Өрлеудегі цифрлы технология
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының қазіргі таңда қоғам, мемлекет үшін өзектілігі – ел ішінде қызу талқылануда.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында: «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық…. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Бұдан бөлек, IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек», — деген болатын.
Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда цифрландыруға иек артпасақ көшке ілесе алмаймыз. Қазір өркениетті елдер цифрлы жүйеге көшіп, халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Бүгінгі таңда «ақылды технологиялар» адамзат өмірінің барлық саласына қарқындап еніп, оның ажырамас бөлігіне айналуда. Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды бағытқа алған мемлекеттердің барлығы ұстанатын жаһандық тренд, үрдіс. Бұл орайда, тартыншақтап қалуға, бөгелуге мүлде болмайды, себебі бөгеліп қалған аз ғана уақыт бізді бірнеше жыл кейінге шегеріп тастайды. Осы үрдіске бүгіннен бастап бел шешіп кірісу арқылы болашақ ұрпақтың табысты өмірінің іргетасын қалаймыз.
Халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру мақсатында Бағдарламаны іске асыру шеңберінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Филиал сайтының «Баспа қызметі» бөлімінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлеріне арналған «Ақ үрпек» электронды журналы жарыққа шығарылды.
Жыл сайын жаңарып отыратын электронды журналдан мектепке дейінгі білім беру қызметкерлеріне кәсіби кеңестер, нормативтік құжаттар мен құнды нұсқаулар, өлеңдер, жұмбақтар, ерекше ойындар, ата-аналарға кеңестер, балаларға арналған қызықты мәліметтерді таба алады.
«Ақ үрпек» электронды журналы облыстық мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне таратылып және курс барысында көрсетілуде.
Электронды журнал төмендегідей парақшалардан тұрады: «Басты бетте» парақшасында электронды журнал жөнінде қысқаша мәліметтер берілген. Сонымен қатар «Нормативтік құжаттар» парақшасында мектепке дейінгі білім беру мекемелерге қатысты нормативтік құжаттар жинақталған. «Ұстаз шеберханасы» парақшасында балаларға арналған қызықты мәліметтер келтіріліп, «Ата-анаға кеңес» парақшасында ата-аналарға баланы 1-сыныпқа қалай дайындау керектігі жөнінде ақыл-кеңестер берілген. «Кәсіби консультация» парақшасында кәсіби мамандардың ақыл-кеңестері, «Ойыншықтар әлемі» парақшасында ойыншықтар туралы қызықты мәліметтер, «Балалар кітапханасы» парақшасында балаларға қызықты өлеңдер мен жұмбақтар, «Естімеген елде көп» парақшасында әлем бойынша ерекше балалар туралы мәліметтер, «Бала тілі – бал» парақшасында балалардың айтқан қызықты әнгімелері, сұрақтары, «Балаларға базарлық», «Шебер қолдар» парақшаларында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі балалардың өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдары көрсетіліп, ақыл кеңестер берілген.
Тәрбиешілердің біліктілігін арттырып, шеберлігін көтеруде, тәрбиеленушілердің дүниетанымын кеңейтіп, шығармашылығын шыңдауда «Ақ Үрпек» журналы таптырмас құрал бола алады деген сенімдемін.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Болашақ жастардың қолында екенін жиі айтады. Қазақстан бүгінде әркімге қай саладан болмасын мол мүмкіндік туғызып отырған ел. Сондықтан цифрлық Қазақстанға қол жеткізу үшін жастарға артар үміт зор», — деген еді. Болашақ жастар цифрландыру барысынан, яғни осы үдерістен қалып қоймауы керек. Жаңашылдықты қолданып қана қоймай оны тиімді пайдалану арқылы біз бәсекелестікті арттыра аламыз. Бір сөзбен айтқанда, цифрлы жүйе әлемдік көшке ілесу үшін қажет.
Кулжанова Айдана Диярбековна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
«Қоғаммен байланыс және баспа» бөлімінің бас маманы