Home » Жаңалықтар » Кәсібилік — жетістікке апарар жол

Кәсібилік — жетістікке апарар жол

Мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі – білім саласындағы мамандардың біліктілігін жоғарылатып, олардың әлеуметтік деңгейін жақсарту. Осы бағытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы  Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты 2005 жылдан бері аймақтағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін жан-жақты арттырып келеді.

Жалпы, жамбылдық «Өрлеу» филиалының ынталандыруымен облыста  түрлі семинар-тренингтер, педагогтардың біліктілігін арттыру курстары  ұйымдастырылып, сан қырлы байқаулар көпшіліктің көкейінен шығып, білім саласындағы заманауи жаңалықтармен қатар жүруге өз септігін тигізуде.

Оқу-ісі жөніндегі директорлардың орынбасарлары, білім мекемелерінің педагогтары мен жамбылдық «өрлеуліктердің» өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Үш тілді білім беруде кіріктірілген сабақтардың ерекшеліктері» атты республикалық вебинар болып өтті.  Вебинар арқылы педагогтердің үш тілді қатар алып жүрудегі кәсіби біліктілігінің дамуына кедергі жасаған бірқатар түйткілдердің түйіні тарқатылды. Сонымен қатар, білім беру саласының мазмұны өзгеріп жатқан тұста оқушылардың біріктірілген сабақтарында CLIL базасының көмегімен жаратылыстану ғылымын ағылшын тілінде үйретудегі мәселелер қарастырылды. Вебинардың қорытындысы бойынша білім саласы қызметкерлерінің жеке көзқарастарын дамытып, оларды әлеуметтік желі арқылы тарату нақтыланды.

Сонымен бірге, жуырда ауыл мектептері мұғалімдерінің арасында «Сандық ауыл мектебі» онлайн-байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқаудың мақсаты сандық құрылғыларды қолдануды жаңарту еді. Нәтижесінде көптеген  мәселелер шешіліп, қашықтағы бейне оқулықтар арқылы сабақтар жүргізудегі тәжірибе алмастырылды.

Білім саласының дамуындағы басты мақсаттардың бірі – инклюзивті білім беруді енгізу болып табылады. Орта білім саласындағы оқу бағдарламаларының жаңаруына орай «Білім беру мазмұнының жаңаруы жағдайында инклюзивті білім беруді іске асыру жолдары» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараға қалалық білім беру әкімшілігінің әдіскерлері, ЖОО-ның ғалымдары мен ұстаздары, Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту орталығының өкілдері қатысты.

Жаһандану кезеңінде халықаралық қарым-қатынас күшейген тұста бірнеше тілді білу қажеттілігі заманауи талап. Бұл сауалдар «Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбындағы облыстық семинарда,  «Үш тілді білім беруде кіріктірілген сабақтардың ерекшеліктері» атты республикалық вебинарда директорлардың орынбасарлары, мұғалімдер және аталмыш филиалдың қызметкерлері үшін қызу талқыланған еді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқанындай, «Мәңгілік Ел» бағдарламасын жүзеге асыруда әрі жастарымыздың жеке дара тұлға болып қалыптасуында педагог мамандар маңызды роль атқарады. Осыған орай, «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы құндылықтарға тәрбиелеу» тақырыбында тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, ЖОО-ры мен колледждердің    түрлі деңгейдегі педагогтарына арналған дөңгелек үстел болып өтті.

Міне, осындай жолмен «Мәңгілік Ел» бағдарламасын жүзеге асырудағы іс-шаралар адамның бойындағы көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында ойластырылды. Бүгінгі таңда әрбір азаматтың Отан алдындағы басты міндеті – «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!»  Стратегиясына жан-жақты ат салысу арқылы жеке дара шешім қабылдай біліп, жарқын ел болашағы үшін жауапкершілікті сезіне білу екендігі баршаға аян!

Сонымен қатар, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты орта білім мазмұнын жаңарту жүйесінде жалпы білім беру мектептеріндегі мұғалімдердің арасында посткурстық жұмыстар жүргізілді. Осы орайда, «Білім беру мазмұнын жаңарту тұрғысынан білімгерлердің жетістіктерін технологиясының критериалды бағалау» семинар-тренингі болып өтті.

Қорыта келгенде, педагогтардың өзін-өзі жетілдіруі кәсіби іс-әрекетінің қажетті шарты екендігі бесенеден белгілі. Сондықтан да «Өзін-өзі жетілдіру күні» іс-шарасының жоспары жамбылдық «өрлеуліктердің» ынталандырылуымен әзірленді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Елбасымыздың сарабдал саясатының жүзеге асырылуына, заманауи білім саласын қарапайым жұртшылыққа жеткізуде ауыл-аймақтарда маңызы зор.

 

Ускенбаева Жұлдыз Амангелдіқызы

Жамбыл облысы бойынша

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының

«Басқару және білім сапасы»

кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.