Home » Біле жүріңіз » КЕҢ ТЫНЫСТЫ ШЫҒАРМА

КЕҢ ТЫНЫСТЫ ШЫҒАРМА

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы аясында

Журналистика факультетінің 2-курс студенттері «Мәтін жазу машығы» міндетті пәнінде ақын әрі суреткер Олжас Сүлейменовтың «АЗи Я» кітабын жан-жақты талқылаған еді.
Римма Жақсылықбаева: Өз дәуірінің суреткері Олжас Сүлейменов – Дантедей Антика мен орта ғасырдың тарихын,  түнек дәуірлердің тыныс-демін де білсем дейтін ақын. Ол көне шумер тілінен түркі сөздерінің сілемдерін тапты. Бағзы түркілер мен этрустерді туыстастырды. Нәтижесінде, 1975 жылы дүниеге әйгілі «АЗи Я» кітабы келді. Қайраткер ақын уақыттың әр кезеңдегі реңдерін белуардан кешіп, сол бір «АЗи Я» еңбегінде егжейлеген ой-мақсатын тарихи көкпардан алып келе жатыр. Осы орайда «АЗи Я» кітабы жайындағы өз пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар.

Аружан Қаратаева: – Белгілі ақын-жазушы, саясаткер әрі дипломат, көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері – Олжас Сүлейменовтың “Аз и Я” туындысы “Игорь жасағы туралы жырды” талдау негізінде жазылған, түрлі ғалымдардың пікірлері келтіріліп танымдық, тарихи шығарма ретінде жарыққа шықты. Алайда, “Аз и Я”-ның түп мақсатын түсінбеген өзге ұлт өкілдері жазушыны орыстардың тарихын, тілін жоққа шығарды деп айыптай бастады.  Себебі, автор “”плесень” сөзін қазақтың “білесің” немесе “дебрь кисань” сөзін “темір кісен” деп аударады. Бұл болса, Русь пен Даланың арасындағы алғашқы байланыстың белгісі. Мұны автордың өз сөзімен айтқанда: «Кейбір өркөкірек, ұлттық намысы қозғыш шамшылдарға қатты батқаны: көне орыс ескерткіштеріне басқа ұлт өкілінің талдау жасап, пікір айтуы. Олардың ойынша мұндай зерттеу, мұндай пікірді, әсіресе славян түркі халықтарының көне мәдениеті және олардың өзара қарым-қатынасы туралы әуелгі пікірді басқа ұлттың өкілі емес, тек орыс халқының өкілі ғана болатын».  Уақыт өте келе, туындының мақсаты халық араздастығын тудыру емес, керісінше байланыс орнату, өздері білмеген тарих беттерін ашып беру болды.

Назым Самет: – «Игорь жасағы жайындағы жырға» талдаудан басталатын бірінші бөлімінде жырдың дүниеге келу тарихы туралы дәлелдемелер жазылған. Мысалы,  «Ұлы князь Дмитрий Ивановичке арналған сөз» (немесе тізімдердің біріне сәйкес «Задонщина») ескерткішіне және Дмитрий Донскойдың Мамайды алуына байланысты (1380 ж.) жалынды жыр жарыққа шыққан делінген. Бірақ, О.Сүлейменов жалғыз осы пікірмен шектелмей, Б.А. Рыбаков, А.С. Орлов, С.П. Обнорский, Н.К. Гудзий, А.В. Исаченко т.б. орыс  зерттеушілерінің пікірін шебер келтірген. Орыстың төл тарихын өздерінен де биік дәрежеде оқып, талдап, зерттеген қазақ баласына қызғаныш сезімінің оянуы да орынды секілді. Бұл ақыл-парасаттың, білім мен тәжірибенің бір тұлғаның бойынан табылуының әсерінен туған «таза бәсекелестік». Өйткені, «Аз и Я» жазылғанға дейін мүлгіп отырған тарихшылардың қимыл-іс әрекетке баруына, О. Сүлейменов шығармасын жоққа шығаруға талпынуына дәл осы еңбек мұрындық болған.  Қазақ тілін біле тұра халқына бір түйір жаны ашымайтын тас жүректерге қарағанда, орыс тілі арқылы Қазақстанды әлемге танытқан, жүрегі ұлтым деп дүрсіл қаққан қазақ мың есе артық емес пе?..

