Home » Баяндамалар » Коммуникация білім беру саласының базалық мазмұнын дамыту жолдары

Коммуникация білім беру саласының базалық мазмұнын дамыту жолдары

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы №18 «Мереке» балабақшасы «Балапан» бағдарламасы аясында сәуір айының 17-інші жұлдызында сәбилерге есігін айқара ашты. Балабақшаның тәй-тәй басып, алға қадам жасауына да 2018 жылдың сәуір айында 5 жыл болғалы отыр. Бүгінгі күнге дейін мекеменің педагогикалық ұжымы жастығына қарамастан барлық өтіп жатырған іс-шараларға өз үлестерін қосуда. Білім Заңын, ҚР Үкіметімен бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, үлгілік жоспарларын, жалпы білім беретін оқу бағдарламасын, ҚР-ның мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны әртүрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы кірістіру жолдарымен іске асырылатын: «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» бес білім беру саласына негізделген. Олай болса, бала тілін қандай жолдармен дамытуға болады? Тіл – табиғаттың үлкен сыйы. Тіл арқылы адамзат тілдесудің үлкен мүмкіндіктеріне қол жеткізеді, қарым-қатынасын біріктіреді және көзқарастарын қалыптастырады. Дүниенің қыр-сырын танып білуге жол ашады. Сондықтан тілдің дамуына әсіресе, мектеп жасына дейінгі бала тілінің дұрыс қалыптасуына ерте бастан ерекше мән берген жөн. Сондықтан баланы балабақшада оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасында белгіленген оқу іс-әрекеттерінің көп уақыты балалардың тілінің дамуына, көркем сөз өнеріне баулуға, мәнерлеп сөйлеуге, тіл мәдениетіне жұмсалады. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі жүргізілуі тиіс. Баланың тілін дамытуда Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатын да басшылыққа аламыз. Осындай жұмыстарды өткізу үшін ең алдымен материалдық техникалық базаны толықтыруымыз қажет. Сондықтан білім беру салалары бойынша әдістемелік бұрышты, яғни көрнекі және үлестірмелі құралдармен қамтамасыз етуіміз керек. Балалардың тілін дамыту үшін қолданылатын әдіс-тәсілдерге тоқталатын болсам:

1.Сахна ойындары: оның барысында қажетті дыбысқа байланысты сөздер, сөйлемдер бірнеше рет қолданылады, ір кейіпкерді сөйлете отырып, балаларға қайталату. Халықтың асыл қазынасымен сәбилерді сусындату, ертегілерді пайдалану арқылы жүзеге асады. Ертегі мазмұнына сәйкес кейіпкерлерге, яғни рөлдерге бөліп драматизациялау, қуыршақ, көлеңке, үстел үсті, саусақ театрлары – балалардың асыға күтетін нәрсесі болып табылады. Бұл жұмыс түрлері арқылы сәбилердің байланыстырып сөйлеуді дамиды, сөз қоры молаяды, әртістік қабілеті жоғарылайды. Балабақшаның барлық топтарында шағын сахна және балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес театр түрлері жасақталған.

2.Баланың тілін дамытуда қолданатын тәсілдеріміздің екінші түрі – ол бағдарлама бойынша өткізілетін шығармалардан тіл ұстартуға қажетті шумағын алып пайдалану. Сол шумақ қай ертегіден, қай өлеңнен алынғанын сұрап, жауабын алу арқылы сөйлесуді дамытудан игерген білім дағдыларын бекітеді,әрі қайталайды.

3.Үшінші тәсіліміз – ол сөйлеуді дамыту, сауат ашу, орыс, ағылшын тілдері оқу қызметтерінде сөздің дыбыстық жағын анық айтуға жаттықтыруда шағын әңгіме, ертегілерді мәнерлеп оқып беруге болады. Балабақшаның озық тәжірибелі ұстазы, қалалық «Үздік десант сабақ – 2014» байқауының жеңімпазы Айнабат Жегенбаеваның бала тілін дамытуда көптеген әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Ол оқу жылының басында тілдері з, р, с, ш дыбыстарын айта алмайтын балаларға дыбыстарды дұрыс айтқызу мақсатында ойын-жаттығулар, тақпақтарды айтқызып үйретеді. Мысалы, әр жұмысын жүйелі жүргізу арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Тілдік қатынастың ең маңызды түріне ауызша сөйлеп үйрену жатады. Ол болса сөздерді байланыстырып айту арқасында жүзеге асады. «З» дыбысын бекіту мақсатында А.Райымқұлованың «Ауыл маңында» өлеңін айтқызды.

Ауыл маңы саз, саз-саз,

Жайылады қаз, қаз-қаз

Тоймай қалса қаз, қаз-қаз

Шашқан дәнің аз, аз-аз деп, дыбыстарды меңгерту барысында ассоцация әдісін қолданады. Сонымен қатар, бұл мақсатта балабақшаның жас мамандары Гүлбану Кемелханова мен Жұлдыз Камалованың да өткізетін жұмыстары да ерекше. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Серік Қадырмағамбетұлы сұрақ-жауап әдісін пайдалана отырып, белгі беретін карточкаларды ұтымды қолданады. Бұл кезде балалар орыс тіліндегі сөздердің айтылуын тез ұғады. Орыс тілі мұғалімінің басты ұстанымы үш тұғырлы тіл саясаты болып табылады. Бұл ұстазымыз орыс тілі қызметінде ағылшын тіліндегі сөздің аудармасын айтып, баланың сөздік қорын молайтады. Осы балабақшада үш жылдан астам тәрбиеші жұмысында жүрген Айнагул Азилбаеваның да бала тілін дамытуда қосар үлесі мол.

  1. Төртінші тәсіліміз – ол көркем сөз шеберлерінің таспаға жазылған үндерін, мәнерлі дауыс ырғағын тыңдату. Бұл тұрғыда да жұмыс барысында теледидар, магнитофон, интербелсенді тақтаны пайдалану арқылы нәтиже көруге болады. Балабақша тәрбиешілері Меруерт Джумагалыева, Зира Тургунбаева, Куләнда Молдақадыровалар осы тәсілдерді кеңінен пайдалану арқылы балаларды көркем сөйлеуге үйретеді.
  2. Келесі тәсіл – ол дидактикалық жаттығулар жасау. Балабақша тәрбиешілері Маржан Қалиева, Ажар Төкенова, Алмагул Балабатыровалар «Ғажайып қалта», «Не өзгерді?», «Малдың төлін ата», «Не артық?» және тағы да басқа үстел үсті ойындарын өткізе отырып, баланың сөз қорын молайту және сөздің дұрыс айтылуына көңіл бөледі. Сонымен қатар, сюжетті-рөлдік ойын барысында да баланың сөйлеу мәдениеті қалыптасады.
  3. Тағы бір тиімді тәсіл – ол жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылтпаштарды айтқызу арқылы қажетті дыбыстарды бекіту. Бұл тәсіл оқу қызметтері, оқудан тыс уақыттарда пайдаланумен қатар түрлі балабақшаішілік сайыстарда да көптеп қолданылады. Мысалы, «Алтын күз», «Жұлдызды сәт», «Тәуелсіздік –ел тірегі», «Алтын жүректі ана» және де тағы басқа іс-шараларды атауға болады. Балалардың сабаққа қызығушылығын арттыру мақсатында, әртүрлі заттарды, соның ішінде асықтарды көптеп пайдаланылады. Көп жауап айтса, сонша асық жинайды. Соңында көп асық жинаған бала жеңімпаз атанады.
  4. Ең тиімді тәсіл – ол саусақ ойыны. Саусақ ойыны – ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі қазақтың ұлттық ойыны. Саусақ ойыны – саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең, тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашылады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс-қимылына қарап, бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Осындай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, бала тілін дамытуға, яғни байланыстырып сөйлеуге, сөз қорының молаюына, сөздерден сөйлем, сөйлемнен мәтін құрауға, өз ойынан шығарма құрастыруға, суретке, затқа қарап әңгіме құрастыруға, сипаттауға үйретуге болады.

    Сонымен, №18 «Мереке» балабақшасының педагогикалық ұжымы егеменді еліміздің салауатты да саналы ұрпағын тәрбиелеу өздерінің бар білімін, күш-жігерін аянбай жұмсай отырып, болашақта бұдан да биік шыңдарды бағындыра алатынына сенімді. Ұлы адамдар өз ескерткіштерінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады. Болашақ ұрпағымыз мүсінімізді соғатындай өз ескерткішіміздің тұғырын биікке орната алатын, ұлы ұстаз болайық, әріптестер!

Ожахаева Айтбиби Бакеновна,
№ 18 «Мереке» балабақшасының МКҚК директоры,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.