұйымішілік қажетті ресурстар мен олардың жеткілікті – жеткіліксіздігін бағалайды. Мүмкіндіктері және қауіпті жақтары жобаның орындалуына мүмкіндік беретін, немесе, кері ықпал етуі мүмкін тұстарына баға береді. Осылайша, сапалы жасалған жоба алдындағы талдау жобаның мақсатын жүзеге асыруда жеткіліктілік (ресурстардың жобаның мақсатына сай күтілетін нәтижеге қол жеткізу үшін жеткіліктілігі) және қажеттілік (ресурстардың жобаның барлық кезеңдері үшін қажетттілікке қарай бөлінуі, бірін — бірі толықтырып отыруы) принциптерін сақтауға мүмкіндік береді.
Әлім Гүлмира Әлімқызы
«Өрлеу» БАҰО АК филиалы АОБПҚБАИ директорының орынбасары