Балжан Халық: – Олжас Сүлейменовтың дəл осы шығармасындағы қолтаңбасынан мынаны байқауға болады:

  1. Тарихты тар мағынасында ғана емес, шынымен көлемді əрі жан-жақты талдайды. Шығарма жазылған жыл мен оқиға болған ғасырдағы тарихи кезеңдермен салыстыра отырып, дала мен русьтің жақын болуына тарихи-аумақтық мəселелер себеп болғанын көрсетеді. Бұдан біз Олжас Сүлейменовтың тарихшылық қырын байқауымызға болады.
  2. Шығарма мазмұнын оның грамматикалық, морфологиялық, лексикологиялық құрамын, көркемдік деңгейін барынша түпкілікті зерттейді. Мəселен, шығарманың «Билер» деп аталатын бөлімінде «би» сөзінің жырда «буй», «буйге», «буйым» сияқты түркі тілдес сөздерге жақын мағынада қолданылғанын, ал «куръ» сөзін тəжімəшісі сол қалпында қолдануын мағынасына терең бойламағаны деп түсіндіреді. Бұл сөзді «құр», «қора», «құрам» деген сөздерге жақын екенін айтады.
  3. Олжас Сүлейменовтың этнолог ретіндегі көзқарасын көруімізге болады. Русьтің этнологиясын, əдет-ғұрпын, ежелгі танымын, ырым-тиымдарына дейін терең білгенін байқаймыз.

«Святославтың түсі» туралы тақырыпта патшаның көрген түсінің келесі болатын сюжетпен қалай байланысты болғанын айтады. О.В. Твороговтың түсініктемелерін сынай отырып, түсте маржан көру-жылап-сықтау, қайғы десе, Святослов өзінің түсінде өліп қалғанын жəне оны аққа орап, орыс ғалымына түсініксіз əдетпен жерлегенін Олжас Сүлейменов бұл дəстүрдің мұсылман əсіресе, түркі заманына жақын дəстүр екенін айтады.  Жырдағы оқиғаны орыстың өз ғалымының сөзін алға тарта отырып, өзінің ойын қатар береді.

  1. Үшіншіден, сауатты сыни көзқарасын байқаймыз. Өз тілінде, өз ұлтының, өзі қатар жүрген ақын-жазушыларға емес, өзге ұлттың тарихы, өзге ұлттың тарихи көлемді шығармасына сауатты сыни əрі ғылыми пікірлерін біз О.Сүлейменовтың ерлігі əрі терең білімділігі деп білеміз.
  2. Орынды пікір, ғылыми тұжырым, үлкен ізденісінен, 30-ға тарта орыс ғалымының еңбектерінен дəйек келтіре отырып көлемді ой айтуынан Олжас Сүлейменов  қазақ  тарихында алғаш рет орыс тілінде  сауатты тұжырым айтуы жалпы сол жылдардағы қазақ əдебиетінен бір адым ілгері жасаған батыл қадамы десек болады.
  3. Əрбір пікірін басқа ғалымдардың пікіріне сүйене отырып берсе де, өзіндік болмыс айқын байқалып тұрады. Бір адамның ойы арқылы жалпыға ортақ ой тастайды. Бұны орысша айтқанда «подачасы» немесе оқырманға əдемі бере білуінен десек болады.

Жалпы алғанда «Азия» үлкен дүрбелең тудырғаны ғажап емес.

