Home » Сценарийлер » Кітапхана – білімнің күншуағы (кітапханашылар күніне арналған мерекелік кеш)

Кітапхана – білімнің күншуағы (кітапханашылар күніне арналған мерекелік кеш)

 

Мақсаты: Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз, өйткені өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым  кереметтерін де содан табамыз.

Сондықтан біз, мектеп кітапханашылары,  білімнің бастауы – кітап дей отырып, кітап мәртебесін  көтерумен бірге, елімізде болып жатқан әрбір оқиғалардың насихатшысы екендігімізді  көрсетуіміз керек.

  • «Аққу» биі
  • «Қара жорға» биі
  • «Мерекем» әні

1-жүргізуші

Кітап –әлем мөлдірлік тұнығында,

Нәзіктік пен кітаптан ұлы ұғым бар.

Кітап – тарих, шежіре сан ғасырдан

Келер күннің кітапта ұрығы бар.

2- жүргізуші

Армыздар ұстаздар, кітап жанашырлары! «Кітапхана – білімнің күншуағы» атты кітапханашылардың төл мерекесіне арналған  мерекелік кешімізге  қош келдіңіздер!

1-жүргізуші

Кітап – нәзік те, тұнық әлем. Кітап – білімнің түпсіз аспаны, терең бастауы. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейі, қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазынамыз – кітап. Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «ХХІ ғасырда мәдениеттің, ғылым мен білімнің қайнар көзі – кітапхана» — деп атап өтті.

2-жүргізуші

Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы–кітапханашылар. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан –тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.

1-жүргізуші

Ғасырдан жұмбақ ашқан талай кісі.

Сырың мол, мұра ғажап арайлысың.

Сан ұрпақ сусындаған кітапхана

Сарқылмас парасаттың сарайысың – деп ақын Ақұштап Бақтыгереева жырлағандай, кітап сүйер қауымның бұлағынан бастау алып, оқырмандарына қызмет ете бастаған кітапхана – бүгінде ғасырға жуық тарихы бар білімнің, елімізді, егемендігімізді танытатын рухани орда.

Мектебіміздің ұстаз, ақыны Сұлтанова Сұлушаш апайдың сіздерге арналған «Арнауы»

        «Арнау»

Армысыздар, меймандар!

Бармысыздар, меймандар!

Кітап атты мұрадан,

Бойына байлық жиғандар.

 

Қош келдіңіздер!

Төрлетіңіздер!

Қуана қарсы аламыз,

Сіздерді біздер.

Бүгінгі мерекелік кештің,

Мәртебелі қонағы – Сіздер.

Мектебімізге қош келдің,

Сыр елінің жақсылары!

Кітап деген байлықтың,

Жанашыры, сақшылары.

 

Еңбектерің тым ауыр,

Халық жақсы біледі.

Кітапханадай сарайдың,

Сіздерсіздер жүрегі.

 

Оқырманға ой салар,

Сіздердің әр сөзіңіз.

Оқырман мен кітапты,

Табыстырар өзіңіз.

 

Кітапты көп оқыған,

Дүниедегі бай адам.

Сол байлықтың егесі,

Емессіздер жәй адам.

 

Кітап – білім бұлағы,

Өмірдің ол шырағы.

Кітапхана болсыншы,

Оқырманның тұрағы.

 

*******

Сіздердің құрметтеріңізге ән шашуымызды қабыл алыңыздар!

Ән: «Ұстазым» 

 

2-жүргізуші 

Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.

 

1-жүргізуші

Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шындаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны да өзінше бір бөлек.

2-жүргізуші

Кітап – атадан қалған асыл мұра, көненің көзі, ескінің сөзі. Ол – мәңгілікке сапар шеккен ақыл ескерткіші. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың сөзімен айтқанда, «Кітап – әр адамның өмірлік досы». Олай болса   кітапты өзіне сенімді дос еткен, кітапханамыздың жанашыр оқырмандарына  кезек береміз.

 

*********

 

1- оқушы

«Адамның асылы»  авторы: Талайлы Досымова

 

Ашығып бүгін ауырдым,

Ем болмай сөзі бауырдың.

