Мақсаты:
- Қазақ халқының ұлттық тәжірибелері мен тағылымдарының мол қазынасына шолу;
- Оқушылардың ой-өрісін дамыту, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыру;
- Оқушыларды парасат-білімге тәрбиелей отырып, рухани өмірдің әдемі әлеміне жетелеу.
Көрнекіліктер: Презентация, киіз үйдің макеті, қолөнер бұйымдары.
Барысы:
«Сарыарқа» күйі ақырын үнтаспадан ойнап тұрады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Киіз үй – ғаламның моделі. Бүкіл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Киіз үйдегі кеңістік – қазақ дүниетанымының тоғысқан жері. Рухани мәдениет ретінде қарастырсақ киіз үй баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып тұратын киелі орын.
Киіз үйді рухани мәдениет тұрғысынан зерттеулер жүргізілуде. Киіз үйдің киесі жөнінде Ақеділ Тойшанұлының еңбектерінен оқып, білуге болады.
1-оқушы:
Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңінен үзінді оқиды.
2-оқушы:
Киіз үй ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға өте ыңғайлы. Ішіне жарық жақсы түседі. Ауа алмасуы талапқа сай. Жел мен дауылға көп шайқалмайды. Берік, төбесі жадағай емес, күмбез болып келгендіктен жаңбыр өтпейді. Жинап, құруға оңай. Қыста жылы, жазда салқын болады. Көлеміне, сыртқы кейпіне қарай әртүрлі болып келеді.
Мұғалім: Киіз үйді кезінде Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан сынды ғалымдарымыз зерттеген. Бірақ олар киіз үйді заттық мәдениет тұрғысынан ғана қарастырған. Олай болса, осы киіз үйді жіліктеп көрейік.
3-оқушы: Кереге – киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын желі, ал керегелік желінің ең ұзынын – ерісін, қысқалауын – балашық, ең қысқасын – сағанақ деп атайды. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны үй көлеміне қарай көбейе береді.
4-оқушы: Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың жоғары түзу жағын қары, шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау дейді. Уықты күннің шашырандысы деп ұғыңыз.
5-оқушы: Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың
дөңгелек шеңберін тоғын дейді. Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз – қаламдықтар теседі. Түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын-шашын іркілмеуі үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды.
Мұғалім:
Шаңырақ – отбасының нышаны. Қазақ үйдің киесі шаңырақтан бастау алады. Шаңырақ – күннің символы. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемейді. Өйткені ұлы іс атқарылып жатқанда үнсіздік орнауы керек. «Жеті уық шаншылғанша жетесіз ғана сөйлейді» — деген осының дәлелі.
Киіз үйдің басқа бөліктері ескіруіне байланысты немесе басқа себептермен ауыстырылғанымен, шаңырақ ешқашан ауыстырылмайды. Шаруамен келген адам міндетті түрде, шаңырақты сыйлап тізе бүгуі тиіс. Сондай-ақ, шаңырақ өзінше астрономиялық құрал.
Шағын бейнеролик көрсетіледі.
6-оқушы: Ошақ. Шаңырақтың астында ошақ орналасқан. Ошақ – адамның оты. Адам неғұрлым отқа, яғни асқа жақын болса соғұрлым өмірі ұзақ болады. Сондықтан, көшпенділер үшін ошақ – тіршілік ордасы. От қазақ үшін қасиетті де, киелі. Ошақ шаңырақтың тек геометриялық қана емес, сонымен қатар ұйымдастырушылық ортасы. Қазақ тұрмысының аса маңызды қырлары ошақпен байланысты.
7-оқушы: Сықырлауық – кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік қызметін атқарады. Ол табалдырық пен мңдайшадан, қос босағадан және жарма беттерден тұрады.
Мұғалім:
Киіз үйдің есігі шығысқа қаратылады. Бұл күннің сәулесі үйге бірінші түссін дегенді білдіреді. Есікке қарама-қарсы бетте – төр. Төрдегі адам төрелік айтады.
8-оқушы: /Киіз үйдің макетін құрады/
Киіз үйді тігу үшін, ең алдымен, ауыл азаматы сықырлауықты ұстап тұрады. Одан соң оң босаға жақтан бастап кереге керіліп байланады. Кереге құрып болған соң ауыл азаматтарының бірі /ер азамат болуы керек/ бақанмен шаңырақты ортаға көтеріп ұстайды. Осы кезде қыз-келіншектер уық шаншып байлай бастайды. Киіз үйді тігуге ауылдағы бар жастар ұйымдасқан түрде қатысады.
9-оқушы: Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар пайдаланады. Жеке-жеке тоқталып шығады. Таңғыш, бас арқан, шалма, желбау, басқұр, үзік бау, бел-бау.
