Home » Баяндамалар » КУРСТАН ТҮЙГЕН ОЙ

КУРСТАН ТҮЙГЕН ОЙ

Мемлекеттік тілді меңгеру — әрбір Қазақстан азаматының парызы әрі міндеті. Олай болса елімізде тұратын әрі Қазақстан азаматы саналатын әрбір өзге ұлт өкілі мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі және ауызекі сөйлеу тілін жетік меңгеруі тиіс. Бұл міндетті тек өз пәні бойынша білімі жетік, кәсіби біліктілігі жоғары, түрлі инновациялық әдіс-тәсілдер мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген мұғалімдер ғана атқара алады. Осыны ескере, жас маман есебінде өзімнің кәсіби біліктілігімді дамыту, шеберлігімді жетілдіру мақсатымен «Өрлеу» «БАҰО» филиалы АҚ Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне арналған курсқа келдім. Курс тақырыбы — «Қазақстан Республикасында көптілді білім беру және білім мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілінде оқытпайтын мектептердің қазақ тілі пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігін дамыту». Бұл курс менің кәсіби тұрғыда жаңа сатыға қадам басып, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша көкейімде жүрген көптеген сұрақтардың жауабын табуыма өз септігін тигізді. Көптілді білім беру және білім мазмұнын жаңарту жағдайында оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі сабақтарының тілдік дағдыларды қалыптастыруға негізделуі мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен оқушының ойлау деңгейінің үйлесімді болуымен тығыз байланысты. Ағылшын ғалымы Бенжамен Блум оқу кезіндегі іс-әрекеттердің атауларын «білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау» деп берсе, мен де курстан алған тәжірибемді осы әдіспен дәлелдегім келеді.

Білу. Бұл курска келмес бұрын жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жалпы мағлұматым болды. Бірақ іс жүзінде, тәжірибеде білмейтін, қиналатын да мәселелеріміз кездесіп, сан алуан сұрақтар туындап отыратын. Сол сұрақтар жауабын курс оқуы кезінде тапқандай болдым. Ол үшін тренеріміз Нығмет Жәмиға Нәсірқызына айтар алғысым шексіз.

Курс оқуы білім беру жүйесіне қатысты өзекті мәселелерді танудан басталды. Елімізде жүріп жатқан әлеуметтік реформалардың мән-мақсаты, жай-күйі көрініс тапқан түрлі мемлекеттік бағдарламалар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына әр жылғы Жолдаулары, білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты құжаттар, т.б. бойынша жүргізілген жұмыстар білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқыту мақсаттары мен міндеттерін тереңірек білуге мүмкіндік берді.

Түсіну. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселеөзге ұлт өкілдеріне білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мемлекеттік тіл — қазақ тілінің құдіретін танытуға, сөз байлығын тиімді пайдалану арқылы тілді еркін меңгеруге, оны құрметтеуге, оның мәртебесіне нұсқан келтірмеуге тәрбиелеу. Жаңартылған білім беру бағдарламасында осы мәселелер қамтылған.

Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – оның шиыршықты қағидатпен берілуі, тілдік дағдыларды қалыптастыру мақсатымен қойылатын оқу мақсаттары, бағалау түрлері, кері байланыс, рефлексия. Бағалау жүйесіне түбегейлі өзгерістің енгізілуі оқушы білімінің сапалы болуына, оның өзін-өзі, өзгелерді бағалауы арқылы ілгерілеуіне мол мүмкіндіктер беретініне тәжірибе жұмыстарында көз жеткіздім.

Түсінгенім — көптілді білім беру мен білім мазмұнының жаңаруы жағдайында оқу мақсаттарының нақты қойылуы, критериалды бағалау жүйесі ерекшеліктерінің ескерілуі, оқытудың тиімді әрі белсенді әдіс-тәсілдерінің айқындығы, бәсекеге қабілетті құзыретті тұлғаны тәрбиелеуді ұлттық құндылықтарға негіздеу.

Қолдану. Жаңартылған білім беру бағдарламасы өзгерістерге толы. Оның дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы – сабақ мазмұнына оқу мақсаттарын нақты қою, мақсатқа сай бағалау критерийлерін анықтап, саралау тапсырмаларын жасақтау, тиімді әдіс-тәсілдерді іріктеу, рефлексия жүргізу. Осыны тренинг, тәжірибелік сағаттар өткізу кезінде іс жүзінде жүзеге асыру арқылы әр тапсырманы орындау кезінде оқушы әрқашан ізденіс үстінде болатынын ұғындым. Сабақ кезінде жұппен, топпен жұмыс жасау арқылы бұрын тұйық, көп байқалмай жүрген оқушылардың жаңа қырынан танылуына, ішкі уәжінің оянуына мүмкіндік туатынына, оның пәнге деген қызығушылығы мен ынтасы артатынына, білімінің ілгерілеуі байқалатынына көзім жетті. «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін кіріктіре оқыту арқылы оқушының төрт тілдік дағдыны (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) дамытудың, қалыптастырудың, жетілдірудің әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану жолдарын үйрендім.