Суықтап жаным сыздайды

Самалын аңсап сәуірдің.

 

Асқа көңіл  шаппайды,

Моншақтап терім ақпайды,

Мына мені дертімнің,

Дәруін ешкім таппайды.

 

Тыншып жаным жатпайды.

Болғаны ма бақ қайғы.

Мен іздеген асылды,

Еш жерге ешкім  сатпайды.

 

Болмаңдаршы әбігер,

Шақырмай-ақ қой дәрігер.

Қояды оны ішкен соң,

Дейді ғой удай дәрі бер.

 

Тәннің емдеп жарасын,

Дәрігер кетіп барасың.

Кім емдейді құдай-ау

Жанымның жиһан даласын?!

 

Жанымды жусан иісі бар,

Сарыала сазды күй шығар.

Рухтың биік өресі,

Адамның асыл төресі,

Ем болсын менің жаныма,

Рахымыңды құйшы бар.

 

Мұқағали жырларын,

Фаризаның сырларын.

Білесің ғой сен ғана,

Жүрегім аңсап тұрғанын

 

Кітапханашы қыздарым,

Ойымды енді бұзбағын.

Аралайын  әлемдік,

Қазынаның біз бағын.

 

2-оқушы

«Сүйемін мен кітапты» авторы: СұлтановаСұлушаш

 

Сүйемін мен кітапты

Оқимын және тұрақты

Сондықтан да көп қоям

Неге деген сұрақты?

 

Білім көзін кітаптан

Іздеймін мен жалықпай

Жиғанымды бойыма

Пайдаланам тарықпай.

 

Өзге тілдің бәрін біл

Деген Қадыр атамыз

Орыс тілі, шет тілі

Қызығына батамыз.

 

Ана тілді ардақтап

Мақтан етіп жатамыз

Өз тіліңді құрметте

Деген тағы атамыз.

 

Балаларға арналған

Ертегілер қайда екен?

Талабына заманның

Оқулықтар сай мекен?

 

Қызығатын кітапқа

Оқырмандар көп пе екен?

Комьпютерде ұзақ күн

Отырғандар көп пе екен?

 

Жауап берші сұраққа

Өкпең барма кітапқа?

Ашпай тынбай парағын

Не кінә бар  кітапта?

 

Көңіл қойсаң кітапқа

Білім теңіз кітапта

Ықылас пен оқысаң

Сүрінбейсің сұраққа.

 

3-оқушы

«Кітап мұңы»  авторы: Сұлтанова Сұлушаш

 

Сөреде қалған кітаппын,

Қойылар маған сұрақ мың.

Қайда десе оқырман?

Қиналамын таба алмай,

Жауабын қойған сұрақтың.

 

Бағалайтын барымды,

Оқырманым қалмапты,

Назар да бізге салмапты,

Жауабы дайын жалмауыз,

Интернет бізді жалмапты.

 

Болып тұр оның заманы,

Тұрса да улап сананы.

Қызықтаған жаңаны,

Оқырманым бұрыңғы,

Менен ұзап барады.

Кітапхана – тұрағым,

Оқырманым, шырағым,

Кетті қайда сол кездер,

Маған көңіл бұратын,

Әрбір үйде тұратын?

 

1-жүргізуші

 Ән: «Әдемі»

 

2-жүргізуші 

Мектеп кітапханасы – мектептің жүрегі, бір бөлігі. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық,   көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Олай болса поэзияға жаны құмар жас оқырмандарды ұстаз, ақын Талайлы Досымованың  «Ұлт руханияты» өлеңін оқуға  ортаға шақырамыз. (өлең оқушылар шеруі)

**********

4-оқушы

Күйреген күлге айналып орындары,

Үйінді топырақ пен қорым маңы

Бесігі даналықтың  даралықтың,

Іздеймін Отырардан зорымды әлі.

 

Ел басы тозып бітіп бірікпеді

Талауға түсіп дүние мүліктері

Кітабын отқа жағып Отырардың,

Байлығын басқыншы ел іріктеді.