Ұлжан Лайық: –   Осы кітапты оқу барысында мен көп жайттарға көз жеткізгендей болдым. Мәселен,  құсбегілік  –  саятшылықтың ең көне түрлерінің бірі. Ал Еуропаға бұл кәсіп Азиядан тараған. Русь патшалығындағы құс төресі, қасиеттісі – сұңқар. Тіпті Рюрих әулетінің таңбасында сұңқар бейнеленген. Сұңқар алып құс аулаған, сонымен бірге ерекше ықыласпен күтім жасаған. Осы бір тұста айтарымыз Азия елдерінің көптеген елдерінде де сұңқар қасиетті саналған. Бізде болса құс төресі – бүркіт. Ал сұңқар өз ұясын дәл осы бүркіттен қорғайды екен. Бұл да бір сәйкестік болар…

Бұл жырдың көшірме нұсқаларында бірізділік байқалмайды.. Көшірмешінің түркі тілін білуі тым нашар. Дегенмен жырда кездесетін түркі сөздері баршылық. Мысалы, Всеволодтың лақап аты «буйтурды» алып қарасақ.  Жылнамаларда бұл жауынгердің батырлығын анық атап көрсеткен. Бұл түрік этимологиялық сөздігінде (батур,боотур,богатур,богатырь) болып түсіндіріледі.

Святослав Киевский Игорьді үш рет «буим»  деді. Бұл сөздің мағынасы атақты, белгілі сөздерімен мағыналас келеді. Түркі тілдерінде буй, би, бай, бей, бой нұсқалары билік пен құрметке ие адамдарға бағытталып айтылған. Кейбір түркі сөздері бастапқы қалпынан айнымай, тура берілген нұсқалары да кездеседі. Мысалы «аты буй» деп тағзым ету яғни «атақты», нақтырақ «аты,атағы биік» болып тәржімеленеді. «Аты буй» деген түрік сөзі мезгіл қиянатынан аман сақталып қалды. Осындай тың ой, пікірлер кітаптың әр тарауында көптеп кездеседі.

Дина Молдабергенова: – Иә, Ұлжан дұрыс айтасың. Олжас Сүлейменовтің «Азия» кітабы – бірқатар xалықтардың тариxын біршама айқындайтын, тағылымы мол еңбек. Мысалға, түркі xалықтарына ортақ мұра «Орxон-Енисей» тастарындағы жазу 1893 жылы Томсонның ашылуынан кейін зерттеле қойған жоқ. Бірқатар шетел ғалымдары ол жазуларды 5-6 ғасырға жатқызып, жабулы қазанды ашқызбады. Осы жайлы көптеген адамдардың танымын кеңейтетін «Азия» кітабында, түркі және үндіевропалық тілдердің ара-жігі ажыратылады. Жазу-сызудың шыққан жері ретінде қарастырылатын бірқатар мемлекеттердің, түркі xалықтарынан кейін ғана осы қатарға қосылғандықтары жайлы мәліметтер беріледі.

Ғалым Вильям Джонстың: «Көшпенділігіне қарамастан, санскрит қолжазбаларымен таныса отырып, тілдік құрылымына таңырқадым: грек тілінен гөрі көп жетілген, латыннан бай»,- деп пікір білдіргендігін дәйек ете отырып, қай елдің тілі болмасын тұрақты әрі таза болмайтынын аңғара аламыз. Осы жайлы «Азия» кітабында шынайы деректер келтірілген: ағылшын тілінде роман тілінің 50%-ы, корей сөздігінде қытай сөздерінің 75%-ы кездесетіндігі жазылған. Сонымен қатар, Фасмердің » Орыс тілінің этимологиялық сөздігі еңбегінде»шығысславян сөзі –72, орыс сөздері – 93, ауысып келген сөздер – 6304, анықталмаған сөздер – 1119 екендігі туралы нақты ақпараттар берілген. Демек, осы сынды деректер мен дәйектерді арқау ете отырып, автор: » Қай xалықтың тілі болмасын 100 пайыз таза болмайды»,-деген тұжырымдамасын дәлелдеп отыр. Көптеген зерттеулер мен ізденістер барысында жазылған, «Азия» еңбегінің қай ғасырда болмасын орны бөлек, берері мол.

Мәлік Әсел: – «Аз и я» кітабынан «Шат шадыман елі де, қаласы да», «Неке», «Көшпелілер мен орыстар. Төрткіндер, торктер», «Тілдегі некелік құжаттар» мақалаларын талдау барысында Олжас Сүлейменовтың әдеби тұлға ғана емес, керемет тарихшы екенін; әрбір тарих бетінің құпияларына терең үңіле білетіндігін; шығарманың желісіне жасырылған патриотизмді байқадық.

