Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы №10 жалпы білім беретін орта мектебі жанынан құрылған «Балдырған» шағын орталығында Тәуелсіздік мерекесінің 27 жылдығына арналған іс-шара «Күн дидарлы Қазақстан» тақырыбында ұйымдастырылды. Жалпы іс-шара мектепке дейіңгі тәрбиеленуші бүлдіршіндердің арасында өткізілді.Тәрбие сағатының мақсаты: Балалардың Отаны, Рәміздері, Елбасы, желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздік күні туралы түсініктерін молайту, отанына деген сүйіспеншіліктерін арттыруға басым болды. Кеш барысында кішкентай бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетіп, әннен де құр алақан емес екендерін аңғартты.
Оны біз мерекенің кіріспе бөлімінен де байқаған болатынбыз, кішкентай бүлдіршіндер мереке көркін «Атамекен» әнімен ашып, мерекеге арналған тақпақтарын кезекпен айтып мереке сәнін одан әрі қыздыра түсті.
Кішкентай Адия, Инабат, Бексұлтан, Айзерелердің орындауындағы жеке өлеңдері көрермендер көңілінен шықты. Шағын орталықтың қызметкерлерінің бірінші жарты жылдықтың өзінде –ақ біраз тер төгіп бүлдіршіндермен жұмыс жасағандары сезіледі. Бүлдіршіндер әнмен қоса мың бұрала би билеп жырдан шашу шашты. Туған халқының тарихын, батыр ұл-қыздардың ерлігін, жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз жырлап келеді. Сол жырларды жаттатып, көкейге түйгізіп, елімізге лайықты азамат пен азаматша болып өсулеріне көмек көрсетуге, бағыт- бағдар беруге сіз бен біздер яғни ұстаздар,тәрбиешілер, ата-аналар тікелей міндеттіміз.
Бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті, жанын қиды. Сол батырларымыздың армандаған ұрпағы біздің бүлдіршіндеріміз білімді, дені сау Отанымыздың лайықты ұл-қыздары болып өсуі қажет. Батыр бабаларымыздың қайталанбас ерлігіне тағзым етеміз. Күн дидарлы Қазақстанның жарқын келешектері өсіп келе жатқандығы бізді қуантады.
Г.Ш.Смагулова
№10 жалпы орта білім беретін мектебінің «Балдырған» шағын орталық әдіскері