10-оқушы: Киіз үйдің шилері мен туырлық, түндікке тоқталып өтеді.
11-оқушы: Үй жиһаздарына тоқталып өтеді. Абажа, кебеже, әбдіре, ағаш төсек, асадал, жастықағаш, адалбақан, жүкаяқ, сандық.
12-оқушы: Төсеніштерге тоқталып өтеді. Алаша, бөстек, киіз, сырмақ, түскиіз, қоржын, аяққап. Көрпе, дастархан туралы да айтылады.
Осы жерде оқушылар ұлттық тағамдар туралы, ұлттық аспаптар, зергерлік бұйымдар туралы білгендерін ортаға салады.
Музыкалық номер: Сынып қыздарының орындауында қазақ биі.
Мұғалім:
Әр киіз үйдің адам сияқтысипаты бар деп есептелінеді. Оның түрлі бөлшегіне адам денесіне сәйкес келетін аттар берілген. Мәселен үйдегі ошақ-орынды кіндік дейді, қабырғалары – бөксе, керегенің ішкі бөлігі – қарын, уықты байлап күмбезделе бастаған тұсы – иық, шаңырақта уыққа байланған тесіктер – көз, киіз үйдің ағаш каркасы – қаңқа, ал қаңқаны орайтын киіз бөлігі жабу, яғни киім.
Киіз үйдің сыртқы пошымы – жарты шарға ұқсайды.
Жер шарының қай нүктесінде тұрсаң да, тас төбеңнен тұтас шар емес, соның тең жартысы болып табылатын жарты шар төніп тұрады. Сонау бір ғылымы жоқ замандарда ата-бабамыз бұл қағиданы қайдан білген деген заңды сұрақ пайда болады? Сол заманның өзінде-ақ ата-бабамыз киіз үйдің әр уық арасынан өткен күн сәулесіне қарап уақытты дәл өлшеген.
Осылайша, кәдімгі киіз үйдің іші мен сыртынан күллі әлемнің келбетін көргендей боласыз.
Киіз үй белгілері мемлекеттік рәмізде де көрініс тапқан.
Киіз үйге қатысты қазақта нақыл сөз, тілектер, ізгі ниеттер, салт-дәстүрлер көптеп кездеседі. Олардың әрқайсысының тәрбиелік мәні зор. Солардың бірнешеуін сұрақ ретінде оқушыларға қоюды жөн көрдім.
- Босаға – екеу. Оң жақ босаға және сол жақ босаға. Сол жақ босағаға саба, мес, кебеже, т.б. қойылады. Сол жақ босағаға келген дүниені қалымдар «құт» категориясымен белгілейді. Ал оң жақ босаға туралы не айта аласыз? Жауабы: Оң жақ босаға еркектің символы. Оң жақ босағаға ер-тұрман, ат әбзелі, бүркіт қойылады. Оң жақ бір әлеуметтік сатыдан екінші әлеуметтік сатыға немесе бір әлеммен екінші әлемге өткізетін көпір іспеттес. Мысалы, босаға аттап түскен келін оң жақ босаға арқылы кіреді.
- «Керегең кең болсын, екі босағаң тең болсын» — деген сөздің астарында не жатыр. Жауабы: бұл тілектің астарында әке-шешең аман болсын деген астарлы сөз жатыр.
- Киіз үйдің есігі қай жаққа қаратылып тігіледі? Себебі.
- Ертеректе шаңыраққа үрленген қарын байлап қоятын болған, оның себебі неде? Жауабы: Оның мәнісі құт құйылады, тоқшылық болсын.
- Киіз үйдің төріне ақ пен қара түсті сырмақ төселеді. Мәнісі неде? Жауабы: Төр ақ пен қараның ара жігін ажырата алатын адамның орны.
- Шаңырақтың төрт күлдіреуіші нені білдіреді? Жауабы: 4 тарапты
- «Шаңырақ көтерді» дегенді қалай түсінесіз?
- «Шаңыраққа қара» дегенді қалай түсінесіз?
- «Шаңырағы ортасына түсті» дегенді қалай түсінесіз?
Оқушыларға шығармашылық тапсырмалар беріледі:
«Қара шаңырақ» деген тақырыпта топтық жұмыс. Бір топ постер жасап қорғайды, екінші топ эссе жазады, үшінші топ өлең шығару.
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Сөзімді Нұрсұлтан Әбішұлының мына сөзімен аяқтағым келеді: «Әр халықтың өміріндегі имандылық пен дәстүрлерге назар аудару керек. Мәдени дәстүрлер қашанда әлеуметтік өмірдің қайнар көзі».
Есимбекова Гүлдана Алтынбекқызы,
№177 жалпы білім беретін мектеп мұғалімі,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы