Есенжолова Нақып Кокенайқызы Қарағанды қаласының жалпы білім беретін №81 орта мектебінде 2003 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты маман. Аталған мектепте 2005 жылдан бастап бастауыш сыныптағы әжістемелік бірлестіктің жетекшісі. Бастауыш сыныптағы негізі ұстанымы: «Оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамыта отырып, ауызша және жазбаша сауаттылығын арттыру». 1984-88 жылдары Саран педагогикалық училищесін қызыл дипломмен тамамдап, 1988-1993 жылдары Қарағанды педагогикалық институтын аяқтаған. Жалпы еңбек өтілі-25 жыл. Осы жылдар аралығында бастауыш сыныптан бірнеше түлектерді ұшырған. Шәкірттерінің алды 30 жастан асқан, әр салада еңбек ететін азаматтар.
Ізденімпаз ұстаз үнемі өзінің теориялық білімін толықтырып, оқу-тәрбие ісінің қыр-сырын меңгеріп, өз тәжірибесінде қолдануда. Өз пәнін терең білетін, әдістемелік шеберлігі шыңдалған педагогтың әрбір сабағы терең білім, тиянақты тәрбие беруде жоғары биіктерден көрінеді. Осы мектеппен ғана шектелмей, 2011 жылы «Жыл мұғалімі» атты Қарағанды облысының әкімінің сыйлығын тағайындау байқауына қатысса, 2013 жылы «Бастауыш мектептің үздік мұғалімі» атты қалалық байқауға қатысты. 2016 жылы жаңартылған білім мазмұны бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша оқыту курсын аяқтаған. Сол жылы «Қазақстандық білім мазмұнын жаңарту. Нақты қадамдар: ұстаздан оқушыға» атты XVІІ аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның практикалық жұмысына белсене қатысқаны үшін сертификатын алған. Қалалық бірнеше байқауларға әділ қазы болып, үнемі қалалық оқу бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Облыстық, қалалық оқу бөлімінен марапаттаулары бар. Өз білімін үнемі жетілдіріп, «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасы бойынша сертификат алса, бастауыш сынып мұғалімдерінің республикалық дистанциялық олимпиадасына қатысып, үздік нәтиже көрсетті.
Нақып Көкенайқызының оқушылары білімінің тереңдігімен, тәртіптілігімен ерекшеленеді. Оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Ұстаз сабақтың бүгінгі күннің талаптарына сай берілуіне ерекше көңіл бөледі. Сабақты үнемі түрлендіріп, балалардың өздігінен ойлауға, салыстыруға, талқылауға, қорытынды жасауға, өздерін бағалауға үйретеді. Жаңа материалды түсіндіруді көбіне оқушылардың өздігінен іздеп табуына негіздеп құрады. Сабақта АҚТ, оның ішінде сандық жүйе сабақтары жиі қолданады. Тиімді пайдаланған ақпараттар жүйесі сабақтың сапасын, тиімділігін , арттырып, алға қойған мақсатқа жетуге мүмкіндік туғызады.
Әр сабақты әдістемелік жағынан жоғары дәрежеде жеткізу, оқыту мен тәрбие беруді, оқытудағы жаңа жолдарды іздестіру-ұстаздың басты мұраты. Нақып Кокенайқызы қоғамдық жұмыстарға да үнемі қатысады. Қалалық және Қазыбек би ауданының әкімдігінен алған алғыс хаттар оған дәлел. Мектептің көркем өнерпаздар үйірмесінің мүшесі.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға», — демекші Нақып Кокенаевна білгенін балаға үйретуден жалығатын жан емес. Тоқсан ауыз сөзді түйіндеп айтар болсақ Есенжолова Нақып Кокенаевна бала жанын оның жанарынан түсінетін жұмсақ мінезді, кең жүректі жан.
Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»