«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!»
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ»-нда әз Наурыз мерекесіне орай «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты мерекелік бағдарлама болып өтті.
Мерекелік кеште «Наурыз» күйі күмбірлеп, сол күйдің ырғамен «Ай» мен «Күнді» бейнелеген филиал қызметкерлері «Ұлыс оң болсын!», «Ақ мол болсын!», «Еліміз тыныш болсын!», «Берекелі жыл болсын!» деген ақ тілектермен ашты. Содан соң ақ кимешек киген «Жер Ана» бейнесіне енген қызметкер «Бұл мейрам ақтың молаятын, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін күні, көңілдің кеңитін кезеңнің бастамасы. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрам», – деп. ақ тілектерін жаудыртып, шашу шашты.
Институт директоры С. Измуханбетова институт қызметкерлерін Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, Наурыз мейрамы ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі деп атап өтіп, Өрлеу» БАҰО АҚ филиалдарынан келген құттықтаулар легімен таныстырды.
Мерекелік бағдарлама институт қызметкерлерінің бата беруімен жалғасты. Атап айтсақ, әр кафедра мен бөлім мамандары «Алыс сапарға шығу, дастархан батасы, ырза болу, қоныс тойы, жас отау, жас нәресте» сынды баталар беріп, сол батаға сәйкес шағын қойылым көрсетті. Әділ-қазылар төрағасы институт директорының орынбасары Е. Сафуллин қатысушылардың берген баталарының ұтымды шыққан тұстарына жеке-жеке тоқталып, «ұлағатты бата, ықыласты бата, өнегелі бата, үлгілі бата, берекелі бата, мағыналы бата, тағылымды бата» номинацияларымен марапаттады.
Мерекелік бағдарлама филиал қызметкерлері Сайра Кировқызының «Наурыз тойы», мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық қолдау кафедрасы «Ару көктем», Рысханым Сағынбайқызы мен Галина Мақсотқызы «Наурыз көктем» әндерін тажылжыта шырқап, көрерменнің көңілінен шықты.
Ұлыстың ұлы күні саналатын Әз Наурызды институт қызметкерлері ерекше қуанышпен қарсы алды, соңы ұлттық тағамдардан әзірленген көрмеге ұласты.
«Өрлеу» БАҰО
АҚ филиалы БҚО бойынша ПҚБАИ»