Home » Жаңалықтар » Күй күмбірлеп, ән төгілді

Күй күмбірлеп, ән төгілді

Қасиетті Қызылжар төріне Жайықтың жағасынан ат терлетіп, өнерімен елді тамсандырған Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің «Шуақты өлкенің шаттығы» тақырыбында концерті болды.

 Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылып отыр. Бейбарыс, Исатай мен Махамбет, Құрманғазы мен Дина, Әбу мен Хамит, Ырысбай мен Әдидолда, Қаршыға мен Айгүл, Жұмекен мен Фариза сынды қас таланттарды қазаққа сыйлаған қасиетті тапыраққа өнерімен көпке танылып жүрген таланттардың қастерлі мекенінен ат басын бұрды.

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР Құрмет орденінің иегері Қайрат Кәкімов мырза. Сахнаның сәнін оркестрдің бас дирижері  Болат Долдашов кіргізді. Теріскейдегі ат төбеліндей азғана қазақ  кез келген өнер иелерін ыстық ықыласпен қарсы алып, сахна саңылақтарына қиқулап шабыт беріп отырады. Бүгінде сол әдетінен танбай нағыз қазақылықтың сарқылмас салтының сақталғанын көрсетті.

Сахнада жоғарыда аттары аталған атақты күйшілердің күйлері күмбірлеп, батыс ән мектебінің әндері шырқалды. Ықылас Дүкенұлының шөбересі Ақнар Шәріпбаева ғылым мен өнерді  құстың қос қанатындай серік еткен қобызшы екен. Ақнар Шәріпбаева Ықыластың күйі «Қорқытты»  ойнағанда бүкіл залда құлаққа ұрған танадай, тыныштық орнады. Күйдің құдіреттілігі мен орындау шеберлігі қатар ұштасты. Екі жарым сағатқа созылған концерттен Қызылжар жұртшылығы рухани демалып, жандары жадырады. Дәстүрлі әні мен күйі халықтың бекзат болмысы. Көненің көзіндей, жақсының сөзіндей болған ұлттық өнерді дәріптеген өнер ұжымы көршілес Ресей мемлекетінің Омбы облысындағы азғана қазаққа шаттық сыйлап қайтқан.  Көш басын Солтүстік Қазақстан облысына бұрып,  халықтың рухани азығы, қазақтың ән мен күйін жиналған жұртшылыққа паш етті.

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшысы Көпжасаров Сағынтай Сатыбалдыұлы концертке келген ақ шашты аталарымызға, ақ жаулықты аналарымызға, ел болашағы болатын жастарымызға, облыс әкімдігіне, қонақжайлық көрсеткен теріскейлік әріптестеріне ақ жарма алғысын айтып, ризашылығын білдірді. «Асуы биік оркестр» деп аталатын Дина оркестрінің тарихы жазылған кітапты Сегіз Сері атындағы облыстық филармонияға сыйлады. Бейресми 60 жылдық, ресми 30 жылдық тарихымыз бар дегенді тілге тиек етті. Ахмет Жұбанов ағамыздың бастауымен Сейілхан Құсайынов, Раушан Нұрпейісовалардың ізі қалған оркестірдің тарихы міне, осындай екен.

Кеш соңында Солтүстік Қазақстан әкімдігінің мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысының міндетін ақтарушы Досбол Нұржанұлы құттықтап, жүрек жарды  тілегін айтып, аталмыш ұжымға шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар облыс әкімінің атынан алғыс хатпен марапаттап, әкімнің ықылас гүлін ұсынды.

 

Көкбасқызы Жазира,
«Білім айнасы»

СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.