Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының екінші деңгей бағдарламасының мазмұны — «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?»- деген мәселені шешуге бағытталған. Оқу кезінде және мектептегі практика жүргізу барысында менің түсініп, байқағаным: коучинг үдерісі — әріптестер арасында оқыту тәжірибелерін бірлесіп ойластыру, жаңа тың идеялармен ой бөлісу, сол арқылы мұғалімдер өз жұмыстарының жекелеген салаларын дамыта отырып, анағұрлым жоғары сапалық деңгейге көтеру және іске асыру жөнінде шешім қабылдау мақсатында кәсіби білімін, игерген дағдылары мен тәжірибесін жетілдіреді. Менің мұндай пікірге келуіме өзімнің Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі әріптестеріммен бірге өткізген коучинг сабақтарымның нәтижесінде көзім жетті десем болады.
«Диалог-оқыту процесінің басты құралы» тақырыбында әріптестер арасында шығармашылық дағдыларды дамыту мақсатында өткізілген коучингте ұстаздар диалогтік оқыту дегеніміз не, әңгіменің түрлері мен ерекшеліктері, диалогтің оқыту мен оқу кезеңдеріндегі оқушылардың өзара қарым-қатынасында алатын орны жайында топпен іс-әрекеттер жүргізіп, жан-жақты шешуге тырысты. Коуч ретінде мұғалімдерге жалпы диалогтік оқу, оған қысқаша шолу жасай отырып, әңгіменің түрлеріне, оның оқыту процесінде өзара ынтымақтастық орната отырып, бір-бірін, топтың жасаған іс-әрекеттерін бағалай білудегі ықпалы, сол арқылы оқушылармен жұмыс жүргізу барысында жетістікке жетуге болатыны жайлы түсініктеме беріп өттім. Әріптестеріме сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған бірнеше жаңа әдіс-тәсілдерді айта келіп, соның ішінде «Адасқан әріптер» деп аталатын ойын — сабақ өткіздім. Оның негізгі мақсаты: ойын барысында өзара іс-әрекет ету, жұптаса отырып берілген тапсырманы білу, түсіну, алдыңғы берілген тапсырманың есте сақталу дағдысын дамыту. Онда ұстаздарға әртүрлі әріптердің қиындысын беріп, тақырыпқа байланысты сұрақтар қойдым.
Коучинг сабағының келесі бөлімінде «Көзбен көрген айғақтар негізінде сын тұрғысынан ойлау» деп аталатын тапсырмалар негізінде топтарға әртүрлі жағдайдағы жеке-жеке суреттер берілді.
Бұл тапсырманың мақсаты: суретттерге қарай отырып оны жан-жақты, әр-түрлі жағдайда сыни тұрғыдан бағалау, көзбен көру арқылы есте сақтай білу дағдысын қалыптастыру. Осы суреттер негізінде өз ойларын қағазға түсіруге уақыт беріліп, ол туралы топтың ойлары тыңдалынды. Түрткі сұрақтар арқылы жауаптары толықтырылды. Бұл тапсырмаларды орындау барысында әріптестерімнің алдыңғы коучингке қарағанда бір-бірімен біріге отырып іс-әрекет етуі, қарым-қатынас жасай отырып тапсырмаларды орындауы, әр тапсырманы сабақтың қандай кезеңдерінде қолдануға болатындығы жайында өзара ой-пікірлерімен бөлісіп отырды.
«Ауызша алынған ақпараттар туралы сын тұрғысынан ойлау» тақырыбы бойынша берілген тапсырма «Қара жәшік» деп аталынды, мұнда қорап ішіне жасырылған затты коучердің оқып тұрған шығу тарихынан бастап берілген мәліметтеріне сүйене отырып, болжау әдісі бойынша ойлары айтылып, дұрыс болғанға дейін ол зат туралы сипаттама жасалынды. Әр түрлі пікірлер айтылып, соңынан дұрыс жауабы берілді. Осы тапсырманы ары қарай жетілдіре отырып, шешілген жауаптағы затты «Блум таксаномиясы» стратегиясына сала отырып қорғап шығу керектігі тапсырылды. Осы тапсырма аясында жасалынған іс-әрекеттер барысында да әріптестерімнің жаңаша оқыту процестеріне, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуда сабақ кезінде осындай тектес тапсырмаларды құрастырып берсек те болады екен -ау деген ойлары туындады.
«Оқыту үдерісіндегі кедергілерді анықтау және оны шешу» деп аталатын келесі коучингті таңдап алғандағы мақсатым: оқыту процесінде кездесетін кедергілерді анықтау және оны шешу жолын белгілеу деп алдым. Коучингте «Қашықтықтан басқару» тренингісін пайдаландым. Ортада бір-біріне арқасын беріп отырған екі мұғалім он жолақ қағаздан бірі нұсқаушы ретінде фигураны жасау жолын баяндаса, екіншісі орындаушы ретінде сол фигураны жасап шықты. Нұсқаушының баяндауы бойынша төрт бұрышты фигура бейнесі шығу керек еді, бірақ дәл олай болмады. Соңында қатысушы әріптестерімнен жасалынған суреттерде айырмашылық бар ма, не себептен ондай алшақтық пайда болғандығын, сондай-ақ тапсырманы орындау барысында сіздерде қандай кедергілер болды деп сұрадым. Тапсырмаға қатысушылар мен бақылаушылар тарапынан төмендегідей пікірлер айтылды.
-себебі нұсқаушыны орындаушы толық түсінбеді.
— берілген нұсқаудың нақты, түсінікті болмауы.
-нұсқаушы жылдам айтқандықтан үлгермей қалды-деген сынды пікірлер айтылды.
Коучтер — бұл белгілі бір мақсатқа немесе дәрежеге жеткен және ары қарай дамып, өзіне және өзгелерге жаңалық ашуға дайын адамдар. Олар өзінің белгілі бір қасиетін өзгерткісі келетін адамдар, мысалы өз жұмысын әлде қайда тез және жеңіл атқаруға немесе өзінің өмірін өзгертіп, өзіне пайдалы және ұнамды істер жасауға көбірек бос уақыт бөлгісі келетіндер. Яғни, негізінен өз өмірін жақсы жаққа қарай бұру! Өз қызметінде жетістікке жету үшін тәлімгерге үдерісті білу және түсіну қажет, сонымен қатар коучинг өтетін мәнмәтінге сәйкес келетін әртүрлі стильдер, дағдылар мен техникаларды жақсы меңгеруге тиіс. «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол» деп тұжырымдама жасаған Махатма Ганди айтқандай мен осы екінші /негізгі/ деңгей бағдарламасы бойынша алған қосымша біліктілікті арттырудағы білімдерім арқасында өзімде де, қызметімде де өзгерістер бола бастады, бұрынғыдай мұғалім ғана емес сонымен қатар өзімнің басқа адамдарға да қажет екенімді түсіндім.
Сөзімді қорыта келе айтарым, коучинг бұл — бүкіл проблеманың жалғыз да тиімді шешімі болмайды, дегенмен, сол проблемаларды барынша ұтымды шешуге үлкен мүмкіндік ашатын тиімді технология!
Баубекова Нұрсәуле Әлімханқызы
Шымкент қаласы, физика-математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
география пәнінің мұғалімі