Home » Білім және тұлға » Келер күннің келбетін қалыптастырушы

Келер күннің келбетін қалыптастырушы

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық — ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың кең пейілі, әсерлі үні, салмақты, салихалы  сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлық, аналық, әкелік  сүйіспеншілік  сезімі, ыстық ықыласы есіп  тұрғандай болады. Алдыңа келген әр оқушының жан дүниесін түсініп, қателігін кешіре  білу – бұл нағыз кеңдік  емес пе?! Мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған мамандық. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Бүгінгі кейіпкеріміз Омаржанова Сабира Серікқызы Қарағанды қаласындағы № 27 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, 30 жыл еңбек өтілі бар, жоғары санатты ұстаз Сабира Серікқызы — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Сан шәкірттің санасына сәуле төккен жан мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұдайы ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Бұл орайда  адам бойынан табылуы тиіс осы жақсы қасиеттің бәрін бала бойына сіңіруде Сабира Серікқызынан асқан  шебер жоқ. Себебі, ол әр баланы, әр оқушыны жекелей құрметтейді. Осындай тәрбие көрген бала ертенгі күні ізеттің не екенін біліп өсері сөзсіз. Мұндай мұғалімнен тәлім алған жеткіншек көкжиегі кең, көкірек көзі ашық, ертеңіне сеніммен қарайтыны шындық.

Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.