Римма Жақсылықбаева: Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я»-сынан қандай тың жаңалықтарға тап болдыңыздар? Ой елегінен өткізетіндей ұтымды ғылыми тұжырымдар кездесті ме?

Алтынай Жұматаева: Олжас ақын «Игорь жорығы туралы аңызды» зерттеп, «Жартылай түркі тілінде жазылған»,-деген ойын ашық жеткізген болатын. Мәселен, «Биік төре» бөліміндегі «буйтур» сөзі «батыр» сөзінің этимологиясы ретінде қарастырылған. Бір естіген адамның құлағына түрпідей тиіп, тіпті сенбеуі де мүмкін.

Алайда, жырды оқу барысында бұл сөздің астарында шындық бар екендігін аңғаруға болады:
«…Игорь ждеть мила брата Всеволода,
И рече ему буйтурь Всеволодь».

Всеволод – жалқы есім. Ал оның алдындағы сөздің етістік болуы мүмкін емес, зат есім немесе сын есім болуы тиіс. Осыған сәйкес, «буйтур» сөзінің мағынасы «батыр» сөзіне жақын екендігін ұғынуға болады.

Жансая Мұхат:  – Өткен ғасырлардағы елеулі оқиғаларды білуге деген қызығушылығымды оятқан Олжас Сүлейменовтың  «Аз и Я» атты жинағына зер салып қарай отырып ондағы тарихтың тамыры тереңнен бастау алатындығын байқаймыз. «Тарихшы мен тарих», «Соғыс пен бейбітшілік» мақалаларынан автордың ғалымдық, ұлтшылдық қасиеттерінің басымдығын аңғарамыз.

Алтынай Бажанова: – Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабының      екінші бөлімінде “Тәңірге табыну” атты мақаласында: «Тәңірді –түркілер барлықты жаратушы “объективті идея” ретінде қарастырса, жер-су – тіршіліктің тірегі»,- деп көрсетіледі. Бұлардан басқа көне түркілердің наным-сенімдерінде әйел-құдай – Ұмай ерекше құрметтелген. Тоныкөк құрметіне орнатылған ескерткіште: “Көк, Ұмай құдай, қасиетті жер-су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек!”, — делінеді. Кітап көп жылғы тілтану ізденісінің ғылыми негізі іспетті.

Дәметкен Масқар:  – «Аз и Я» шығармасында маған ұнағаны – көшпенділер мәдениетінің ерекшелігін суреттеген бөлімі болатын. Батыстағы әдебиетте ғұндар талай уақыт бойы жабайылықтың баламасындай болып бейнеленді. Ақиқатында сол замандағы герман тайпалары әлеуметтік, мәдени дамуы жағынан Еуропаға келген ғұндардан көп төмен тұрған. Германдықтар ғұндардан тұтас дүниетаным жүйелерін қабыл алған. А.Плетнева сияқтылардың көшпенділерге мәдениет жат деген сөзінің түкке тұрғысыз екендігін тек Эрмитаждағы скиф алтын өрнектері-ақ даусыз дәлелдей алады. Ал олар классикалық көшпенділер ғой.

Ақбота Мұхамбетәли:  – Олжастың  «АЗиЯ» кітабында бір көзге түскен қыры  шығарма тарихына зер салып қарауы және  Славяндар мен Түркілер арасындағы кикілжің  тарихын адамдардың өзінше бұрмалап алғандығы жөнінде ой тастайды.

Олжас Айдарбеков:  – “АЗ и Я” кітабының ел назарын ерекше ау­дар­ғанының басты себебі – менің “Игорь жасағы жайындағы жыр­дың” ең алғашқы қостілді оқырманы бол­ғандығымнан. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Жырда “Се уримъ кри­чатъ подъ саблями по­ловецкыми” деген жол бар. Монолингвист аудар­машылар оны “се у Римъ” деп оқыған. Сонда немене, Кончак қыпшақтары Римге дейін барған ба? Енді Русь жерінен Рим деген қала іздей бастаған. Одан кейін Мәскеуді кезінде “третий Рим” деп атағанын еске түсір­ген. Одан да болмаған соң Переяслав князді­гін­дегі Римов деген қаланы еске түсірген. Ал енді қос тілді оқырманның көзімен қарасаңыз бәрі оп-оңай орнына келе қалады. “Уримъ” – кәдімгі түркі сөзі әйелдің өрім шашы. Қыпшақтар Игорь жорығынан кейін Руське қайта шапқанда әйелдердің ша­шын кескен, сөйтіп қорлаған. Қыпшақтың тарихын зерттеу саласына да бұл еңбектің қосар үлесі мол.

