«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін іске асыру мен түсіндіру жұмыстары аясында №10 мектеп оқушыларымен, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгермен кездесу.
Ұйымдастырушылар: МД ТІЖО: А.К.Кикимбаева, А.М.Курмангалиева
Мақсаты: Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін іске асыру мен түсіндіру жұмыстары аясында халық арасында Қазақстандық мемлекеттік пен отансүйгіштікті нығайту мақсатында өткізілді. Ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.
Өткізілетін орны: мектептің № 22 кабинеті
Көрнекілік құралдар: видеобейне, слайдтар, ақын туралы жазылған пікірлер, техникалық құрал — жабдықтар, аудио аппаратура.
Шақырылған қонақтар: ақын Саят Қамшыгер, журналист, Мирас Кесебаев, оқушылар, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер.
Кіріспе: Жүргізуші: Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты «Көркем сөздің жұлдызы» атты тақырыбымен Саят Қамшыгердің шығармашылығына арналған кездесуімізге қош келдіңіздер. Келесі кезекте ақынның өмір баянынан қысқаша үзінді (Видео бейне).
Жүргізуші: Бүгінгі өтіп жатқан іс — шарамыздың мақсаты – оқушыларымызды жерлес ақынымыздың шығармашылығымен таныстырып, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу.
Жүргізуші: Бүгін біздің мектебімізге қонақтар келіп отыр. Олай болса, құрметті қонақтарымызбен таныстыруға рұқсат етіңіздер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер. Аға, сізді ортаға шақырамыз. Төрлетіңіз!
Жүргізуші: Журналист Мирас Кесебаев
Негізгі бөлім: Жүргізуші: Оқушыларымыздың ақын шығармашылығынан жаттаған 5-6 сынып оқушыларының дайындаған әдеби-монтажын қабыл алыңыздар. Ақынның өлендерінен үзінді
Бақыт
Бақытты шақ-балалық кезім екен,
Өмір деген-мұңдарға төзу екен.
Жүрегіңе иманды ұялатып,
Бақыт деген бір Хақты сезу екен.
Алланы сүй, саған сый қайтарады,
Сонда ғана көңілің жай табады.
Көркем мінез танытсаң-бақыттысың,
Өмірің де гүл болып жайқалады.
Туған елім
Анық басып жүрсем де жұрт алдында,
Намысыңды туған ел, жырта алдым ба?
Аманаты халқымның-бабаларым,
Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда !
Туған елім,
Көрсеттің құрметіңді,
Өтей алар ма екенмін міндетімді?
Көңілімде көк байрақ желбіреуде,
Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!
Хат
Сен жанымда болмасаң да, біргеміз,
Бір жүргенде ажырамас іргеміз.
Саған алғаш сөз айтқандай толқимын,
хат арқылы сөйлескенде күнде біз.
Өшкенімді жандырғандай хаттарың,
Әр сөзіңді көңілімде жаттадым.
Жылағаннан артық екен күлгенім,
жоғалтқаннан көп болыпты тапқаным.
Аналар
Домалақ пен Ұлпандардай баяғы,
Аналар ғой тіршіліктің баяны.
Алыстасақ армандардай аңсатқан,
Аналардың алақаны-ай аялы!
Сақтайды оны әрбір перзент,ер есте,
Біз оларсыз шыға алмаймыз белеске.
Әр жүректе гүл алқабын өсірген,
Аналардың мейірімі емес пе?
Шығысым
Көңілімде бір мұңым бар шөкімдей,
Бала кезді кім еске алмас өкінбей?
Семей жақтан басталатын арманым
Қос жағаны жалғап тұрған көпірдей.
Шығыс жаққа сезім — өзен жиі ақты,
Шар суынан құйдым бойға ұятты.
Бірде жылдам,бірде баяу бұл өмір
Ертіс болып ағып жатқан сияқты.
Шығыстағы ырысым
Саған деген көңілім алабы кең далаңдай,
Туған жерге сағыныш сезіміне балаң бай.
Менің барлық тамырым саған келіп жалғанған,
Өскемен мен Семейім — әкем менен анамдай.
Жүрегім бар елім деп бір Аллаға сыйынар,
Ертіс, сені ойласам,
көңілге гүл жиылар.
Сенен кеткем тамшы боп,
бұл балаң да бір салаң,
Менің барлық сезімім саған келіп құйылар.
Сен кеткелі
Сен кеткелі құлазуда көңілім,
Жүрегіңмен тоқтағандай өмірім.
Қайғы-мұңға жан дүнием жаншылды,
Ал, сырт көзге күдірейген бөрімін.
Сен кеткелі көтермедім басымды,
Енді менің кім сүртеді жасымды?
Бұл дүниеде қайдан сені табамын,
«Құлыным» деп кім сипайды шашымды?!
Байынқол
Байынқол, саған келдім түу алыстан,
Жерденмін шөбі шүйгін, ұлар ұшқан.
Лайласа бәз біреулер тұнығыңды,
Жүректе айбат шегер бір арыстан.
Байынқол, сені ойласам өртенемін,
Салаңа сағынып кеп еркеледім.
Батыр боп буырқанып, тас аударған,
Өзіңдей бала кезде тентек едім.
1-оқушы. Бүгінгі дәрежеңізге жетудіңіздің құпиясы неде?
2-оқушы. Сіздің осы өнеріңіз қанша жасыңызда, қашан басталды?
3-оқушы. Ақын болу сіз үшін қиын ба?
4-оқушы: Ең алғаш жазған өлеңіңізді оқып берсеңіз?
Жүргізуші: «Тастамашы Ана» кітабынан келтірілген көріністі тамашалаңыздар, 5-6 сынып оқушылары
Жүргізуші: «Тастамашы Ана» кітабынан оқушылар монологы
9 «А» сынып оқушылары Мияткул Балнұр, Алтынбек Жібек, Болатбек Аружан, 8 «А» сынып оқушысы Мияткул Азамат
Жүргізуші: Сөз кезегі Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгерге беріледі
Құрметті қонақтар, біз үшін уақыт тауып, әңгімелесіп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге мың алғыс! Кешіміз өз мәресіне жетті.
Курмангалиева Айнур Мукашевна,
Талғар ауданы, Белбұлақ ауылы,
№10 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары