Home » Жаңалықтар » Кәсіби біліктіліктің қоғам үшін маңызы

Кәсіби біліктіліктің қоғам үшін маңызы

    Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің қоғам үшін маңыздылығын зерттеу адамдар мен азаматтардың салауаттылығын қамтамасыз ету. Бұл мәселеге заң тұрғысынан қарайтын болсақ, медицина саласын реттейтін заңнамалар мен құқықтық – нормативтік актілерді қарастыру болашақ медицина мамандары үшін қажетті әрі  тиімді. Студенттерге азаматтардың бостандығы және құқығы туралы білу, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың нормаларын нақты жағдайларда қолдануды үйрену болашақ маман үшін маңызды болып қала бермек.

Ата Заңымыздың 29  бабында көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар. Республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы.Мемлекеттік және жекеменшік  емдеу мекемелерінде, сондай – ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі. »

Сонымен қатар барлық медицина  қызметкерлері Гиппократ антын қабылдайды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі, сондай – ақ «Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы», «Дәрі – дәрмектер туралы» заңдар өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр.

Мысалы; «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің  91 бабында дәрігерлік көмек науқастың өз еркімен және келісімімен көрсетілгендігі, ал кәмелетке толмаған науқастарға келісімді ата- анасы немесе заңды өкілдері болмаған жағдайда медициналық көмек көрсету мәселесін консилиум шешетіндігі нақтыланған және де осы кодекстің 93 бабы бойынша науқас немесе оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға құқылы. Ондай жағдайда түсінікті тілде сырқаттың соңы неге соқтыратыны, медициналық көмектен бас тартуды медициналық құжаттарға жазбаша түрде науқастың не заңды өкілінің қол қоюы арқылы  толтырылуы, ал, науқас пен заңды өкілдің қол қоюдан бас таруын медициналық құжаттарда көрсету тиіс екендігі де көрсетілген. Сонымен қатар, адамдардың келісімінсіз дәрігерлік көмек сырқат ес – түссіз жатқанда, ауру салдарынан келісімін білдіре алмайтын кезде, жүйкесінің бұзылуына байланысты қоғамға қауіп төндіру қаупі болғанда көрсетіледі.

Қазіргі кезде жұқпалы аурулардың қоғамға қауіптілігі айтарлықтай. Мысалы; туберкулездің ашық түрі, мерез, соз, АИТВ/ЖҚТБ . Осы ауруға шалдыққандардың уақытында емделмеуі қоршаған ортаға залалын тигізері анық және ол қылмысқа жатады. Сондықтан ауру адам емделмей, өзгеге жұқтырып, қашып жүргені үшін Қылмыстық кодекстің арнайы бабымен жауапқа тартылады. Мысалы; Қылмыстық кодекстің 116 бабының  2 тармағында  АИТВ /ЖҚТБ ға шалдыққан адамның ауруды қасақана басқаға жұқтырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген. Ал, 2 немесе одан да көп адамға жас өспірімдерге әдейі жұқтырса, 8 жылға дейінгі мерзімге бас еркінен айырылады. Бұл жеке адамға қатысты қылмыстық әрекеттер. Ал медицина, тұрмыстық немесе халыққа қызмет көрсету ұйымы қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше атқармауынан басқаға АИТВ/ЖҚТБ ны жұқтыруы да қылмыс санатына жатады. Заң бойынша 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқаруға, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге  бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, егер дәрігер науқасқа дер кезінде көмек көрсетпесе, Қылмыстық кодекстің 118 бабының 1 тармағында көмек көрсетуге міндетті адам дәлелді себептерсіз науқасқа көмек көрсетпесе, егер ол абайсызда науқастың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, 50 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның 3 айға дейінгі кезеңдегі жалақысының, өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не 1 жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не 2 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқаруға, не белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынады немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал енді дәрігердің уақытында ауыру адамға қол үшін бермеуі салдарынан науқас абайсызда қайтыс болса, не оның денсаулығына ауыр зиян келсе , онда 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқаруға, белгілі бір қызметпен айналысуға рұқсат берілмейді, не болмаса 5 жылға сотталады . Дәрігерлер салғырттығынан диагноз дұрыс қойылмай адам өліп не мүгедек болып қалатын болса, Қылмыстық кодекстің 114 бабымен жауапқа тартылады. Онда медицина қызметкері кәсіптік қызметтерін ұқыпсыз немесе  адал қарамау салдарынан кісі өліміне әкеп соқтырған жағдайда 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқаруға немесе белілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал денсаулыққа ауыр зиян келтірсе 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салына отырып, айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден бесжүзге дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімге қамауға алынады.

Заңдар ережелер үнемі өзгеріп, толықтырылып отырады. Денсаулық сақтау саласына қатысты заңнамалар мен құқықтық нормативтік актілерді біліп, оны іс жүзінде жүзеге асыру әрбір маманның міндеті.Сондықтан құқық негіздері пәнін оқу барысында заман талабына сай болашақ медицина қызметкері  кәсіби біліктілігін арттыруды жан – жақты дамыған,  құқықтық сауаттылығы жоғары маман ретінде жүзеге асыруы қоғам үшін маңызды.

 Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Қазақстан Республикасы Конституциясы
  2. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі
  3. Қазақстан Республикасының «Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы» заңы
  4. Қазақстан Республикасының «Дәрі – дәрмектер туралы» заңы
  5. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі
  6. «Рейтинг» газеті

ШЫМКЕНТ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІ
Құқық негіздері пәнінің оқытушысы:
Кожаналиева Дуйсенкуль Алейдаровна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.