Гүлзада Тұрлаш: – Олжас Сүлейменовтың “Аз и Я” шығармасында “Тіл мен ғылым”, “Киіз үй  мен Лувр”, “Қателесуге еркім бар”, “Үндіевропалық тіл танымы” атты мақалалар ерекше жадымда қалды. Бұл шығарма – нағыз тарихи туынды, тың ақпаратқа толық энциклопедиялық туынды десек, артық емес.

Жадыра Оңайбаева:  –  Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы Шығыс халықтарының рухын көтерген, кейбір көне тарихи көздеріне берген түсініктемелерін ғылыми айналымға енгізген ғылыми кітабы боп қала бермек.

Назкен Скандар: – Шығарма киевтіктер мен көшпенді халықтың тарихын, Русь пен Дала арасындағы мәдени байланыстың бастауы – тіл екенін баяндайды. Сол арқылы, теңіз түбінде жатқан тарих қойнауын ашып, ерекше, көпшілік біле бермейтін деректерді ұсынды. Біріне ұнамды, біріне ұнамсыз болған бұл туынды бүгінде әлемнің үздік зерттеушілік кітаптарының біріне айналды, оны жазушы Олжас Сүлейменовтың ерекше болмысы мен кәсіби шеберлігінің, әдебиетке деген маххаббатының жемісі деп білеміз.

Гүлзат Әбдірахман:  – Иә, мен өз басым Олжас Сүлейменовтың сауатты жазушы әрі зерттеуші екендігіне “Аз и Я” кітабын оқығаннан кейін көзім анық жетті. Ол  көне славян және түркі ескерткіштерін зерттей отырып, екінші тарауда ежелгі Шумерлердің түркі халықтарымен қарым-қатынасы мен салт-дәстүріндегі ұқсастықтарды кеңінен баяндайды. Шумерлердің түркі халықтарымен  байланысын айта отырып, түркілер сол  заманнан бастап өмір сүрген деген тұжырым жасайды.

Аида Әбілова: – Олжастың  «Азия» атты  жинағына  үңіліп қарар болсақ, ондағы ойдың  тамыры, әріден бастау алады және біздің одан ұғынарымыз көп. Кітап желісі бойынша  кейінгі ұрпақтың ол жасақ жайында күмәнданбағанымен, жырды жалған деп тануы, жинақтағы кей тұстарға келіспеушіліктен туған ой болуы да мүмкін. Автор еңбегінде: «ХІІ ғасырда, Европа әлемінде «Дінсіз Қыпшақ »  Әл-Фарабиге татырлық бірде-бірде тұлға болмаған, -дейді.

Диана Кеңес: – Олжас Сүлейменовтың «Аз и я»-ның әсіресе,   Шумернама бөлімі оқырманды тың да, тылсым қиялдарға бастайды. Кітаптың соңы 1001 сөз атты этимологиялық сөздікке ұласып, бұрыңғыдан кемелдене түседі.  «1001 сөз» – жазу мен таңбаның тарихы туралы шығарма, кітап әрқилы мәдениеттің кездейсоқ, жеке дара пайда болмастан бір-біріне тығыз байланыса отырып туылатынын, дамитынын осы 1001 сөзді дәйек ете отырып дәлелдеуге тырысады.

