Home » Мақалалар » Кіріктірілген сабақтың пайдасы барма?

Кіріктірілген сабақтың пайдасы барма?

Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз.

         Біздің  «Жаңа жол» жалпы орта мектебінде оқу жылының басынан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сатыбалдиева Ақжарқын Ашрафовнаның ұйымдастыруымен кіріктірілген сабақтар өткізіліп келеді. Бұл кіріктірілген сабақтың оқушы үшін де, мұғалім үшін де пайдасы мол екеніне көзімізді жеткіздік.

       Кіріктірілген сабақ  – бұл бір оқу мазмұнының  әр түрлі саладағы жан-жақты  білімдермен байланысуы, бір-бірімен араласып кетуі. Кіріктірілген сабақтар оқушыға әлемді тануға, заттар мен құбылыстардың өзара байланыстары туралы біртұтас мағлұмат береді, олар құрылысы бойынша белгілі қалыпқа сыймайды, сондай-ақ, оқу сағаттарын барынша үнемді пайдалануға жағдай жасайды. Осындай  сабақтарда оқушылардың бейнелі ой-өрісі дамып, пәннің жалпы мазмұнын өмірмен байланыстыру арқылы шығармашылық мүмкіндіктері артады. Кіріктірілген сабақтардың құрылымы нақтылығымен, сыйымдылығымен, сабақтың әр сатысындағы оқу материалының логикалық өзара келісімімен, материалдың зор ақпараттық мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Оқу үрдісінде пәндерді  кіріктіре оқыту:
-ерекше дарынды оқушыларға мәнді де саналы оқуға;

— сабақ құрылымында проблемалық жағдайлар үлесін ұлғайтуға;

— жеке тұлғаның зерттеушілік типін қалыптастыратын оқушының ойлау әрекетін белсендіруге;
-оқушыға бір мезгілде әрекетті орындауда барлық мақсат қоюдан нәтижеге дейінгі барлық процесіне бақылау жасауға;

-алған білімдерін өмірде қолдана білуге көмектеседі.

    Атап айтар болсақ;  ағылшын тілі, география, технология пәндерінің «Табиғат біздің анамыз» тақырыбында 5-6 сынып аралығында өткізілген кіріктірілген сабаққа қатысып, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын байқадым. Осы сабаққа қатысқан оқушылардың өмірге, болашағына деген ынтасы артып қана қоймай, табиғатты қорғауға жауапты екенін сезіне білді. Және де пәндердің бір-біріне байланысты екенін ұғынды. Сабақтағы бір ерекшелік ағылшын тілі мен технология пәнінің бірігуі аясында оқушы ұлттық ою-өрнектерімізді, салт-дәстүрімізді шетелге дәріптеу арқылы оларды қадірлеу керектігін үйренді. Оқушының болашақта мамандық таңдауына көп көмегін тигізері сөзсіз. Кіріктірілген сабақтардың алға қойған мақсаты айқын, бағдары жүйелі. Зиялы азаматты – сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адамды тәрбиелеуге ұмтылады. Аталмыш білім беру бағдарламасында тәрбие мен оқыту ажырамас байланыста болады.

       Әлемдік өркениет жолындағы үздіксіз даму кезеңінде  білім мен ғылымға баса назар аудару өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Бәсекеге қабілетті халық үшін», «Бәсекеге қабілетті экономика үшін» жолдауында: «Білім берудегі жаңалық – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдың бірі» -делінген. Немесе  бұл орынды пікірді Елбасымыздың тағы бір: «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» — деген пікірімен жалғауға болады. ХХІ ғасыр бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын ғасыр екендігін ескерсек, сол ғасырда  үздік  оқытудың үлгісі бола алатын көшбасшы, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтатын Зияткерлік мектептердегі білім бағдарламалары тиімді деп айта аламыз.

       Қорыта келе, біздің мектеп ұжымына, ұйымдастырып отырған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сатыбалдиева Ақжарқын Ашрафовнаға алғысым шексіз.  

       Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығарына сенемін. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан, тәлім – тәрбие беруден, жақсы қасиеттерді бойына дарытудан, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруден шаршамаңыз дегім келеді.

Уримбекова Жадыра Турдибековна,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтарал ауданы,
«Жаңа жол» жалпы орта мектебі

 

             

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.