 

Әлемде мұндай қайғы орыны бар

Александрия кітапхана сорын ұғар,

Кітабын сумен езіп адамзаттың,

Хайуандар аттап кеткен қорығын ар.

 

Жанғанмен Жалын құшып Отырарым,

Алыптың дүниеге аты мәлім.

Ұлықбек, Фарабиім өскен жерді

Қастерлеп келеді ел топырағын.

 

5-оқушы

Ұлтымның ұлылығын өшірмеген,

Келемін алтын арқау көшінде мен.

Жұмбақтас боп аталып қалсамдағы,

Қалды ма сенде түйін шешілмеген.

 

Ұлтымның ұлылығын айғақтаған,

Сыйып тұр ішіне алып байтақ далам.

Академиялық кітапхана сөресімен,

Тарихтың тереңіне бойлап барам

 

Күмәнсіз сөзім рас, айтар анық,

Өзіңдей көзім жетті жайға барып,

Ішінен күлкі шықты қанаттанып,

Феникс тағдырындай қайталанып.

 

 

Орынын Отырардың басқан белім,

Есігін егемен боп ашқанда елім.

25 жылдың табысымен кітапханам,

Мәңгілік ел жолына қосқан тегін

 

6-оқушы

Білімдінің шашып жатқан шапағатын,

Нұрлы жол –болашаққа апаратын.

Ұлттық кітапханам – қайталанбас,

Брендісі бірден бір саналатын

 

Ғажап қой сенші байлық ғаламатың,

Бойыма мың сан  толқын таралатын.

Тәңір тілек ашқанда есігіңді,

Құдірет жоқ шығар-ау жаба алатын.

 

Тұрмасам мен өзіңе жиі барып,

Байқалар бағамсыздау күйім анық.

Алланың берген сыйлы ыдысына,

Қайтайын зәмзәмыңды құйып алып.

1-жүргізуші

Ойшылдар мен білімпаздар мекені

Бәріңе аян кітапхана екені.

Кітаппен дос болуға баулитын

Кітапханашы мұнда қызмет етеді.

Өмір мәні өнер менен білімде,

Құштар болсаң көп құмартып білуге.

Қарсы алып сені дәйім  күлімдеп,

Жөнін айтып жол нұсқайды білімге. –деп ақын ағаларымыз жыр өрнектеген, кітапханашы апайлар  тағыда төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын Сіздердің құрметтеріңізге «Әкем, анам» әнін қабыл алыңыздар .

 

2-жүргізуші

Кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартылымдылығымен ерекшеленеді. Себебі күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет-журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқушы, мұғалімдер легі т.б. осылай жұмыс күні жалғасып жатады. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады. Сондықтан кітапханашы — ой-өрісі мықты, білімді, өз ісінің шебері.

 

1-жүргізуші

Ортада қалалық  №12 кітапхананың кітапханашысының орындауында  «Әйел бақыты» әнін қабыл алыңыздар.

 

2-жүргізуші

Жылы лебіздерге кезек береміз. Төл мерекелеріңізбен құттықтау сөз кезегі  әріптестеріңізге  беріледі.

 

  1 –жүргізуші

« Мереке» әнін қабыл алыңыздар

2-жүргізуші

Уақыт өзгертсе де мағынасын,

Жаңа ғасыр дамыса да құйын –жасын.

Кітапхана сақтаушы боп қала берер,

Ұлтымыздың мәдени қазынасын. – дей келе  мектеп кітапханасында еңбек етіп жүрген кітапханашы әріптестерімізге кітапхана жұмысының сан қилы әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктеріңді одан әрі шыңдап, білімді де білікті маман ретінде оқырман көңілінен шығып, олардың талаптарын қанағаттандыру бағытында еңбектеріңізге толағай  табыс тілейміз. Бүгінгі «Кітапхана – білімнің күн шуағы» атты мерекелік кешімізді аяқтаймыз. Қош сау болыңыздар!

Жолаева Айнаш Жүрсінқызы,

№253 орта мектеп кітапханашысы,

Қызылорда қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.