Home » Тұлға » Күй атасы – Қорқыт

Күй атасы – Қорқыт

 

Төрткүл әлем таныған пәлсапашы, ұлы жырау Қорқыт бабамыздың мерейтойын ЮНЕСКО-ның ұйғарымымен бүкіл әлем деңгейінде атап өттік. Ә. Қоңыратбаевтың: «Қорқыт жайлы 778 еңбек жазылған» дегеніне де, міне, 20 жылдан асты. Одан бері де аз дүние жазылмағаны белгілі. Қорқыт бабамыздың туған, өлген жылы, тіпті нақты қай ғасырда өмір сүргені расында әлі де талас тудырып жатыр. Әрине, бұл сұрақтар бізге дейін де талай қойылған, өкініштісі, осы сауалдарға әлі күнге дейін жауаптың болмауы. Қорқыттың дүниеге келуі қандай жұмбақ болса, оның өмірі де сондай жұмбақ күйінде. Мүмкін, оның өмірі сол жұмбақтығымен де құдіретті шығар. Қорқыттың дүниеге келуіне байланысты аңыз-әңгімелер түрік халықтарында мол екені белгілі. Солардың ішінде Сыр бойында сақталған аңыз-әфсаналардың көптігін Қорқытты зерттеуші ғалымдардың барлығы дерлік жазып қалдырған.

«Қорқыт Шығыстың ең алғашқы бақсысы» — дейді Шоқан Уәлиханов. Қорқытты қадірлеудің мың жылдың өнегесі Сыр бойында сақталған. Күллі жыраулардың, күйшілердің атасы – Қорқыт туған жерде жыршы-жыраулардың ежелден қанат жайғаны күмәнсіз. Күй атасы — Қорқыт. Міне, халық жанында сақталған сарқыт. Араға сан ғасырларды салса да Қорқыт күйлері мен жырлары бүгінгі күнмен өзектес, сарындас. Кез келген өнер туындысы әбден екшеліп, уақыт елегінен өткен маңызы мен мәйегі ғана ел есінде сақталары – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Осы орайда Қорқыт күйлерінің бүгінгі күнге жетуі баға жетпес байлық екенін айту жөн.

Анасы Қорқытты құрсағында 3 жыл көтеріп жүруі, тоғыз күн толғатуы, анасы әппақ шарана туып, оны Қорқыт жарып шығуы немесе туа сала сөйлеп кетуі т.с.с. Бұл Қорқыттың тек қана туылғанына байланысты аңыздар. Қалай болғанда да, аңыз түбі ақиқат демекші, бұл аңыздардағы ортақ жәйттер Қорқыт бабаның есімімен тығыз байланысты. Есімінің Қорқыт болып қойылуы туғанда ел-жұртты қорқытқанынан деген желі барлық аңыздарда қайталанады. Демек, оның есімі туғаннан Қорқыт екеніне шек келтіруге болмас.

Қорқыт жайлы жазылған деректердің көбісінде «Қобызды дүниеге келтірген Қорқыт» деп жазылған. Мысалы: «Күй қайнары», «Сазды аспаптар сыры», «Қорқыт ата кітабы», «Қорқытнама» т.с.с.

Қорқыт бабамыз — ұлы жырау, күйші. Ол – қобызды қасқырша ұлытып, құстарша сайратып, адамша сөйлеткен кісі. Қобыздың бар мүмкіндігін сарқа тартып, ойнау тәсілінің (техникасының) шыңына жеткен ұлы музыкант және аспапты дамытып насихаттаушы үлкен өнер иесі. Бұдан Қорқыт бабамыздың абыройы асқақтамаса, қасиеттің кемімейтіні белгілі. Қобыз аспабы түрік халықтары арасында кең тарап, қолдана бастауы, шарықтау шегіне жетуі де Қорқыт заманына, оғыз заманына, тура келеді. Скрипка аспабының дүниеге келуі XV-XVII ғасыр, ал оның бар мүмкіндігін сарқа тартып әлемге танытқан Паганини екені әмбеге аян. Әйтсе де, қобыздың көне аспап екеніне, ежелгі сақ-ғұндардан жеткен асыл мұра екеніне біз шәк келтірмейміз. Қобыздың жақ (садақ) сияқты иілген мойыны да көп нәрсені аңғартса керек. Шынында да қобызды қолға алып қырынан қарасаңыз, және бір қолыңызға саздығын (смычок) алып, қобызға көлденеңінен тақасаңыз кішкене садаққа ұқсайтынын байқайсыз. Қобыздың әр ішегі жылқының алпыс тал қылының бірлігінен тұрады. Қобыздың құлағын кергенде алпыс тал қыл әр түрлі керіледі. Сондықтан дыбыстардың шашырауы әр түрлі бағытта болып бурдон шығады. Қобыз орындаушы осы қасиетке ілесу үшін көмей тілді пайдалануға мәжбүр болады. Сыр бойының жыраулық дәстүрінде сақталған бұл ерекше феномен кез-келген орындаушының ырқына көне бермейтіндігінің сыры осында.

