Мамыр айы. Көктем айының жанға жайлы жаңбырынан кейінгі 2016-2017 оқу жылының соңғы аптасының бірінші күні. Ақшаңқан толқыны аспанға шапшыған кәрі Каспий жағалауынан орын тепкен Ақтау қаласының бірінші мектебі. Мектепке көздері нұр шашқан қара торы жігіт кіріп келді. Сөйтсек, ол республикалық «Білім айнасы» ғылыми-танымдық газетінің конвергентті журналисті Қуаныш Тұрғанбай екен. Ол мектептің мұғалімдер ұжымымен «Педагогтардың шығармашылық дағдыларын дамыту» тренингін өткізіп, мақала жазудың қыр-сырымен таныстырды. Тренинг уақытында мұғалімдерді топқа бөліп, сұрақ бере отыра, олардың ой-пікірлерін тыңдап, мақаланың міндеттері, түрлері, құрылымын түсіндіріп, бірнеше тақырыпқа мақала да жаздырып, әр айтқан сөзіне мысал келтіре отырып, кері байланыс жүргізді. Сонымен қатар, суретке түсірудің мән-мағынасы және оның өзіндік ерекшеліктерін анық көрсетіп, түсіндіре білді.
Тренинг соңында Қуаныш Тұрғанбай мұғалімдерге сертификат тапсырып, мектеп ұжымы туралы өзінің ішкі лебізін жасыра алмады. Бірінші мектепке барып, алдына бірінші болып жылы шыраймен күтіп алған мектеп директоры Рима Құлзаирқызы Құрманғазиеваға, жеті тілді меңгерген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Валида Вагифқызы Сефероваға қонақ ретінде өзінің ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыс етті. Ал, мектеп ұжымына «бірінші мектеп әрқашан бірінші болсын» деген тілек айтты. Мұғалімдер тарапынан да жақсы тілектер айтылып, естелік суретке түсті.
Мингирова Сапаргуль Чалабаевна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы,
«№1 жалпы білім беру орта мектебі» КММ