Ақерке Жақанова: – Олжас Сүлейменовтың «АЗ И Я»  еңбегіндегі «Неке» мақаласында да тек басқа ұлт өкілдерінің де бір-бірімен неке қиюы жан-жақты баяндалады. Әлбетте олар үшін бұл дұрыста шығар, дегенмен де, қазақ xалқының бұрыннан келе жатқан 7 атаға толмай қыз алмау дәстүрі қай жағынан алып қарасақта дұрыс екеніне көзіміз жетеді. Осыдан басқа, еркек пен әйел құқығы тең деп көрсетіледі, бұл жағынан да мұсылмандардікі дұрыс. Мұсылмандардың, яғни біздің шариғатымыз бойынша ер адам қандай болса да бір саты әйел адамнан үнемі жоғары тұруы керек. Бұл Олжас кітабында жан-жақты зерттеліп, қарастырылғаны қызықтыра түседі.

Гүлаян Кенешбаева: – Әдеби жазба тіл-мемлекеттің басты белгісінің бірі. Гректер жазудың бірнеше түрін білген. Олар жазуды оңнан солға қарай оқыған екен. Жазулар суретті немесе форманы түсіндіруге арналған. Гректер, латындар ондай түсініктерді көне мысырлық бұйымдардың бетіне жазған. Солтүстік Месопотамия аймақтарын Субер деп атаған. Араға талай ғасыр сала сол бір құпия бейнені-субер деген жазуды, европалықтар солдан оңға қарай-ребус (сөз жұмбақ) деп оқыған екен.

Нұрсәуле Мейрамбай:  – Мазмұны жағынан да, құрылымы жағынан да күрделі болып келген Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегін алғашқы оқығаннан-ақ түсіну маған қиынға соқты. Себебі, ғылыми тұрғыдан алар болсақ, сан алуан ойлар мен түрлі тұжырымдарды тұшымдап көрсеткен бұл еңбек туралы әлем әдебиеті өкілдері де түрлі пікірлер айтуда. Автордың бұл кітабына сыни пікірлер мен қарама-қайшы көзқарастар көп болғанымен, ондағы мазмұндалған ойларға ешкім де нақты қарсы дәлел келтіре алмады. Сондықтан да болар, алғашынды түсіну қиынға соққан бұл еңбек, менің қызығушылығымды оята білді. Зерттеушілік, ізденімпаздық, қайта ойлау және талқылау қырлары аңғарылатын автордың тарихты баяндау тұрғысы да таң қалдырмасқа қоймайды.

Арай Жұматай:  –  ХХ ғасырдағы уланған ойға қозғау салып, жалқы ақиқатқа жол сілтеген Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я»-сы кемі екі-үш мыңжылдықты қамтитын баға жетпес тарихи туынды. Ұлттық сана-сезімнің жаңғыруына орай бірталай ғалымдар зерттеу еңбектерінде тарихи деректен жаңылысып, өткенді теріс бейнелегені рас. Сол қателіктердің көлеңкесінде зерттеусіз қалған тың тақырыптар қаншама?! Ал Олжас өз зерттеулерінің нәтижесінде бұрын-соңды айтылмаған жаңалық əкелді, бағзы шумер тілінен түркі сөздерінің сілемдерін тапты. Бағзы түркілер мен этрустерді туыстастырды.
Автор жырда Русь пен Даланың мəдени байланыстарын тауып, түркі халықтары мен славяндардың тіліндегі ортақтықты айқындайды. Мəселен, көне грек тіліндегі Riim us сөзі «Римдік іс», il-bas-i «елбасы», «мемлекет басшысы» деп айтылады. Осы тектес түбі бір сөздер зерттеліп, жаңа тарихтың негізі қаланады. Оқиғамен қатар тарихи «Жыр» негізгі төрт кейіпкер: Автор, Көшірмеші, Софоний-сүндет жəне Зерттеушінің деректерімен шырқау шегін жаңылыссыз тапқан. Аталған «Жыр» тек əдебиет, яки ғылым тілі ретінде емес, жалпы халықтарға ортақ тіл мен тарихи еңбек ретінде жоғары бағаланары хақ. Олжас Сүлейменовше айтсақ, «Аз и Я»-ны коллективті БІЗ емес, коллективті МЕН болып оқу қажет. Сонда ғана түркі, славян тектес халықтарға ортақ деректер «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», көпке тəн сипат оқырман бойынан табылады.                                      

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.