Қорқыттың музыкалық мұраларын жинауда есімі ерекше аталатын қазақ фольклорының жанашыры — Мардан Байділдаев. Қорқыт күйлерін орындайтын соңғы буын Ысмайыл Шәменовтың (1892-1979) орындауында он бір күйін магнитофонға жазып алған. Сөйтіп, Сыр өңіріндегі Қорқыт мұралары Мардан Келдібайұлының ыждаһатты жұмысы арқылы қолымызға түскен болатын. Қорқыттың он бір күйін нотаға түсіріп жинақтап шығарған марқұм Мұсабек Жарқынбеков. Бүгінгі таңда ғылыми айналымға түскен және қобызшылардың Қорқыт күйлері деп орындап жүргендері осы жинақтан алынған. Қаншама ғасырлардың елегінен өтіп қаншама орындаушылардың интерпретациясын көрсе де Қорқыт күйлерінің көнелігі көрініп-ақ тұрады. Қазақ және басқа да түрік халықтарының алтын бесігіне айналған Сыр бойында дүниеге келген Қорқыттан басталып жалғасын тапқан, бүгінгі күнге дейінгі аралықта бірді-бір ғасыр жырау-жыршы, күйшілерден құр алақан емес деуге болады.

Қобыз да, домбыра да – екі ішекті аспап. Осынау бірнеше мыңжылдық даму тарихы бар аспаптар біздің заманымызға дейін еш өзгеріссіз жеткеніне таңданбасқа болмайды. Бұл, әрине осы уақытқа дейін сол аспаптарды жетілдіре түсетін өнерпаз туылмады деген сөз емес. Тәңірге табынған, әруаққа сыйынған бабаларымыз қос ішекті аспаптан шыққан үнді, дыбысты тәңірдің күбіріне теңеген. Сондықтан болар қай заманда болмасын жырау, күйшілерге деген құрмет ерекше болған.

Құпиясы көп қобыздың сырлы үні кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Осы бір тылсым дыбыстарды табуға талпыну, сол дыбысты дауыспен салу көмеймен жырлауға, көмей тілді қозғауға мәжбүр еткен. Басқаша тәсілмен қобыз үнімен үндесу, қобызға ілесу мүмкін емес. Құпиясы көп қобыздың Қорқыт заманында құдіретке ие болуы, Қорқыт қозғаған көмей тілге байланысты болса керек. Сырлы сазға тұнған — Сыр бойының сағасында күй бабасы Қорқыттан бастау алып жалғасын тапқан, сан ғасырлық даму тарихы бар жыраулық дәстүр қалыптасқан.

Ұлы Қорқыт бабаның кіндік қаны тамған жер, қазақтың салт-дәстүрлерін, ырымдарын күні бүгінге дейін күнделікті өмірде қолданатын ел, қазағын былай қойғанда өзге ұлт өкілдері (орыс, кәріс, шешен, грек, украин, т.т) қазақ тілін өзге өңірдің қазақтарынан артық сөйлейтін осы аймақтың өнер төрінен лайықты өз орынын алмауы шынында да әділетсіздік еді.

Қарағайдың түбінен

Қайырып алған қобызым.

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым.

Өзі мықты, үні әдемі, сазды болуы үшін қазақ халқында қобыз аспабы күні бүгінге дейін осы әдіспен жасалып келеді.

Біздің дәуірімізге дейін бірнеше ғасыр бұрын дүниеге келген қобыз бен домбыра қаншама халықтың (түрік халықтарының) және ру мен ұлыстардың ортақ аспабы болып Х-ХI ғасырларда сол румен ұлыстар енші алып, шаңырақ құрып, халық болып орныға бастағанда Бақ қонған, Қыдыр дарыған, халқыма Құт болып киелі де қасиетті қобыз бен домбыраның қазақ халқының еншісіне кетіп осы уақытқа жеткеніне құдайға мың да бір шүкіршілік.

Ғалымдардың ғарышқа зымырандар ұшыру үшін планетамыздың тартылыс күшінің ең бәсеңдейтін нүктесін бұдан 1300 жыл бұрын Ұлы Қорқыт бабамыз «Жер кіндігі» немесе «Кіндік жер» деп атаған осы жерді таңдауы да Қорқыт ұлылығының айғағы емес пе?

Қорыта айтқанда, өлімге қарсы шығып, бақытты өмір іздеген Қорқыт адам өмірінің мәңгілігін тек өнерден, музыкадан табады. Адам жүрегін тебіренетін толғауы тоқсан түрлі күйлер шығарып, әсерлі ән мен сазды күйлер ұрпақтан-ұрпаққа тарап, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын жанымен түсінген Қорқыт «өлмейтін өмір кілті — өнерде» деген. Ал оны тарих пен уақыт та мойындаған секілді.

Маштакова Назгүл Жәдігерқызы,
«Өнер колледжі – музыкалық – эстетикалық бейіндегі
дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат» кешені» КММ
Петропавл қаласы, СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.