Home » Білім және тарих » Келешегі кемел – Қазақстан

Келешегі кемел – Қазақстан

Қазақстан – өте бай ел. Қай жағынан қарасаң да оның әсемдігіне көз жеткізесің. Табиғатының сұлулығына адам көзі тоймайды. Басынан қары кетпейтін сұлу да әсем Алатау, аспанмен астасқан Тарбағатай тауларын көрген де, көрмеген де арманда. Қызылды-жасылды оюға көмкерілген егістіктер, ұшы-қиыры көрінбейтін Балқаш пен Каспий, шынайы махаббаттың мекені Баянауыл, талай ақынның сөзіне арқау болған –Көкшетау алыстан көз тартады.

Пай, пай, пай!

Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер!

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер! — деп М.Мақатаев айтқандай, ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, соңғы демі қалғанша елімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған.

Қазақстан – ұлылардың мекені. Қазақстан – қайтпас, қайсар батырлар мекені. Аты әлемге аян болған – тәуелсіз ел. Қазіргі Қазақстан үш тілді жетік меңгерген ұрпағы бар, «Отан үшін отқа түс» деген ұранды берік ұстанған ұландары бар даңқты ел. Бүгінгі таңда ынтымағы жарасқан, қанатын кеңге жайған Қазақстан елін танымайтын мемлекет жоқ шығар.

Н.Ә.Назарбаев: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!»- деп жас ұрпақ – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы екендігін айтқан. Елімізді көгертетін де, көркейтетін де – осы жас ұрпақ, яғни сіздер мен біздер. Ал сол жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты парызы. Біздің мектепте, яғни Тараз қаласының №1 гимназиясында тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, Қазақстан тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған «Тәуелсіздік белестері» атты креативті апталық өтті. Бұл апталықта Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей кезінен бүгінгі егеменді ел кезеңіне дейінгі дамуы көрсетілді. Оқушылар бір мезетте бірі – хан, бірі – жауынгер болып киініп өздерінің тарихын көрермендерге паш етті. Сондай-ақ, «Мәңгілік ел – мәңгілік мұрат» атты арнау өлеңдер байқауы, «Мәңгілік Ел» атты сурет көрмесі, «Ұмытылмас ерлік» атты ерлік сабағы, «Ғазиз Байтасов – Халық қаһарманы» атты кітап көрмесі, «25 жылдыққа – 25 игі іс» атты іс-шара, «25 жыл. Бір Ел. Бір Тағдыр» атты қалалық фестиваль өткізілді.

Барлық іс-шаралар оқушылардың бойында патриоттық тәрбиені ояту мақсатында ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақтың ұлтжанды болуы – Қазақстанның болашағы кемел екендігін айқындайды. Туымыз биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы, аспанымыз ашық болғай!

 

Иманкалиева Еркежан,

№1 гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.