Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » КЕМЕРОВОДАҒЫ ОҚИҒА ӘРКІМДІ ОЙЛАНТУЫ КЕРЕК

КЕМЕРОВОДАҒЫ ОҚИҒА ӘРКІМДІ ОЙЛАНТУЫ КЕРЕК

Кемероводағы өрт әлем назарын өзіне аударды. Қызыл жалын салдарынан қыршынынан қиылған балалардың өлімі қабырғамызды қайыстырып -ақ тұр. Бірақ жүректері қан жылап, жақынынан айрылған жандарға жұбату айтқаннан артық қолымыздан келер шара жоқ. Көршілес Ресейде болған өрт оқиғасы еліміздегі адамдар жиі жиналатын ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігін тағы бір мәрте пысықтауға, кем-кетігі болса толықтыруға ескерту жасағандай. Бұл ретте білім ошақтарын бірінші кезекке қоюымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жыл бойына жүргізіліп тұрады. Мектебіміздегі еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі инженер Александр Халиковтың айтуына қарағанда,  бізде қауіпсіздік ережелері толығымен сақталған, ғимараттың барлық қабаттары мен жертөлесінде дыбысты дабыл белгілері орнатылған. Біз оны күнде көріп жүрміз.
-Білім ордасындағы өрт қауіпсіздігі ережелері толыққанды назарда. Әрбір кабинетте, дәлізде, барлық бөлмелерде тілсіз жауды ауыздықтауға арналған өрт сөндіргіштер, көмірқышқыл ұнтағы бар. 120 орындық интернатқа ішкі өртті сөндіру үшін су құбыры желісіне қосылған 6 өрт сөндіру краны орнатылған. Сонымен бірге, оқу бағдарламасына сәйкес, өрт қауіпсіздігі ережелері, антитеррорлық әрекет бойынша эвакуациялау жаттығулары жүргізіліп тұрады. Эвакуациялау жоспарына сәйкес, ғимараттан шығу тәртібі әрбір қабаттағы қабырғалардағы нұсқаулықтарда көрсетілген. Сол тәртіп бойынша оқытушылар (оқу-жаттығу кездерінде)сабақтарын тоқтатып, оқушыларды сапқа тұрғызып, ережелерге сай әрекет етуге әбден дағдыланған, -дейді Александр Камильевич.
Нысанда 14 тысқа шығу есігі болса, оның 11-і төтенше жағдайларға арналыпты. Олардың барлығы дүрбелең туғызуға қарсы (антипаника), оқыс жағдайда іштен құлыпталып қалмайтын, жеңіл ашылатын есіктер. Сонымен бірге, дабыл іске қосылғанда, құлыптар автоматты түрде ашылатыны тағы бар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», апатты жағдай орын ала қалса, дыбысты дабыл іске қосылып, қалай әрекет ету керектігі дауыстап хабарланады. Сонымен қоса мектепте 220 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірінші қабаттағы күзет мамандары бақылап отырып, төтенше жағдайдың қай уақытта, қай жерде пайда болғанын бірден байқай алады. Мектептің еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі бойынша инженерінің айтуынша, ғимараттағы оқушылар мен оқытушылар, жалпы, мұндағы адамдар шамамен 4 минутта толықтай тысқа шығуы керек, әрі жаттығулар кезінде осы аралықта тысқа шығып үлгерген.

 Семей қаласындағы физика–математика
бағытындағы 
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.