«Кітап әлемді бағындырады»

«Кітап әлемді бағындырады» акциясы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Нұр-Сұлтан қаласындағы бас кеңсесінде өтті.

Үшінші жыл қатарынан орталық аппарат мен орталық қызметкерлері өзара кітап алмасады. Биыл акцияға Педагогикалық шеберлік орталығы қосылды. Дәстүр бойынша әр қатысушы қалаған кітабын алып, сонымен қатар өзі де әріптесіне тарту жасай алады. Бір қызығы, қатысушылар сыйлық ұсынған жанның кім екенін акция кезінде ғана біле алады.

Дүниежүзілік авторлық құқық және кітап күніне орай өткен кітап алмасу шарасы Қазақстанның әр өңіріндегі Зияткерлік мектептерде ұйымдастырылды. Акцияға НЗМ қызметкерлері мен оқушылары қатысты. Биыл ата-аналар да ерекше белсендік танытты. Олар аталған шараның қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

– Аталған акцияға алғаш рет қатыстым. Мектеп тәрбиешісінен «Мама, я сам» кітабын алдым. Менің ойымша, бұл кітап маған бала тәрбиесінде көмекші құрал болады. Біз, ата-аналар, осындай әдебиетті қажетсінеміз, – дейді Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысының ата-анасы Нұргүл Сайлаубайқызы.

Бірыңғай форматқа қарамастан, әр мектеп мерекеге өз ерекшелігін енгізуге тырысып бақты. Мәселен, тараздық оқушылар сән көрсетілімінде
сүйікті шығармаларындағы кейіпкерлер бейнелерін ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар үшін әдебиеттер, кітап оқу, жазушылар және кітапханалар  туралы қызықты ақпараттар дайындалды. Семейде арнайы викторина ұйымдастырылса, ақтөбеліктер бір-біріне кітаппен қоса ашықхат, түрлі тәттілер сыйлады. Ал елордадағы физика-математикалық бағыттағы мектептің оқушылары «100 кітап» биін дайындады. Шымкент қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Зияткерлік мектептегі кітап сыйлау акциясына республикалық «Жас ұлан» мектебінің курсанттары қатысты.

Жыл сайын бүкілқазақстандық Bookcrossing 9000-ға жуық кітапсүйер жанның басын қосады. Бірегей білім беру жобасының басты мақсаты  – оқырман мәдениетін қалыптастыру және кеңінен тарату, НЗМ сияқты ірі қауымдастық мүшелері арасында ортақ ортаны құру.

–  Қазір осындай акцияны өткізу тәжірибесін республиканың барлық мектебіне таратуды жоспарлап отырмыз. Шара оқырман сауатын, әдеби талғамын дамытады, өзара қарым-қатынас орнатуға және оқырман санын көбейтуге көмектеседі, – дейді НЗМ дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.