Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса нұр үстіне нұр болар еді. Оқу мен тәрбие — бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын күрделі процесс. Жаңа заманның жаңашыл ұстазы осы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүру оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді.
Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, Мағжан аталары айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.
Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым- қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс- тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі — өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан- жақты жетіледі.
Балабақша—мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме. Мұндай мекеменің ең алғашқы үлгісін неміс педагогы Фребель (1702—1852) ұйымдастырған (1837). Еліміздегі тұңғыш балабақша Алматы қаласында 1917 жылы ұйымдастырылып, онда 100-ге тарта бала тәрбиеленді. 1919 — 1920 жылдары Қызылорда, Торғай, Орынбор, Орда, Қостанай қалаларында 115 балабақша жұмыс істеді. 1997 жылы ҚР бойынша барлығы 1419 балабақша жұмыс істеп, 162.2 мың бала тәрбиеленді. Олардың 425-і (18,2 мың бала) қазақ, 994-і (114,0 мың бала) орыс тілдерінде тәрбие жұмысын жүргізді. Балабақшада тәрбие, білім беру жұмыстары баланың жас ерекшелігіне, күн режиміне сәйкес жасалған бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Тәрбие жұмыстарын арнайы мамандықтары бар тәрбиешілер жүргізеді. Балабақшадағы балалар 2-ден 3 жасқа дейін — бөбектер тобына, 3-тен 4 жасқа дейін —cәбилердің 1-тобына, 4-тен 5 жасқа дейін — сәбилердің 2-тобына, 5-тен 6 жасқа дейін — естиярлар, 6-дан 7 жасқа дейін — мектепке даярлық топтарына бөлінеді.
Жас ұрпақ тәрбиесі — адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Баланың шын мәнісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен еңбекті қажет ететін ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс. Ұлы Абай атамыз «Адам ата- анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы – жаманды таниды — дағы сондайдан білгені, көргені көп адам білімді болады»- десе, француз педагогы Жан Жак Руссо : «Бала туғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді»- деген екен.
Қазіргі таңда ҚР білім беру жүйесі адамгершілік және рухани дамуға, жеке тұлғаның, халықтық мәдениет, ұлттық, жалпы халықтық құндылықтардың үйлесімділігіне сүйенеді. Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Әрбір адам өзінің туа біткен қабілетін қолдана алып, біздің мемлекетімізге ғана емес, сонымен қатар Жер бетіндегі барлық адамдарға өз көмектерін ұсына алса, біз білім беру арқылы ғана қоғамымыздағы рухани-адамгершілік құндылықтарды жаңартамыз» — деген. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол-үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты-баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болуы тиіс.
Жас ұрпақты тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы –балабақша. Еліміздің ертеңгі болашағы өсіп келе жатқан жас ұрпақ болғандықтан ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау баршамыздың жауапты міндетіміз. Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол-үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты-баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болуы тиіс.
Ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінген дана халқымыз ежелден «Бала – өмір жалғасы» деп біліп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Егеменді еліміздің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге Қазақстанды паш ететін бүгінгі жас ұрпақ. Жас ұрпақты тәрбиелеуде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің айтарлықтай маңызды орын алатынын да білеміз.
Әлем білетін ғарыш қаласы деп танылған Байқоңыр қаласының іргесіндегі Төретам кентіндегі 40 жылдық тарихы бар, мыңдаған сәбилерді тәрбиелеп, қанаттандырып мектепке шығарып салып отырған № 4 «Күн нұры» балабақшасы 1979 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл балабақша 140 балаға арналған, типтік, санитарлық талаптарға сай. Қазіргі таңда балабақшада 6 топ жұмыс жасайды. Балабақшадағы балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінген. Балабақшада 17 педагог маман және 21 техникалық қызметкер барлығы 38 адам жұмыс жасайды. Балабақшамызда балаларға білім, тәлім-тәрбиемен қатар салт-дәстүр, тіл үйрету жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ, балалардың уақытында тамақтануы, мезгілінде ұйықтап, күн тәртібін сақтауы, бала денесінің дамуына әсер етеді. Біздің балабақшада баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына барлық жағдай жасалып отыр.
Осы орайда 40 жылдық тарихы бар балабақша тарихына тоқталар болсақ, Төретам кентіндегі Жанқожа батыр көшесіндегі № 4 «Күн нұры» балабақшасының негізі сонау 1979 жылы қаланып, осы кезге дейін жұмыс жасап келеді. Балабақшаны ұзақ жылдар бойы тәжірибелі ұстаз Нескен Түлкібаева басқарып, өзінің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізген.
Қазақ темір жол бөліміне қарасты №3 балабақша 1964 жылы «Хутор» ауылында ашылды.1964 жылы балабақшаның алғашқы меңгерушісі Вера Сергеевна Стадых,1969-жылы Нина Ивановна Прокофьева болып тағайындалды.
1979 жылы №3 «Хутор» ауылындағы балабақша 1979 жылы 20 наурыз айынан көшірілді. Сол кезде көп жылдан бері Төретам ауылының төрағасы болып жұмыс жасап темір жолының оқу білімінің басшысы Назинко.П.Я. Қызылорда темір жол бөлімінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбенов, станция басшысы Елубаев Б. ағаларының қатысумен балабақшаның ашылу салтанатты өтті. Осы жылдың 16 маусымынан бастап Сексембаева Маржан апай меңгеруші болып тағайындалды.
1989 жылдың 1 қаңтарынан меңгерушісі Сексембаева Маржан зейнеткерлік демалысқа шықты. 1979 жылдан бері аға тәрбиешілік жұмысын атқарып келе жатқан Нескен Төлегенқызы Түлкібаева осы жылдың 10 ақпанынан бастап меңгеруші болып тағайындалды.
1995 жылы темір жолдың үш торабы: Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы бойынша «Нарықтық қатынас жағдайында оқу-тәрбие процесіне және материалдық техникалық негізгі нығайтуға ұлттық дәстүрді енгізу» атты Респуликалық семинар болып өтті.
1997 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша Қармақшы ауданының білім бөліміне берілді. Осы 1997 жылдың 1 маусымынан бастап балабақша қаржының тапшылығына байланысты тарады.
1997 жылдың 9 маусымынан бастап балабақшаның меңгерушісі Түлкібаева Нескен Төлегенқызы балабақшаны сенімді басқаруға алып, әдіскері Дүйсенова Алмаш, шаруашылық меңгерушісі Бөлекбаева Алтынкүл 1 топпен оқу — тәрбие жұмысын жалғастырды.
1998 жылы балабақша мемлекеттік бюджетке алынды.
1999 жылы «Ұрпақтар бірлігі — ұлы мұра»деген тақырыппен ардагерлермен кездесу өткізілді. Үлкендерге мал сойылып, қан майданда қаза болған майдангерлерге құран бағышталды.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңін ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігіне байланысты 1999-2000 жылдан бастап
12 жылдық білім беру негізінде мектеп алды даярлық тобы мен «Балбөбек» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, бірыңғай мектепалды даярлық топтар болып жұмыс жасай бастады.
Осы жылдар аралығындағы оқу-тәрбие жұмыстарының жетістіктері:
-2001 жылы «Таңдаулы балабақша-2001» сайысында балабақша облыс бойынша 3 орынға ие болды.
-2003 жылдың 9 мамырында соғыс ардагерлерімен кездесу Төретам кенті әкімі Салықов Н мен Байқоңыр әкімшіліктерінің бірлесуімен өткізілді.Онда әкімшілік тарпынан сыйлықтар тапсырылды.
-2004 жылы балабақша әдіскері Байкубекова Перуза Астана қаласындағы болған Қазақстан Республикасының білім және ғылым қызметкерлерінің 3 съезіне делегат болып барып қайтты. Сонымен бірге осы балабақшада аудандық білім бөлімінің бастығы Д.Нәзікбаев пен білім бөлімінің бас маманы М.Төрешованың басқаруымен
«Облыстық семинар» болып өтті. Оған аудандағы барлық балабақшалардың қызметкерлері қатысты.
-2005 жылы облыста өтілген «Жыл тәрбиешісі — 2005» атты байқауда облыс бойынша көп жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс жасап келе жатқан Нурасилова Бақыттыкүл апай 3 орынға ие болды.
-2006 жылы «Үздік тәрбиеші — 2006» номинациясына Ахмет Ботакөз облыс бойынша марапатталды.
-2007 жылдың «Таңдаулы балабақша-2007» облыстық байқауында балабақша 2-орынға ие болды.Осы жылы балабақшада аудандық білім бөлімінің бастығы семинар өткізілді.
Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан — жақты жетілген, ақыл — парасаты мол, мәдени ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар», демекші бүгінде балабақша қызметкерлері пір тұтатын тұлғалар бар. Олар осы балабақшада талай жыл зиялы қызмет атқарып, бала тәрбиелеуде ерен еңбек сіңірген Нескен Түлкібаева мен Маржан Сексембаева және осы балабақшадан зейнеткерлікке шыққан қызметкерлер. Сонымен қатар осы балабақшада жыл сайынғы 1-қазан –қарттар күніне орай осы қарттарды шақырып, олардың еңбек жолындағы ерліктерін жыр қылып айтып, балаларға үлгі –өнеге ретінде танытады. Иә, қариясын сыйлаған, қартын құрметтеген ел ешқашан жаман болмайды. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей үлкеннің ақ батасын алып, жол бастаған жанның алдында берекелі ісінің нәтижелі болмысы айқындалары анық.
Бүгінде балабақша меңгерушісі болып Айнұр Ажимова, балабақша әдіскері Перуза Байкөбекова, психолог қызметін Ташкенбаева Айсана атқарса, тәрбиешілер, Молдабаева Бағила, Рахманова Ақзибаш, Лепесова Сәнімкүл, Өмірзақова Ақгүл, Жиенбаева Гүлнар, Қожабергенова Анар, Бадаева Гүлжан, Байсакалова Нұргүл, Нұртайлақова Бибіткүл, Кенесова Айгул, Косназарова Айгерім, Айтжанова Айнұр, бала тәрбиесінде ерекше орын алса, ән-әуез жетекшілері Ұзақова Гүлдей мен Балмырзаева Айсұлу балаларды өнерге баулуға ат салысып келеді.
Балабақшада оқыту мен тәрбиелеу үрдісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың» негізгі ережелеріне сүйеніп жүргізіледі. Балаларға 2016 ж 12 тамыз №499 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының» өтпелі 9 тақырыбы бойынша білім мен тәрбие беріледі. Барлық топтар «Тәй тәй технологиясы» бойынша жабдықталып, осы технологияны пайдана отырып ата-аналармен бірлесе талапқа сай оқу тәрбие жұмыстарын жүргізіп отырады.
Балабақшада білім мен тәрбие берудегі негізгі мақсат: Оқу-тәрбие процесінде жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдердің ең тиімді де, нәтижелі білім беру, адамгершілік қасиеті бар бүлдіршін тәрбиелеу. Баланың денсаулығын нығайту,өмірін қорғау, сауықтыру, шынықтыру шараларын жүзеге асыру.
Адамның ең биік жетістігі – адамдық борышты атқару демекші біздің ең басты жетістігіміз алдымыздағы бүлдіршіндерімізге дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ата-аналардың сенімінен шығып,алғысына бөлену. Балабақшамыздың жақсы жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің өз еңбегінің нәтижесімен, жаңалығымен біліктілігі мен білімдерінің арқасы деп білеміз.
Балабақшада баланы жан жақты зерттеп, бала бойындағы ерекше қасиеттерді ашып, оның әрі қарай дамуына жан жақты жұмыстар жасалынып отырады. Төретам кент клуб үйінде ұйымдастырылған «Бозторғай» байқауына біздің балабақшамыздың бүлдіршіндері де қатысып,топ ішінен суырылып шыққан Құрманәлі Ерсултан аудандық байқауға жолдама алып, ауданнан жүлделі І орынды иемденіп, облыстық байқаудан жүлделі ІІ орынмен оралды.
Қазақстан Республикалық Білім және ғылым министрлігінің «Жұлдыз»продюсерлік орталығы республикалық «Достар дауысы» телевизиялық шығармашылық жастар байқауында үздік өнер көрсеткен жас талант Нұртілеуқызы Жансая ІІ орынмен марапатталды.
«Ақын –халықтың жүрегінде» атты Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған республикалық шығарма және өлең байқауына балабақшамыздың бүлдіршіні Сейтбекова Інжу көркемсөз жанры бойынша мәнерлеп оқудан І орынға ие болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қоры сыйлығының иегері Martebe.kz білім порталында балалар шығармашылығына қолдау көрсету арқылы жас бүлдіршіндердің шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында өткізілген «Қыс қызығы» атты республикалық байқауға тәрбиеленуші балаларымыз қатысып жүлделі І, ІІ орындармен марапатталса, балабақшамыз «Кубокқа» ие болды.
140-тай бүлдіршін тәрбиеленіп отырған балабақшаның бүгінде болашағы жарқын. Бала тәрбиесі — өте ерте заманнан бастап адамзатты толғандырып жүрген өмірдің өзекті мәселелерінің бірі. Нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ата -ананың аялы алақанына, мейірім — шапағатына бөлінеді, ата- ананың мейірімді жүзі, жылы жүрегі, ыстық құшағынан балаға дүниеге есігі ашылады, оның дүниеге танылып, өмірді білуі осыдан басталады. Баланы болашақ өмірге, белсенді еңбекке даярлауда, оның ақыл ойы, адамгершілік- эстетикалық сезімдерін, логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруда-балаға құрметпен қарау қажет. Баланың қажеттілігі мен қызығушылығын түсіне білу -ата ананың, тәрбиешінің басты міндеті.
Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді»деген нақыл сөзінің мәні бар секілді. Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттерінің біріне айналды.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында « Мектепке дейінгі тәрбие- үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол баланың жеке бас ерекшелігін ескере отырып дамытатын орталық» делінген. Балабақшада өткізілген оқу –тәрбие жұмыстарының сапалы жүргізілуін, педагогтардың кәсіби біліктіліктерін шыңдау, олардың қаншалықты ізденушілікпен, шығармашылықпен жаңа технологияларды қолдану деңгейлерін анықтау, қажет болғанда әдістемелік көмек көрсету мақсатында бақылау жұмысы жүргізіледі. Тәрбиешінің басты міндеті- бойында ұлттық санасы қалыптасқан, дені сау, жан дүниесі бай жан- жақты азамат тәрбиелеп өсіру. «Ел боламын десен, бесігінді түзе» деп дана халқымыз айтқандай тәрбиелі, білімді ұрпақ әрқашан ұлт мақтанышы, беделі болатыны анық.
Қорыта айтқанда ұлы педагог Макаренко: «Тәрбие ішінде ешбір ұсақ- түйек деуге нәрсе жоқ. Еш нәрсені ұсақ- түйек деуге, ұмытуға хақымыз жоқ. Өз өмірімізде немесе балаңыздың өмірінде бір нәрсені ерекше деп бөлек алып, соған қатты зер салып, қалғандарын елемей қалдырсаңыз қателіктің ең зоры сол болып шығады. Ұсақ- түйектер үздіксіз, күнбе-күн, сағат сайын кездесіп отырады және өмірдің өзі сол ұсақ-түйекпен құралады, өмірдің бұл жағына басшылық көрсету және оны ұйымдастыру сіздің және біздің ең жауапты міндетіміз» -деген.
Сөз соңында Елбасымыздың «Егемен еліміздің ертеңіне тіреу, іргесіне сүйеу болатын жас ұрпақты жан-жақты білімді етіп тәрбиелеп жетілдіру басты назарда болуы тиіс» — деген ұтымды ойдан туған сөзімен аяқтай келе,еліміздің ертеңі балаларымыздың болашағы үшін тәрбие мен білімнің сара жолында ізденуден жалықпайық. Болашақ иелері бүгінгі балабақша тәрбиеленушілері екенін естен шығармай, оларға ең алдымен адами құндылықтарды бойларына сіңіруге еңбектенуіміз қажет. Осы тұрғыдан біздің ұжым бүлдіршіндердің жүрегіне сәуле шуағын сеуіп, келешекке ұмтылдыруға бар күш жігерін аямай жұмсап келетіндігі айқын.
Ажимова Айнур Раманқұлқызы,
Қызылорда облысы,Қармақшы ауданы,
Төретам кенті.
№ 4 «Күн нұры» балабақшасының меңгерушісі