Сыртқы ортаның қарқынды дамуына сәйкес бүгінде педагогикалық қызметкерлердің білім деңгейі мен кәсіби дағдыларына қойылатын талаптар да өзгеруде. Үздіксіз білім алудың, ұдайы түрде біліктілік арттырудың, бір сөзбен айтқанда, кәсіби дамудың қажеттілігі күннен-күнге артып келеді. Осыған орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілік арттыру институты облыс бойынша барлық деңгейдегі педагогтердің біліктіліктерін арттырып, кәсіби шеберліктерінің жан-жақты шыңдалуын қаматамасыз ететін негізгі құрылым болып табылады. Бүгінгі таңда институтта аймағымыздың үздік профессорлық-оқутышылар кадры шоғырланған, сапалы білім жетілдіруге арналған заманауи материалдық-техникалық және ақпараттық база құрылған, біліктілік арттыру барысында оқытудың инновациялық тәсілдері мен әдістері қолданылады және біліктілік арттыру бағдарламалары үздіксіз жетілдіріліп, жаңартылып отырады.
Ал Институт мамандарымен жүзеге асырылатын педагогтерді кәсіби қолдау және олардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін әдістемелік демеу көрсету жұмыстары педагогтерге курс барысында қол жеткізген білімін әрі қарай жалғастырып, практикада дамыта түсуін қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді және жаңартылған білім мазмұнының бағдарламасы бойынша курс тәмамдағаннан кейін кәсіби құзыреттілігін дамытып, педагогикалық шеберлігімді арттырамын, өз іс-тәжірибеммен бөлісіп, өзгелерден үйренемін деген педагогикалық қызметкерлерге әдістемелік демеуді қамтамасыз ету «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтының базасындағы Балқаш өңірі педагогтерінің кәсіби даму Орталығының басты мақсаттырының бірі болып табылады. Орталық қызметінің негізгі міндеті – білім беру мен ғылыми-зерттеушілік әрекеттерді интеграциялау негізінде және педагогикалық инновациялық іс-тәжірибелерді пайдалану арқылы Балқаш өңірі педагогтерінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту.
Балқаш Орталығында Институттың профессорлық-оқытушылық құрамының білім беру қызметтерін диверсификациялау арқылы педагогиканың өзекті мәселелері бойынша вебинарлар мен дөңгелек үстелдер, білім беруді дамытудың басым бағыттарына сәйкес оқыту семинарларын ұйымдастыру сияқты іс-шаралар алға қойылған. Балқаш, Приозерск қалалары мен Ақтоғай және Шет аудандары педагогтерінің инновациялар туралы жаңа білім жинақтау қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында келісім негізінде ағымдағы оқу жылында қысқамерзімді 8 курс, 6 оқыту және ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. 2016-2018 жылдар аралығында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында біліктілік арттыру кустарын өткізу жоспары бойынша Балқаш өңірі Орталығының базасында 417 мұғалім біліктілік арттырды. Курстық дайындық аясында курс мазмұны бойынша жинақтарға жариялануға мүмкіндік бере отырып, мұғалімдерге инновациялық педагогикалық іс-тәжірибені жинақтау және тарату ісін жүзеге асыруға демеу көрсетіледі. Сонымен қатар ағымдағы жылы қала педагогтерін кәсіби дамыту міндеттерін жүзеге асыруда маңызды үлесін қосқан Балқаш қаласының білім бөлімінің әдістемелік кабинетіне Қарағандылық «Өрлеуден» авторлық семинардың сертификаты табысталды.
Курстан кейінгі әдістемелік демеуді қамтамасыз етудің бір формасы – әдістемелік десант «Өрлеу» жаңартылған білім мазмұнымен» тақырыбымен өзінің жоспарлы жұмысын биыл Балқаш өңіріне бұрды. Десант жұмысына «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағандылық филиалының тренерлерімен «Тиімді сабақ пен тиімді оқыту негіздері» және «Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі» тақырыптары бойынша шеберлік сыныптар өткізілді. Балқаш қаласының білім беру ұйымдарының педагогтері — бастауыш сынып мұғалімдері, физика, математика, биология, химия, география, информатика, дене шынықтыру пәндерінің 500-ден астам мұғалімдері әдістемелік десанттың іс-шараларына белсене атсалысты.
Білім беру ұйымдарымен жүргізілген курстан кейінгі өзара әрекеттесу формалары әралуандылығымен ерекшеленеді. Оған Балқаш өңірі педагогтерінің кәсіби даму Орталығының ұйымдастыруымен төртінші жыл қатарынан тоқсан сайын өткізілетін іс-тәжірибе алмасудың «Презентациялық алаң» атты семинарлар циклы дәлел бола алады. Мұндай іс-тәжірибе алмасу семинарларының тақырыптары білім беруді дамытудың басым бағыттары мен өңір педагогтерінің қажеттіліктеріне сәйкес таңдалады. Мәселен, «Критериалды бағалау заманауи мектепте», «Тілді оқыту барысындағы белсенді стратегиялар», «Тұлғалық интеллектіні дамытудағы педагогикалық ізденіс» және т.б. педагогикалық өзекті тақырыптарға арналған Презентациялық алаңдыр әр мұғалімге өзінің кәсіби құзыреттілігін шыңдауға және өзінің сабақ беру, жоспарлау, мақсаттарға жету практикасындағы өзгерістерді көрсетуге көмектеседі. Презентациялық алаңдардың аясында педагогтер оқытудағы жаңа тәсілдер мен педагогикалық технологияларды енгізу бойынша өз іс-тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алады, педаготердің өз бетімен білім алуға және өзін-өзі жетілдіруге жағдай жасалады, өңір педагогтерінің алдыңғы қатарлы педагогикалық іс-тәжірибелерін зерттеу, жинақтау әрекеттері жүзеге асырылады.
Педагогтердің мәртебесін арттыру, өзін-өзі кәсіби тұрғыдан жүзеге асыруға уәждеу, педагогтердің үздік инновациялық іс-тәжірибелерін зерттеу, жинақтау және тарату мақсатында ұйымдастырылатын Педагогикалық оқулар, «Үздік әдіскер», «Ең үздік психолог», «Инклюзивті білім берудің үздік педагогі», үздік сабақ жоспарлары мен іс-шаралар әзірлемелерінің байқаулары сияқты әр алуан деңгейдегі педагогикалық байқауларға тарту жұмысын белсендіру де – Балқаш Орталығының курстан кейінгі кезеңде жүзеге асырылатын әдістемелік демеуді қамтамасыз ету шараларының бір саласы. Біліктілік арттыру курстарының барысында бастау алған педагогикалық жобаларды шығармашылық тұрғыдан жүзеге асыру мүмкіндігін ашатын мұндай әдістемелік іс-шараларға Балқаш өңірі педагогтері мен білім бөлімдері әдіскерлерінің белсенділігі аса мол.
Бүгінде мемлекетіміздің жаңа білім беру саясатына сәйкес педагогтердің кәсіби дайындығының сапасы мен кәсіби дамуға қолдау көрсету қажеттілігіне жалпы білім беру саласының сапасын арттырудың негізгі факторы ретінде қарағанымыз жөн. Соған орай кәсіби дамудың қажеттілігі күннен-күнге артып келе жатқан заман талабына сай Балқаш өңірі педагогтерінің кәсіби даму Орталығының атқарар қызметі маңызды да өзекті.
Байтурганова М.С.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ
инновациялық дамуды әдістемелік
қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы