Мақсаты:
1) Балаларды күздің кереметімен таныстыру;
2) Күз туралы түсініктерін кеңейту;
3) Табиғатты қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Алтын күз» жазуы бар плакат, күз туралы суреттер.
Балалар музыкамен залға кіреді.
Жүргізуші:
— Саламатсыздар ма, құрметті шақырулы қонақтар! Біз бүгін сіздерді «Алтын күз» атты ертеңгілігімізді тамашалауға шақырамыз!
Бұлттар төгіп жерге шөгіп,
Дымқыл тұман басады,
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала сұры қашады.
Бой жаза алмай, ойнай алмай,
Денең мұздап тоңады,
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?
Жүргізуші: Ал, балалар, балалар,
Енді бері қараңдар.
Бізге қонақ келмекші
Сендерді бір көрмекші.
Әуелі жұмбақ жасырам
Қулығымды асырам.
Таба алсаңдар шешімін
Қонағымды ортаға шақырамын:
«Көк майсалы көрікті, алқаптағы көп егін
Бұл күндері киіпті, сары жібек көйлегін»
-Бұл не, балақайлар? (Күз)
Ән: «Күз келді алақай»
— Ертеңгілігімізді бастамас бұрын халқымыз неліктен күзді «Алтын күз» дейді. Соған тоқтала кетейік.
Сағадат:
— Күз маусымының алғашқы айы – қыркүйек. Ол – ерлік пен еңбек айларының бірі. Қойма алтын астыққа толады.
Айлана:
— Күз маусымының екінші айы – қазан. Бұл ай – жиын теріп аяқталатын, дихандар еңбек жемісіне кенелетін береке айы, берекесін қуаныштайтын мереке айы.
Нұрислам:
— Күздің соңғы айын қазақтар қараша дейді. Қараша десе дегендей, айнала қоңырқай тартады. Ағаш-қурай жапырағынан айырылып, орман-тоғай сирейді. Қара суық түсіп, қыс демі сезілетін кез.
Жүргізуші
— Балалар жеміс-жидектерді, көкөністерді қай мезгілде жинап аламыз?
Ендеше күз ханшайымын ортаға шақырайық!
Күз: — Мен – күзбін. Өте еркемін. Сәл нәрсеге бұртиып, қабағымды түйе қаламын.
Кейде болмашыға өкпелеп, көз жасымды аямай төгіп-төгіп жіберемін.
Әйтсе де, менің жомарттығым мен ақ көңілділігімді бәрі де ұнатады.
Жүргізуші:
— Балалар күз мезгілі сендерге ұнайды ма? Несімен ұнайды?
Ендеше күзге арнаған өлең, тақпақтарымызды айталық.
Мади:
Күз де келді, күз келді,
Құстар мекен іздеді.
Күз де келді, күз келді,
Қондырмайды түзге елді.
Күз де келді, күз келді,
Керек оқу бізге енді.
Милана:
Сарғайды тоғай, сап-сары маңай
Соңғы әнің айтып, құс кетті қайтып.
Жапырақ ұшты, суық та түсті
Сонда да бізге, қызық көп күзде.
Алуа:
Күн суытып келеді, жапырақтар түседі.
Астық-жеміс жиылды, қамбамызға құйылды.
Ардақты күз –мың алғыс, алдық өнім сыйыңды.
Димаш:
Жаздай күткен бәріміз, Сары алтын, сары күз,
Алтын ұя бақшада сабақ бастар шағымыз,
Көк аспаның мөлдіреп, алтын күнім елжіреп
Асыр салып жүре бер, сары көйлегің желбіреп.
Дария:
Қуандырып біздерді, кел жемісті алтын күз.
Өлкемізге күз келді, кемелдейсін халқымыз.
Жеміс мол теретін, күз дос екен бізбенен
Бәрін тауып беретін, жомарт екен күз деген.
Ерхат:
Ақтарады мырза күз, уылжыған жемісті,
Күзге бізде ризамыз, аянбаған ел үшін.
Көбейді құт береке, астық толы қамбамыз,
Құтты болсын мереке, алтын күзді тойлаймыз.
Көкөністер мен жемістер айтысы.
Ж-ші:
Өнім биыл тамаша! Көз тоймайды қараса:
Сәбіз, картоп, кәдіш пен қып-қызыл піскен қызанақ,
Қырыққабатқа қарашы!
Көкөністер мен жемістер жиыла қалып дауласты.
Көкөністер мен жемістер:
Жиналып қаппыз бәріміз,
Қайысымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға тиеді көп пайдамыз?
Қырыққабат — Амир:
Мақтанғаннан не пайда?
Менсіз дәмді щи қайда?
Мені қосса самсаға,
Бәрі жейді тамсана!
Сәбіз — Якумадин:
Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген?
Мені жеген адамдар
Кем болмайды күшке де!
Қияр — Шыңдәулет
Дәмім тілді үйірген
Мен тұздалған күйімде!
Жаңа піскен кезімде
Жейді бәрі сүйсіне!
Көкөністер мен жемістер:
Жиналып қаппыз бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға тиеді көп пайдамыз?
Ж-ші: Көкөністер бәрі де,
Денсаулыққа пайдалы
Мұны жатқа біліңдер, оларды жақсы көріңдер!
Би: «Көкөністер мен жемістер полькасы»
Күз ханшайымы: — Балалар, күз ханшайымы сендерге жұмбақтар әкелген екен, шешуін тауып көреміз бе?
Жұмбақтар:
- Іші-жұмсақ, сырты қатты.
Еті қызыл, сүті тәтті.
(Қарбыз)
- Дөп-дөңгелек доптай
Іші қызыл шоқтай
Дәмін татып көрсең,
Одан дәмді жоқтай.
(Алма)
- Бұл не деген көп киім
Жетпіс қабат көп киім
Жаңбыр жауса өтпейді,
Қабат-қабат тоны бар,
Түймелеуге жетпейді.
(Қырыққабат)
Күз: Рахмет, балалар,
Барлығыңды қимаймын,
Барымды мен сыйлаймын.
Бір айға нәр бір демім
Өздеріңмен біргемін.
(Бұлт)
Бұлт кіреді
Ән: «Күзгі жаңбыр»
Бұлт достарын шақырады.
Би: «Бұлттар биі»
Тақпақтар:
Ағылшын
Исмайл, Алихан А., Дина, Дана
Орысша
Аяулым, Алихан К., Әділ, Еркеназ, Самурат
Ән: «Күз тамаша»
Күз ханшайымы мен бұлт қоштасады.
Жүргізуші: Алтын күздің сыйы – жемістерден дәм тататын кез келген сияқты.
Құрметті қонақтар, осымен бүгінгі ертеңгілігіміз аяқталды.
Сау болыңыздар! Күз берекелі, астықты болсын демекпіз!
Байдуллина Баршагүл Нариманқызы
№45 «Алтын бала» бөбекжайының
тәрбиешісі,
Ақтөбе қаласы