Курста жас мамандармен қатар тәжірибесі мол майталман ұстаздар да болды. Олардың іс-тәжірибесі, ақыл-кеңесі бағдарламаның қыр-сырын ұғуға игі ықпал етті. Өзара ынтымақтастықта бірлесе жұмыс істеген біз тілдік дағдыларды қалыптастыруға ықпал ететін түрлі әдіс-тәсілдерді жаттығу жұмыстары арқылы меңгердік. Әр дағдыны қалыптастыру әдіс-тәсіл түрлерін: «Білім дүкені», «Қабырғадағы рөл», «Оқиға картасы», «Уақыт тізбегі», «Кубизм», «Ыстық орындық», «Блиц кездесу», «ДЖИГСО», «Рөлдік ойын», «4 сөйлем», «10 сұрақ», «Кейіпкерге хат», «РАФТ», «3-2-1», т.б. білім-білік қоржынымызға жинадық. Блум таксономиясына негізделген сабақ жоспарларын жасақтадық. Жұппен, топпен жұмыс жасау ерекшеліктерін, тиімді жолдарын таңдай алу қажеттілігін, ұтымды жақтарын жаттығу арқылы ұғындық. Сонымен, өзге аудиторияда қазақ тілін меңгерту үшін баланың ішкі уәжін ояту үшін іздену, шеберлікті шыңдау керек деген тұжырымға келдім.

Талдау. Орыс мектептерінде өтілетін қазақ тілі сабақтарының мақсаты – оқушылардың сөздік қорын дамыту, еркін және сауатты сөйлеуге, ойын жазбаша бере білуге, сөйлем құрылысын меңгеруге, мәліметтерді, ақпараттарды салыстыра, қажеттісін ажырата білуге үйрету. Сондықтан сабақ жоспарларының түрлері, бағалау критерийлері, саралау жұмыстарының берілуі, оқушының оқу материалын өз бетімен еркін меңгеруіне ықпал ететін түрлі әдіс-тәсілдер түрлерін оқу үрдісінде орынды қолдану жолдары жан-жақты талқыланды.

Жинақтау. Бірнеше күн бойы курс оқуынан алған білімімізді іс жүзінде дәлелдейтін уақыт та жетті. Курс мазмұны бойынша білім-білігіміз жеке, жұптық, топтық жұмыс түрлерін орындау арқылы қорытындыланды. Өзіндік жұмыстар, жоба жұмысын қорғау, қысқа мерзімді сабақ жоспарларын жасақтау және қорғау кәсіби құзіреттілігімізді жетілдіріп, педагогикалық шеберлігімізді шыңдауға ықпал етті.

Бағалау. Курстан алған салмақты дүниелеріміз көп болды. Тәжірибелі ұстаздар Н.Таңбаева, Н.Жусипбекова, С.Оразова, Г.Нурсейтова, Ж.Узбекова, С.Ергарина, У.Куватова әр сабақ сайын өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, тренинг сабақтарының мазмұнды, қызықты өткізілуіне игі ықпал етті. Курс кезінде Ұ.Каукаева, Г.Байрамбаева, А.Азирбекова, К.Койшанова сияқты жас мұғалімдер белсенділігі өзгелерге үлгі болды. Тәжірибелік сағаттар кезінде бір-біріміздің жұмыстарымызды бағалау үрдісі арқылы курс бағдарламасы мазмұнын толық түсіндік. Тренер тарапынан берілген нақты әдістемелік көмек пен кеңес көптілді білім беру және білім мазмұнын жаңарту жағдайында оқытудың өзекті мәселелеріне толық жауап алуға мүмкіндік берді.

Курстан кейін мен алдыма айқын мақсат қойдым: шәкірттерімнің әрқашан өз ойын еркін әрі сауатты жеткізе алатын құзыретті, сыни тұрғыдан ойлауға, пікір білдіруге, бәсекеге қабілетті, креативті болуы үшін әр сабақтың мазмұнына, қолданылатын әдіс-тәсілдеріне, бағалаудың жүргізілуіне, кері байланысқа баса назар аударуым керек. Әр сабағымның сапалы өтуі менің кәсіби біліктілігімді жетілдіру баспалдағы екенін түсіндім.

А.САҒЫНҒАЛИЕВА,
№12 орта мектептің мұғалімі,
Мұнайлы ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.