Қазіргі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына сіңіру ең күрделі міндеттің бірі. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, тілдің, халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу үйде ата-ана мен мектептегі ұстаздарына көп байланысты.
Ата-ана баланың өмірдегі ең бірінші ұстазы және тәрбиешісі. Олай болса, әрбір ата-ана өз баласын еңбекқор, елінің қамқоршысы етіп тәрбиелеуді өз парызым деп біле білсе керек. Бала әрқашан ата-анадан жылулықты, мейірімділікті қажет етеді, ата-анасын өзіне үлгі санайды. Яғни, ата-ана баланың үлкен мектебі әрі ұстазы. Жақсы қасиетті де, жаман қасиетті де бала өз ата-анасынан алады десем артық айтқандық емес. Сол себепті баланы дұрыс тәрбиелесек, қартайғанда өміріміз бақытты болады, жаман тәрбиелесек бақытсыздыққа тап болып, еліміз алдында кінәлі болған «Баланы бастан» деген қағидаға ден қойғанымыз дұрыс.
Ата-ана баланы қалай тәрбиелесе соған бейімделеді. Осы тұста мынаны еске алғанымыз жөн. Бала-болашағымыз деп әр ата-ана баласының тағдырына жайбарақаттықпен қарамай, мектеппен тығыз байланыста болғаны жөн дер ем. Себебі, әрбір баланың ұлттық тәрбиесінің қалыптасуы отбасына байланысты. Отбасында ол ана тілін үйренуді, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауды, ата-тегін біле отырып оны сезінеді. Сонымен бірге өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілік сияқты қасиеттері мектепте жалғасып ары қарай дамиды. Өкінішке орай, сондай жауапкершілігі жоғары ата-аналар кездеспей қалып, керісінше баласының немен шұғылданғысы келетінін, ішкі дүниесі не қалайтынын, мінезіндегі өзгерісін байқамайтыны мәлім болып жатады.
Мектеп – баланың екінші үйі және баланың бойына адамгершілік пен асыл қасиеттерді бойына сіңіретін орта деп бекер айтпаймыз. Ұстаздар баланың мінез-құлқындағы өзгерісті ата-анасымен байланыс жасап отыруының арқасында зерделей алады және ата-анасына бағыт-бағдар беріп отырады. Балаға тәрбие мына орталардан жұғады. Біріншісі — ата-ана, екіншісі — ұстаз, үшіншісі — достары. Ұлы педагог А.С.Макаренко: «Баланы бес жасқа дейін тәрбиелеу керек, одан кейін тәрбиелеу-қиын іс» десе, «Бала тәрбиесі мемлекеттің маңызды міндеті» деп Платон да бекер айтпаған.
Пайғамбарымыз Мұхамед (с.с) айтқандай: «баланы құрсақта жатқанда тәрбиеле» деген пікірін қолдаймын. Соңғы кезде бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналар азайып және өз міндеттерін ұмытып бара жатқандай көрінеді. Оған мысал мектеп пен ата-аналар арасындағы алшақтап,алыстап бара жатқан байланысты айта аламын. Ата-ана таңның атысы, күннің батысы жұмыстамын деген сылтауды көлденең тартып баласы үшін жиналысына да келе алмайды. Барлық мәселені ұялы телефонмен шеше аламын, қажеттілігін алып беремін, киімі бүтін деп ойласа керек-ті. Содан тәрбиенің кейбір тұстары қалып қойып отырады да, дер кезінде түзету керек жағдай ұлғайғанда оңай ғана мектепке аударып тынышталады.
Еліміздің ертеңгі ұрпағы, киелі атамекеніміздің иесі – жастар деп білемін. Олай болса, олардың тәрбесіне сіз-біз, қоғам боп араласуды міндетіміз деп қарағанымыз жөн болар. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп айтылғандай ұл ержете келе әкеден именіп, аяқ тартып батыл да жігерлі, еліне қорған болып тәрбиеленсе, қыз бойжете келе шешенің ақылына көңіл қойып, кісіге бажырайып қарамайтын сыпайы да биязы, келешек ана болатынын сезініп тәрбиеленсе үйдегі тәрбиенің мықтылығы осы екен деп қуанар едік.
Сонымен, өмірге келген жас ұрпақты саналы етіп тәрбиелеу ата-аналар мен мектептегі ұстаздарының қасиетті борышы дейміз. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақ, бала жас кезінде қалай тәрбие алса, есейгенде соны жасайды деп білген.
Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»мақаласы жарыққа шыққанынан бәрімізде хабардармыз.Онда елбасы ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырын тізбектеп көрсетті. «Әрбір қазақстандық, тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына қажетті алғышарттың бірі». Яғни, тәрбиелі ұрпағымыздың білімі сапалы болса, келешек ұрпағымыз білімді, өмірге бейімді, бәсекеге қабілетті болады деген қорытындыға келемін.
Кулумбетова Акжан Ибатбековна,
Астана қаласы,
№42 орта мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі