Home » Мақалалар » Кітапхана – рухани жаңғыру жолында

Кітапхана – рухани жаңғыру жолында

Рухани жаңғыру дегеніміз не? Өскелең ұрпақ санасына қалай жеткіземіз? Міне, осы сұрақтар төңірегінде №187 М. Шоқай атындағы орта мектеп кітапханасында «Кітапхана – рухани жаңғыру жолында» атты семинар болып өтті.  Кіріспе сөзбен бастаған  облыстық қосымша білім беру орталығының тәрбие бөлімінің бөлім басшысы Г. Ақмырзаева және қалалық білім бөлімінің әдіскері А. Ибраева семинардың сәтті өтуіне тілектерін білдірді.
Семинардың басты мақсаты ақыл-ой қазынасының мекеніне айналған кітапханада рухани тәрбиені ұлықтау, өткенімізді бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың рухани жаңғыру жолында жасап жатқан еңбектерін дәріптеп, ұрпақ санасына мәдени мол мұраларымыз арқылы сіңіру. Рухани жаңғыру арқылы әлем мойындар ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті байланыстыра отырып, мектеп кітапханасы рухани жаңғыруға қатысты ұстанымдарды қолдап, ұлттың кемелденуіне, дамуына бар күшін салады.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы тәуелсіз еліміз үшін жаһандану дәуіріндегі рухани өрісіміздің жаңа бастауы болмақ. Рухани жаңғырумен қатар «Туған жер» бағдарламасының де берері, маңыздылығы арта түсті. Олай дейтініміз, кең байтақ, ұлан-ғайыр, қойнауын табиғи байлықтарға толтырған жеріміздің әр өңірінің сайы мен қыры, тауы мен тасы, даласы мен қаласы терең мағыналы сыр шертеді. Еліміздің болашағын тізгіндер бүгінгі жас ұрпақ бұлардан хабардар болуы тиіс әрі міндетті. Себебі, тарихымыздың тамырына терең бойлай алған ұрпақ отанымызға адал, елімізге талмай еңбек ететін, жауапкершілікті жете түсінетін азамат болып өсетіні бесенеден белгілі. Ал, бұл ретте жастарымыздың бәсекеге қабілетті білім алуына жағдай жасап, олардың санасына туған елі мен туған жеріне деген ерекше сезімдерін, айрықша ілтипаттарын оятып, дәріптеу арқылы ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз. 10 сынып оқушысы Кенжебек Лаура «Туған өлкем – тұнған шежіре» атты көрмеге шолу жасады. Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы. Латын әліпбиі – заман талабы. Халқымыз бақытты ұлт. Оған дәлел, көгімізде желбіреген көк байрағымыз, бекітілген шекарамыз, еңселі елтаңбамыз, ақтық демі қалғанша қорған болар айбынды әскеріміз, айналымға енген төл теңгеміз бар. Ендігі мақсат – Мәңгілік ел атанып, әлем алпауыттарымен үзеңгі қағыстырып, алты құрлықта алысып жатқан адамзаттың арасынан ойып тұрып орын алу.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жасады. Президентіміздің биылғы Жолдауында әлемнің дамығаналпауыт елдерінің қатарына қосылу үшін еліміздің атқаруға тиісті  10 міндетті нақтылап берген болатын. 9-10 сынып оқушылары 10 міндетті таныстырып шықты. Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. 2 «Ә» сынып оқушылары бірлікке, ынтымақтыққа шақыратын Әнет баба әңгімелерінен үзінді-көріністі асқан шеберлікпен орындап шықты. Болашақта кітапханаларымыздың мәні мен қызметі, келелі келбеті заман талабына сай ақпараттық технологиялармен ұштасуы кітапхана мамандарымен тікелей байланысты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияларымызға дейін смартфондар таңсық емес уақытта  мобильді кітапхана оқырмандарды кітап оқуга қызығушылығын арттырудың жаңашыл әдіс-тәсілі деп білеміз. Жүкте және оқы. Бұл қосымша құрал кітап сүйер оқырманның қызығушылығын арттырып ғана қоймай, қарбалас заманда ыңғайлы, тиімді, ұтымды дүние болмақ. Ең бастысы қол жетімді, қолдану аясы кең әрі түсінікті. Ол үшін бар болғаны ұялы байланыс құралымызға App Store, Play Market арқылы QR Code Reader қосымшасын орнатсаңыз болғаны. Бұл қосымша арқылы кітап қорымыздың барлығына жуық қазақ және әлем жазушыларымыздың шығармаларына оқуға және аудио түрінде тыңдауға мүмкіндік ала аласыз. Бұндай тың жаңалықты ірі сауда орталықтарымен, аялдамаларда көрумен қатар мектебіміздің фойесінде пайдалануға алғашқылардың бірі болып қолға алып, «100 кітап» аясында бірқатар шығармалар кодталып, мектеп оқушыларына қолжетімді болып отыр. Бұл жөнінде 9- сынып оқушысы Менғали Аружантаныстырып шықты. Тіл – халықтың ең негізгі байлығы. Заман талабына сай үштұғырлы тіл саясатын қолдаймыз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген халық даналығын естен шығармағанымыз абзал. Жастарымыздан еліміз, елбасымыз үлкен үміт күтеді. Болашақ – жастардың қолында. Еліміз үштілділікті басым бағыт етуде, осы ретте 9 сынып оқушылары үш тілде асқан патриоттық жалынмен өлең жолдарын тарту етті.
Кітапхана-библиографиялық сабақтар оқушыларымыздың, жас оқырмандарымыздың кітап оқуына, оқулықпен жұмыс жасауына көп көмегін тигізеді деп ойлаймыз. Осылайша, жаңғыру ұлттық дәстүрлердің озығынан жиренбей, жарасымды түрде жалғастыруды көздейді. Қоғамның жаңа, тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі қарыштап дамуына жол ашылып отырған тұста болашаққа ұмтылу, іздену біздің өміріміздің негізгі қағидасы болуы шарт. Семинар соңында Ә. Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Айгисинова Маржан Тұрғынбайқызы сөз алып, оқушыларға, іс-шара аясында еңбек етіп, тың жаңалық тарту еткен мектеп ұжымына алғысын білдірді. Кеш қонақтары қатарында Қызылорда Облыстық Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н. Мыңжасұлы, «Жас Отан» жастар қанаты Қызылорда қалалық филиалы басшысы Е. Б. Өткелбаев және қызметкерлері Ә. Қаһарман мен Б. Өткелбаев, «Жастар ресурсы» орталығынан Ж. Кенжебаев, Ә. Әбдрәхим, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекетттік оқытушылары «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессорлары М. Н. Аңсатова, З. Д. Тажиева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары С. К. Серікбаевтар болды. Мектеп қолөнершілерінің қолынан шыққан естелік гүлдері тарту етіліп, семинар қонақтары жаңашыл бастаманы талқылай отырып, іс-тәжірибелерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Кітапхана меңгерушісі Ж. Рахменова барлық кітап сүйер қауымға, белсенді өнер корсеткен оқушыларға, семинар қонақтарына алғыс айта отырып қорытындылады.

 Жайна Рахменова Шахарбекқызы,
№187 М. Шоқай атындағы
орта мектебінің кітапхана меңгерушісі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.